Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф келіссөз өткізді. Тараптар Украинадағы соғысты аяқтау жоспарын талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Уиткофф биыл Мәскеуге осымен алтыншы рет келіп отыр. Бұл кездесуге Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер, Ресей тарапынан президенттің көмекшісі Юрий Ушаков пен тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты. Кездесу шамамен бес сағатқа созылып, Мәскеу уақыты бойынша түнгі сағат 00:30-да аяқталған. Кездесу бастапқы жоспарланған уақыттан үш сағатқа кешігіп басталған.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, кездесуден кейін Стив Уиткофф АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне барған.
"Әзірге аумақтық мәселе бойынша ортақ ымыра жоқ, алайда АҚШ тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды", – деді Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.
Оның айтуынша, тараптарды алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Вашингтон тарапынан айтылған кейбір ұсыныстар Путиннің сынына ұшырағанымен, ол кейбірімен келіскен. Ресей мен АҚШ байланыс орнатуды жалғастыруға уағдаласты. Мәскеу Трамптың 27 тармақтан тұратын жоспарымен танысты, кейін тағы 4 құжат та талқыланды.
NBC News телеарнасы ресейлік шенеунікке сілтеме жасап хабарлағандай, Ресей келіссөздерде ешқашан ымыраға бармайтын үш негізгі талап қойған. Ақпаратқа сәйкес, олардың қатарында Донбастың бүкіл аумағын Ресейге беру, Украина Қарулы Күштерінің санын шектеу, АҚШ пен Еуропаның Ресей басып алған украин жерлерін ресми түрде мойындауы секілді талаптар бар.
Тараптар келіссөздердің мән-жайын жарияламауға келіскен.