Ыстықкөлдегі сақтар қазақтар болып шықты

112

ДНҚ кодындағы дала сарыны: көрші елдегі сақ қорғандары мыңжылдықтардың жұмбағын шешті.

Ыстықкөлдегі сақтар қазақтар болып шықты

Ғалымдар 2200 жыл бұрын Ыстықкөлді мекен еткен сақ тайпаларының 9 өкілінің геномын тарихта алғаш рет секвенирлеп, сенсациялық нәтижеге қол жеткізді.

Ұзақ ғасырлар бойы ежелгі көшпелілер мен қазіргі этностар арасындағы тікелей тамырластық академиялық пікірталастардың тақырыбы мен халық арасындағы аңыздардың арқауы болып келген еді. Алайда палеогенетика саласындағы соңғы ашылымдар – беделді Scientific Reports (2026) жорналында жарық көрген зерттеу бұл ғылыми түйткілге кесімді нүкте қойғандай.

Қырғыздың Боз-Бармақ қорымынан алынған сақтардың ДНҚ-сы ежелгі қауымның әлеуметтік құрылымын ашып қана қоймай, Ұлы даланың байырғы иелерін бүгінгі қазақтармен және Еуразияның өзге де халықтарымен байланыстырып тұрған бұлтартпас генетикалық тінді тапты.

Боз-Бармақ жаһанға тосын сырды жайып салды

2022 жыл. Қырғызстанның Балықшы қаласы мен Қошқар ауылы арасында теміржол құрылысы қолға алынған кез. Жер қазу жұмыстары басталмас бұрын ол аумақты алдын ала ғалымдардың зерттейтіні – мемлекеттік талап.

Асқар таулар көмкерген Ыстықкөлдің жанынан археологтар тобы кенеттен көне некропольдің үстінен түсті. "Боз-Бармақ" деген атау берілген бұл қорым диаметрі 7-ден 10–14 метрге дейін жететін, биіктігі бір метрге жуықтайтын қорғандардан тұрады.

Зерттеушілердің байламынша, біздің заманымызға дейінгі IV–II ғасырларда бұл жерге жергілікті сақ элитасының беткеұстарлары жерленген. Бұл бейіттердің көбін бұған дейін тонаушылар бүлдіргеніне қарамастан, ғалымдар ол жерден тарихтың таптырмас кілтіне айналған аса құнды биоматериалды ала алды.

2026 жылғы шілде. Вена университетінің зерттеушісі Мартин Кульвильмнің (Martin Kuhlwilm) жетекшілігімен Австрия, Қырғызстан және АҚШ палеогенетиктерінен, сондай-ақ Қазан федералды университетінің ғалымдарынан құралған халықаралық альянс 12 адамның сүйек қалдығын зерттей келе, қызықты қорытынды жасады.

Төзімділік пен жоғары технологияның арқасында ғалымдар 9 тұлғаның – алты әйел мен үш ер адамның геномын сәтті бөліп алып, толық "оқып" шықты. Қазіргі заманғы биологиялық модельдеу ежелгі сақ қоғамының ішкі құрылымын қайта тірілткендей болды.

Қорытындылар не дейді? Біріншіден, І-ші дәрежелі жақын туыстар (ата-ана, бала, туған бауырлар) табылмады. Есесіне, ІІ-ші дәрежелі туыстардың үш жуыбы (тәте/аға мен жиен, атасы мен немересі) және ІІІ-ші дәрежелі туыстардың үш жұбы (немере бауырлар) анықталды. Ғалымдардың пікірінше, бұл Боз-Бармақтың отбасылық зират емес, бірнеше ұрпақ бойы тұтас бір қауымға қызмет еткен, текті жайсаңдар қойылған қорым болғандығының бір дәлелі.

Екіншіден, зерттелген адамдар сүйектерінің басым бөлігінен созылыңқы гомозиготалы сегменттер кездеспеді. Бұл сақтарда инцест пен инбридингтің, яғни, жақын туыстық некелердің болмағанын білдіреді. Тек үш жағдайда ғана ерлі-зайыптылар ортақ отау құрған алыс ағайындар болып шыққан.

Үшіншіден, әрі ең қызығы – байырғы қоғамда нәсіларалық және ұлтаралық некелер кеңінен өріс алғанға ұқсайды. Зерттелген үш еркектің барлығынан бірдей Y-хромосомалық гаплотоп – R1a1a1b2 (R1a тармағы) табылды. Ал, ана жағынан берілетін митохондриялық ДНҚ керісінше, әралуандылықты паш етті. Ер адамдар әйелдерін батысеуразиялық, шығысеуразиялық халықтардан таңдап алған көрінеді.

Тайпааралық жаһандық байланыстардың жарқын айғағы – бойында сібірлік және шығысазиялық генотиптің айқын таңбасы бар әйелдің ДНҚ-сы. Ол Ыстықкөл жағасына сонау қиыр өлкеден келіп, мәңгілік мекенін қырғыз жерінен тапқан екен.

Киелі сақ қанының формуласы: қорған иелері қайдан келді?

Ал, ер адамдар қайдан шыққан? Боз-Бармақ сақтарының шығу тегін анықтау үшін палеогенетиктер басты компоненттер әдісі мен qpAdm бағдарламалық модельдеуін іске қосты. Нәтиже таңғалдырды: олардың геномы Темір дәуірі мен Энеолиттің байырғы тұрғындарымен сабақтасып, үзіліссіз генетикалық желі түзіп шықты.

Модельдеу кезінде талдау жасалған 7 үлгінің 6-ауы сақ-скиф заманында Батыс Сібірде гүлденген саргат мәдениетінің популяциясымен 100% сәйкес келді. Тағы үш үлгі киммерийліктерден тамыр тартып жатқаны белгілі болды.

Ал, қос компонентті моделдеуде геномның берік діңгегін (75%-дан 95%-ға дейінгісін) Орталық және Солтүстік Қазақстан далаларынан келген көне көшпелілер құраған. Қалған 5–25%-ы қола дәуіріндегі Бактрия-Маргиана археологиялық кешенінде (Окс өркениетінде) салтанат құрған бүгінгі Түркіменстан мен Тәжікстан аймақтарына тиесілі көрінеді.

Бұл деректер келесі тарихи шындықтың бетін ашты: сақтар өздерінің автохтонды далалық негізін Сібір, Еуропа және Орталық Азия популяцияларының қанымен байытқан, бірақ генетикалық жағынан Солтүстік пен Орталық Қазақстанның ежелгі тұрғындарына ең жақын халық болған. Бұл тұрғылықты жұрт – байырғы сақтар кейін арғын аталғаны, Орта жүзді қалыптастырғаны мәлім.

Дала ешқашан өз ішінде тұйықталған емес. Көшпенділердің шексіз мобилділігі алып Еуразиялық континенттің ең шалғай түкпірлері арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.

Сақтардың материалдық мұрасы да кейде таңғажайып тосынсыйлар жасайды: мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстанда б.з.д. II–I ғасырларға жататын қоладан жасалған құнды сақ қазаны табылған. Жергілікті ауыл мектебінің директоры оның тарихи құндылығын білмей, 29 жыл бойы қарапайым тұрмыста пайдаланып келіпті.

ДНҚ-ны секвенирлеу нәтижелері Еуразияның қазіргі халықтарының этногенезі өзара тікелей астасып жатқанын нұсқады. Зерттеу авторлары Боз-Бармақ сақтарынан бөліп алынған R1a1a1b2 Y-хромосомалық желісі бүгінде әсіресе, қазақтар, қырғыздар мен тәжіктер бойында кеңінен тарағанына баса назар аудартты.

Еуропадағы қазақ бабаларының тылсым ізі

Сақ-скифтер еуропалық мәдениетте орасан зор өркениеттік із қалдырды. Тарих ғылымы сақтардың Орталық Азияда, Қазақстанда, Шыңжаңда, Солтүстік Үндістанда (Үнді-сақ патшалығы) және Иранда дәурендеп, өркениет құрғанын айтады. Алайда Еуропа құрлығында да скиф-саққа тиесілі болу тек әскери қуаттың емес, ұлы тектіліктің нышаны ретінде қабылданды.

Шотландияның басты ұлттық аңызы – 1320 жылғы "Арброт Декларациясы" (Declaration of Arbroath). Папа XXII Иоанға жолданған хатта Роберт Брюс бастаған шотланд бекзаттары скоттардың арғы бабалары Жерорта теңізі мен Испания арқылы сонау Ұлы Скифиядан (Scythia Major) келгенін асқақ үнмен, айбынмен жазып, бекітті.

Бұл шежіре гэлдердің түп-төркінін сақ-скиф ханзадасы Гойдел Глас пен Мысыр ханшайымы Скотадан таратады. Қазіргі ғылым шотландтарды кельттер мен германдарға жатқызғанымен, Scoti және Scythae сөздерінің ұқсастығы ғасырлар бойы шотланд ұлттық эпосына рух беріп келді.

Германияда XIX–XX ғасырлардағы танымал теориялар герман-сакстарды (Saxons) азиялық сақтармен (Saka) тікелей байланыстырды. Дегенмен, академикалық еуроцентристік ғылым бұл ұқсастықты теріске шығарып әлек: сакстардың атауы seax/sax деп аталатын жауынгерлік пышақтан шыққан деп есептейді.

Венгрияда сақ-сармат іздері – даусыз тарихи факт. Ежелде Паннонияны скифтер мен сармат-язигтер мекендеген. XIII ғасырда Венгрияға аландардың (скиф-сармат текті иран халқы) тікелей ұрпақтары – ястар (Jász) қоныс аударды. Олар Ясшаг (Jászság) аймағында XVI ғасырға дейін өз тілін сақтап келді.

Франция мен Испанияда да сақтардың ұрпақтары тұрады. V ғасырда аландар Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде Батыс Еуропаны дүбірлетіп, Галлия (Франция) мен Лузитанияда (Испания мен Португалия) өз патшалықтарының туын тікті.

Боз-Бармақ қорымын палеогенетикалық зерттеу – бұл Ұлы Даланың көпғасырлық шежіресінің алтын тәжіндегі киелі асыл тастың бірі болса керек. Бұл ғылыми ашылым сақтардың тарих түнегінде өшіп, жым-жылас жоғалып кеткен халық еместігін әлемге әйгілеп, оларды Еуразияның бүгінгі этностарының тірі генетикалық қазығы ретінде қайта тірілтті.

Ыстықкөл қорғандарынан мыңжылдықтарды артқа тастап жеткен ДНҚ желісі мен қасиетті қаны қазіргі кезде қазақтың Арғын және өзге де руларының, қырғыз бауырлар мен басқа да халықтардың бойында тулап ағуда. Құдіретті сақтар уақыт көшінде өшкен жоқ, олар енді біздің тегіміздегі генетикалық кодтың асқақ үні болып жаңғырып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу