Қытайда қамауға алынған 20 қазақ елге қайтарылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1760

Қысым көріп отырған қандастарымызға қатысты сыртқы істер министрлігіне 1 387 арыз келіп түскен.

Қытайда қамауға алынған 20 қазақ елге қайтарылды Фото: tengrinews.kz

Бүгін Қытай жерінде қысым көріп отырған қандастарымыздың тағдыры Парламент Мәжілісінде сөз болды. Депутат Берік Дүйсембинов көпшілік назарын осы мәселеге аудартып, сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтан аспанасты еліндегі қазақтардың жағдайы туралы сұрады.

"Бұл мәселе біздің назарымызда. Былтырдан бастап 2,5 мыңнан астам қандасымыз Қазақстанға оралуға рұқсат алды", – деді Бейбіт Атамқұлов бүгін Мәжілісте өткен "Үкімет сағатында".

Министрдің айтуынша, 2019 жылы Қытайда қос азаматтығы бар 33 қазақ қамауға алынған. Оның 20-сы министрліктің тікелей араласуынан соң, Қазақстанға қайтарылған.

Сондай-ақ Қытайда қамауда отырған қандастарымызға қатысты 1 387 арыз келіп түскен.

"Түскен арыздар бойынша әр адаммен бөлек жұмыс істеп жатырмыз. Себебі, әрбірінің жағдайы әртүрлі. Жалпы, Қытай лагерьлерінің мәселесі әлем мұсылмандарын алаңдатуда. Біршама дипломат сол лагерьлерге барып, аралап көрді де. Бүкіл әлем Қытайға қатты қысым жасап жатыр", – деді сыртқы істер министрі.

Бейбіт Атамқұловтың сөзінше, Қытайда ұсталған қазақтардың саны 80 пайызға азайған.

"Бәрін шетінен босатып жатыр. Биылда қазақтарға жеңілдік жасалады. Ішкі істер министрлігімен, басқа да құзыретті органдармен ауқымды жұмыс жүргізілуде", – деді министр.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Қытай Халық Республикасында 1,5 миллионға жуық қазақ тұрады.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 11 617 этникалық қазақ (7 162 отбасы) Қазақстанға қоныс аударып, оралман мәртебесін алған.

Тарихи Отанына оралғандардың 40,4 пайызы Қытайдан келген. Яғни, оралман мәртебесін алған қандастардың шамамен 4 700-ге жуығы Қытайдан қоныс аударған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу