Юлия Путинцева Индиан-Уэллсте Елена Рыбакинаға қарсылас атанды

1166

Елена Рыбакина жарысты бірден екінші айналымнан бастайды.

Юлия Путинцева Индиан-Уэллсте Елена Рыбакинаға қарсылас атанды

Indian-Wells Masters "Үлкен дулыға" турнирі сияқты екі апта бойы өтеді. Ерлер де, әйелдер де бір кортта ойнайды. Жарыс жеті айналымнан тұрады. Тек 32 іріктелген теннисші жекпе-жекті екінші кезеңнен бастайды. Барлығы 96 қатысушы. Индиан-Уэллстің жүлде қоры әдеттегідей жоғары деңгейде, 8,150 миллион долларды құрайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздардың әрқайсысы 1 миллион доллардан аса сыйақы алады. Дәстүр бойынша турнир наурыздың бірінші жартысында өтетін. Бірақ, 2020 жылы коронавирусқа байланысты тоқтатылып, ал 2021 жылы қазан айына ауыстырылды.

Жеребе нәтижелері де белгілі. Елена Рыбакина ұйымдастырушылардан 13-нөмір алды. Іріктеуден сүрінбей өткен тағы бір қазақстандық Зарина Дияс бірінші айналымда поляк Магдалена Френхпен ойнайды. Ал Юлия Путинцева жарысты неміс Андреа Петковичпен кездесуден бастады.

Сонымен, америкалық Индиан-Уэллстің корттарында "Мастерс" сериялы беделді халықаралық турнирінің негізгі матчтары басталды. Жарыстың алғашқы күні Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева кортқа шықты. Оның қарсыласы неміс Андреа Петкович болды. Astana WTA 250 финалисті Қазақстандағы турнирден кейін бабының жақсы екенін дәлелдеді. Юлия екі сетте де мықты болды. Кездесу қорытындысы 7: 6, 6: 1.

Енді екінші айналымда Юлия Қазақстан әйелдер құрамасындағы әріптесі Елена Рыбакинамен сынға түседі. Теннисшілер өзара бір рет кездескен. Бір жыл бұрын Юлия жеңіс тойын тойлаған еді. Ал келесі кездесудің нәтижесі қандай болатыны 8 қазанда белгілі болады.

Турнирді жеңіспен бастаған Юлия матчтан кейін жергілікті журналистерге сұхбат берді.

"Бұл жерге қайта оралғаным қандай тамаша! Дәл осы жерде пандемияға байланысты барлық нәрсе басталды және ол осымен аяқталуы керек. Мен қайтадан ашық кортта ойнағаныма өте қуаныштымын. Мұнда өте әдемі", - деді Путинцева матчтан кейінгі сұхбатында.

Ерлер арасындағы жекелей жарысқа Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик қатыса алмады. Ал Михаил Кукушкин іріктеу ойындарының финалында жергілікті спортшы Эрнесто Эскобедодан 2: 6, 4: 6 есебімен ұтылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу