ЮНИСЕФ дабыл қақты: Газада балалар шабуыл мен аштықтан қаза тауып жатыр

127

Бұл туралы ЮНИСЕФ өкілі Джеймс Элдер Anadolu агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

ЮНИСЕФ дабыл қақты: Газада балалар шабуыл мен аштықтан қаза тауып жатыр Фото: Reuters

ЮНИСЕФ дерегінше, ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, Газа секторында балалардың өлімі тоқтаған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, Газадағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қатты жел соғып, нөсер жауын жауып, шатырлар құлап, жылыну мүмкін болмай отыр. Элдердің сөзінше, бұл ахуал екі жарым жылдан бері жалғасып келеді, ал тамақ тапшылығынан балалардың иммундық жүйесі әлсіреген.

ЮНИСЕФ өкілі атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін белгілі бір оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Мәселен, Газаның солтүстігінде ЮНИСЕФ-тің білім беру орталығы ашылып, медициналық пункттер жұмыс істей бастаған. Алайда ол бұл шаралардың жеткіліксіз екенін айтты.

– Екі жарым жылға созылған дағдарыстан кейін қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. Израиль билігі негізгі дәрі-дәрмектер мен отбасыларға тамақ дайындауға қажет газ жеткізілімін шектеуді жалғастыруда. Атысты тоқтату жарияланған сәттен бері 100 бала қаза тапты. Яғни, атысты тоқтату кезеңінде күн сайын орта есеппен бір бала көз жұмуда. Сондықтан әлі де көп жұмыс атқару қажет, – деді ол.

Элдердің айтуынша, Газада гуманитарлық көмектің көлемі жеткіліксіз. Ол балалар үшін қауіпсіз әрі жылы баспана, тамақ пен білімнің маңызын атап өтті.

– Бұл отбасылардың бұрын үйлері болған. Төрт қабырғалы, жылы суы бар үйлер еді. Атысты тоқтату жағдайында баланың күні қауіпсіз әрі жылы жерде ұйықтаудан, ыстық сусын ішіп, тамақтанып, мектепке барудан басталуы тиіс. Қазір балалар осы қажеттіліктердің бір-екеуін ғана алып отыр, – деді ЮНИСЕФ өкілі.

Оның айтуынша, палестиналықтар су және кәріз жүйелерін қалпына келтіру үшін күш салып жатыр, бірақ қирау деңгейі өте жоғары. Физикалық және психологиялық залалмен қатар, ауруханалар, мектептер мен тұрғын үйлер де жойылған. Осыған байланысты шектеусіз көлемде гуманитарлық көмек жеткізу қажет.

Элдер ЮНИСЕФ-тің шамамен 150 мың баланың мектепке қайта оралуына жағдай жасағанын айтты. Алайда қазір әр бес баланың тек біреуі ғана білім алу мүмкіндігіне ие.

ЮНИСЕФ өкілі Газадағы суықтың да үлкен қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Жағалауда орналасқан аймақта ауа райы ылғалды әрі желді, соңғы күндері желдің жылдамдығы сағатына 30-40 шақырымға дейін жеткен.

– Екі жыл бойы жасанды түрде туындаған аштық пен тамақ тапшылығын бастан өткерген адамдардың иммундық жүйесі әлсіреген. Соның салдарынан гипотермиядан жеті бала қайтыс болды. Соңғы аптада тағы да балалардан айырылдық, – деді Элдер.

Ол Израильдің Газада кейбір үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тыйым салу шешімінің салдары шамамен бір айдан кейін айқын сезілетінін айтып, жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін екенін ескертті. Элдердің айтуынша, "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар ЮНИСЕФ-тің маңызды серіктестері болып табылады және медициналық әрі психологиялық көмек көрсетуде айрықша рөл атқарып отыр.

ЮНИСЕФ өкілінің мәліметінше, ұйым Израиль билігімен гуманитарлық көмекті ұлғайту жөнінде тұрақты келіссөздер жүргізіп келеді. Атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін Газға жоспарланған гуманитарлық жүктің 75 пайызы жеткізілгенімен, негізгі дәрі-дәрмек пен тамақ дайындауға арналған газ әлі де жетіспейді. Осы өмірлік маңызы бар ресурстарды жеткізу үшін билік өкілдерімен апта сайын бірнеше рет кездесулер өтіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу