ЮНИСЕФ: Газада бітім жарияланғалы 300 бала көз жұмды

219

Жүздеген бала жарақат алған, олардың көпшілігінің жағдайы ауыр.

ЮНИСЕФ: Газада бітім жарияланғалы 300 бала көз жұмды Фото: anadolu

Өткен жылдың қазан айында күшіне енген ХАМАС пен Израиль қорғаныс армиясы арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнен бері өткен 300 күн ішінде Газа секторында кемінде 300 бала қаза тапқан. Бұл туралы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Күн сайын орта есеппен бір бала қаза табатын жағдайда мұны шынайы бітім деуге келмейді. Бұл балалардың күткен үмітін ақтамады", – деді ЮНИСЕФ-тің Таяу Шығыс және Солтүстік Африка өңірі бойынша директоры Эдуард Бейгбедер.

Оның айтуынша, жүздеген бала жарақат алған, олардың көпшілігінің жағдайы ауыр.

БҰҰ агенттігінің өкілі бейбітшілік жоспары бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздерге қатысты пікір білдіре отырып, әскери қимылдарды тоқтатуға бағытталған қадамдар мен гуманитарлық көмек жеткізуді ұлғайту туралы мәлімдемелерді құптайтынын айтты.

ЮНИСЕФ мәліметінше, Газа секторының барлық аумағында балалар әлі де аштықтан, түрлі аурулардан, сондай-ақ қауіпсіз ауыз су мен талапқа сай кәріз жүйесінің жоқтығынан зардап шегіп отыр. ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылынан кейін басталған қақтығыс кезеңінде БҰҰ тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Алайда көмектің көлемін арттыруға бағытталған күш-жігерге қарамастан, ЮНИСЕФ дәрігерлерінің айтуынша, емханаларға ауыр дәрежедегі аштыққа шалдыққан балаларын көтеріп келген әлсіреген аналар әлі де келіп жатыр.

ЮНИСЕФ өкілі Луиза Уотеридждің айтуынша, инкубаторлар жетіспегендіктен, кейбір ауруханаларда бір аппаратты екі, тіпті үш нәресте бірге пайдалануға мәжбүр. Ол сондай-ақ сәбилердің қажетті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек тапшы, жартылай ғана жұмыс істеп тұрған ауруханаларда дүниеге келіп жатқанын айтты.

"Әлем осы жағдаймен келісіп отырғандай. Адам өлімі тоқтауы керек. Газаға гуманитарлық көмек жеткілікті көлемде жетуі тиіс, ал балалар қорғалуы қажет", – деді Луиза Уотеридж.

Оның сөзінше, әлем мұны "бітім" деп атағанымен, Газадағы отбасылар опат болған балаларын жерлеп жатыр.

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (OCHA) Газа денсаулық сақтау органдарының дерегіне сүйене отырып, 2025 жылғы 10 қазанда бітім жарияланғаннан бері 1 209 адамның опат болғанын, 3 943 адамның жарақат алғанын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу