Юрий Ильин көктемгі тасқын кезеңіндегі ахуал туралы айтады

1164

Көктемгі тасқын коронавирустың құрсауындағы Қазақстан халқын тағы әбігерге салмай ма деген сауал көпшіліктің ойында жүргені жасырын емес. 

Юрий Ильин көктемгі тасқын кезеңіндегі ахуал туралы айтады

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин осы сауалға бүгін онлайн-брифинг кезінде жауап беруге тырысты. Ол, сондай-ақ, коронавируспен күреске тартылған сала мамандарын ынталандыру үшін 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты

"Мемлекет басшысы бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы жарлыққа қол қойғанын білесіздер. Сонымен бірге коронавирус жұқтыру тәуекелі бар қарым-қатынаста болған құқық қорғау қызметкерлері де бар. Бұл – блокпостарда жұмыс істеп, медициналық мекемелерді күзетуге қатысып жүрген қатардағы жауынгерлер. Бізде індетпен күреске тартылған қызметкерлердің жалпы құрамы 52 мың адамнан тұрады. Бұл жерде басшыларды қосып отырған жоқпыз, қатардағы жауынгерлердің жеке құрамы. Олар бір айлық еңбекақы көлемінде үстемеақы алады. Әр қызметкердің еңбекақысы әрқалай. Жалпы алғанда 6 млрд теңгеден астам қаражат осы қызметкерлерге ақшалай сыйақы ретінде аударылады", – деген ол індет жұқтырған қызметкердің жағдайына тоқталды.  

"Біздің қатарымызда да коронавирсуспен ауыру жағдайы бар. Бір қызметкер жұқтырған. Қазір емделіп жатыр, жағдайы тұрақты. 530-дан астам адам науқастармен қарым-қатынаста болған. Бәрі індет жұқтырған қызметкермен байланыста болды деген сөз емес. Отбасылық қарым-қатынас кезінде, қызмет бабы бойынша науқастармен байланыста болғандар да бар. Оның 30-ы стационарлық емдеуде жатыр. 8 адам үй карантиніне оқшауланған. Қалғандары жазылып шығып, жұмысын жалғастырып жүр. Қызметтік міндетін атқарып жүріп, қайғылы жағдайға ұшыраған ешкім жоқ", – деді Юрий Ильин.

ІІМ өкілі апта басында Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан халқын әуреге салған қатты желдің зардаптарына тоқталып, шатыр астында қалған ақмолалықтардың туыстарына көңіл айтты.

"Шатыр құлап қайтыс болған екі азаматтың туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтамын. Оқиға Ақмола облысының аумағында болған. Бір қызметкер оқиға орнында көз жұмса, екінші адам кеше медициналық мекемеде өмірден өтті. Солтүстік Қазақстан аумағында  екі адам желден зардап шеккен. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір желдің негізгі бағыты Ресейге қарай ойысты. Сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында алдағы тәуліктерде қалың жауын шашын мен қатты жел болатыны туралы дабылды ескерту жарияланды", – деді ол.

Юрий Ильиннің айтуынша, қатты жел 395 нысанға зиян келтірген.

"КEGOK компаниясына тиесілі электрмен жабдықтау желілері үзілген. Сонымен бірге түрлі ғимараттардың шатыры ұшқан. Осы кезеңде жалпы есеппен 395 нысан зардап шекті. Ақмола облысының аумағында  – 210, Қостанай облысында  – 92, Солтүстік Қазақстанда 93 нысан желден зиян шекті. Оның бәрі тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар. Қолымыздағы мәліметтер бойынша үш өңірде электрмен қамту жүйесі бүгін кешкі сағат 18.00-ге дейін қалпына келіп, бүкіл халық қуат көзіне қосылады", – деді Юрий Ильин онлайн-брифингте. 

Төтенше жағдай мамандарының ақпан айындағы болжамдары теріске шығып, көктемгі тасқыннан зәрезап болған Ақмола, Қарағанды облыстарының жұрты бір тыныстап қалды. Дей тұрғанмен, Ақмола облысындағы Жабай өзені әлі де мамандарды алаңдатып отыр. 

"Қазір біз Ақмола облысының аумағында қардың жылдам еруін байқап отырмыз. Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Бірақ жағдай бақылауда. Атбасар қаласын қорғап тұрған бөгеттің шекті деңгейіне әлі 95 сантиметр бар. Қосымша күш пен құралдар дайын тұр. Ертең әуеден тағы бір рет тексереміз", – деген маман Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасына жиналған судың мөлшері қазірдің өзінде былтырғыдан асып кеткенін мәлім етті. 

"Қарағанды, Павлодар облыстарының аумағы қардан түгел арылды деуге болады. Ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Енді су қоймаларын толтыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен, Су ресурстары комитетімен бірге алдын ала дайындалған болатынбыз. Қардың қатты еріген кезеңін дәл ұстай алдық. Солтүстік Қазақстанның Сергеев су қоймасында сырттан келген  су деңгейі 2 метрге жетті. Бұл былтырғы мөлшерден жоғары. Дегенмен, әкімдіктер алдын ала дайындалғандықтан мұнда да су басуға жол беріле қоймас деп ойлаймын", – деді ІІМ өкілі. 

Есесіне, көктемгі тасқын мен мезгілсіз боран Қостанай облысын қос бүйірден қысуда. Өңірде 60 үйді су алып, тұрғындар эвакуацияланды.

"Қостанай облысының Қарасу ауданында 60 үйді су алды. Кеше осы үйлердің адамдарын қауіпсіз жерге көшірдік. Бүгін үйлердің көбін судан арылтып, сорғыттық. 30-дай үйге иелерін қайтаруға болады. Ертең кешке біздің мамандар атқарған жұмыстың арқасында аталмыш елдімекенде ешқандай қатер қалмайды деп ойлаймын. Басқа өңірлерде қазір жағдай тұрақты. Бірақ соңғы күндері "Қазгидромет" таратып жатқан дабылды ескертулерді ескерсек, қатты жел кезінде үйден шықпау керек. Оның үстіне көптеген өңірде қазір карантин", – деді ол.  

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу