Юрий Михайлис: "Қорғаныста көптеген қателіктер жібердік"

1148

"Барыс" қатарынан екінші матчта өз айдынында жеңілді.

Юрий Михайлис: "Қорғаныста көптеген қателіктер жібердік"

Жаңа маусымдағы екінші матчта "Барыс" Магнитогорскінің "Металлургін" қабылдады. Илья Воробьев шәкірттері алғашқы ойында "Автомобилисті" сырт алаңда 6: 2 есебімен жеңген болатын. Кеше ғана "Металлург" тізіміне қосылған команданың ойыншысы Денис Зернов дубль жасады. Анатолий Никонцев, Андрей Чибисов, Филип Мэйе және Линус Хульстремдер бір-бір голдан соқты.

Ал "Барыс" өз алаңында маусымдағы алғашқы кездесуінде "Салауат Юлаевтан" 1: 5 есебімен ұтылды. Нұр-Сұлтандық команда сапынан тек Якоб Лилья ғана көзге түсті.

Өткен маусымда "Барыс" пен "Металлург" төрт рет кездесіп, оның үшеуінде Магнитогорскінің командасы жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да "Металлург" елордалық команданы 2:1 есебімен жеңіп кетті.

Екінші ойында "Барыс" сапында біраз өзгерістер орын алды. Айдынға Дмитрий Гурков орталық төртінші ойыншы ретінде шықты. Алдияр Нұрланды Максим Мусоров алмастырды. Командалар ұзақ уақыт бойы есеп аша алмады. Тек үшінші кезеңнің басында Якоб Лилья Олкинуораның осал тұсын тапты. Алайда қонақтар бірден шабуылға шығып, Максим Карпов есепті теңестіріп кетті. Кездесу аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Андрей Чибис ойынның нүктесін қойып, командасына жеңіс сыйлады.

Матч аяқталған соң Юрий Михайлис ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Кездесу тең дәрежеде өтті. Қос тарап та шабуылдаумен болды. Бізде қорғаныста көптеген қателіктер болды. Бірақ Йони Ортио бізді қорғап қалды. Жігіттерге қатаң ойнап, шайбаны оңды-солды лақтырылмай, қысқа паспен бірден өз аймақтарынан шығу керек екенін ескерткенімізбен, соңына дейін шыдай алмадық. Бұл соңында да біз үшін нәтиже бермеді. Заманауи хоккей өте жылдам. Сондықтан әр ойыншы қорғаныста ойнай білуі керек. Біз ылғи да жігіттерге ойында 15 блоктан көп жасаған команда жеңеді деп айтамыз", - деді "Барыс" хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис.

"Барыс" - "Металлург" 1:2 (0:0, 0:0, 1:2)

1:0 – 41:07 – Лилья (Михайлис, Волк)

1:1 – 45:57 – Карпов (Хульстрём, Коростелёв)

1:2 – 58:31 – Чибисов (Пашнин)

ҚақпашыларОртио – Олкинуора  

Келесі кездесуді елордалық команда 8-қыркүйек күні Хабаровскінің "Амурына" қарсы өз айдынында өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу