Юрий Польский: "Теннисшілеріміз тапсырманы толықтай орындады"

1747

Теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінде ширек финалда Сербияға жол берген болатын.

Юрий Польский: "Теннисшілеріміз тапсырманы толықтай орындады"

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Мадридте өткен Дэвис кубогінің финалдық кезеңіндегі Қазақстан құрамасының көрсеткен нәтижелерін қорытындылады. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Біздің команда тапсырманы орындады ма?

- Иә, әрине. Өйткені ең бастысы топтан шығу болды. Ол тапсырманы жігіттер орындады. ¼ финалда команданың сербтерді жеңуге тамаша мүмкіндігі болды. Шешуші үшінші ойын – жұптық сайыс болды. Сәл ғана күш жетпей қалды. Барлық ойыншылар тамаша өнер көрсетті. Біздің көңіліміз толды.

- Қазақстан құрамасы алтыншы мәрте ширек финалдан тоқтады. Бұл жақсы үрдіс пе?

- Әрине, бұл кезеңге тұрақты түрде жеткеніміз жақсы. Біз қазір тамаша команда жасақтадық, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Александр Бубликтер – тәжірибелі ойыншылар. Сондай-ақ жас буын да бар. Қосалқы құрамда Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев болды. Сондықтан біз ең жақсы нәтиже күттік. Сербия құрамасы –мықты команда. Олардың көшбасшысы әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович болса, қалған ойыншылары Дүниежүзілік рейтингте үздік  50 теннисші қатарында. Жеңіске біртабан жақын болдық. Дэвис кубогінде бәрі мүмкін. Бұл басқа турнирлерге ұқсамайтын ерекше турнир. Мен біздің ойыншыларға сенемін. Мысалы, Александр Бубликтің кез келген қарсыласты жеңе алатындай қауқары бар. Михаил Кукушкин өзін бірнеше рет тамаша қырынан көрсетті. Әсіресе бұл оның Кецмановичке қарсы кездесуінде анық байқалды. Сондықтан біз алға жылжуымыз керек. Бұл жақсы тәжірибе. Енді келесі маусымға дайындаламыз.

- Михаил Кукушкин сұхбатында 2021 жылғы маусым ол үшін сәтсіз өткенін айтты. Кецмановичке қарсы өткізген керемет ойыны оған алдағы маусымға тағы да сенім, мотивация және күш береді деп айта аласыз ба?

Михаилды жауынгер деуге болады. Оның "Терминатор" деген лақап аты бекер қойылмаған. Дэвис кубогіндегі матчтарда ол кортқа шығып, мықты қарсыластарын жеңді. Командалық жарыс бойынша әлем чемпионаты – біздің барлық жігіттер үшін ерекше турнир. Иә, биылғы жыл Михаил үшін қиын болды. Өткен жылы ол каронавируспен ауырып, қайта бабына келуі үшін ұзақ уақыт қажет болды. Біз оған сенеміз және жаңа теннис маусымында бабына келеді деп ойлаймыз.

- Жас ойыншыларға қатысты сұрақ. Скатов пен Жұқаев Ұлттық құрамада қашан өнер көрсетеді?

- Объективті тұрғыдан айтар болсақ, оларды Мадридке бекер апарған жоқпыз. Жігіттер командада өз орындарын алу үшін барды. Команда Тимофей мен Бейбітті өте жақсы қабылдады. Өйткені олар турнир басталғаннан соңына дейін жұмыс істеді. Спаррингте көмектесті, командаға қажет нәрсенің бәрін жасады. Қазір Тимофей мен Бейбіт ұлттық құрамада барлығы қалай жұмыс істейтінін түсінді. Олар тәжірибелі теннисшілердің ойынын көрді. Тимофейдің мұндай маңызды матчтарды өткізуге деңгейі қазірдің өзінде жеткілікті. Мұны Челленджерлерде және Astana Open ATP 250 турнирінде көрсетті. Скатов италиялық Сеппиді жеңген болатын. Жұқаевқа келетін болсақ, оған Челленджер сериясындағы турнирлерге қатысуға, өзін көрсетуге әлі екі жылдай уақыт керек.

- Сербтермен шешуші матчта жұптық сайыс өтті. Ойын соңында не болды? Теннисшілеріміз қай жерде қателесті?

- Әрине, жауапкершілік, толқу да болды. Жігіттер бұл жартылай финалға шығудың тарихи мүмкіндігі екенін түсінді. Олар қарсыластарын жеңе алатынын білді. Әсіресе, Новактың әріптесі біршама тұрақсыз ойыншы болғандықтан, оның қалай өнер көрсететінін ешкім білген жоқ. Шешуші сетте Новак жақсы ойнады. Джоковичтің деңгейіндегі теннисшіге қарсы ойнағанда, әрқашан қысым болады. Бұл теннис. Мұндай жағдайлар болып тұрады.

- Команда келесі матчын қашан өткізеді?

- Теннисшілеріміз Дубайда оқу-жаттығу жиынында жүр. Олар алдағы теннис маусымына дайындалады. Наурызда Дэвис кубогінде спортшыларымыз жақсы бабында болуы үшін "Жасыл құрлықта", соның ішінде Аустралия ашық чемпионатында ойнау әрбір теннисшіге өте маңызды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу