Юрий Щукин: "Әр ойыншының жеке бағдарламасы бар"

951

Дэвис кубогі турнирінің басталуына санаулы күндер қалды. Кубок үшін 18 команда сынға түседі. Олардың арасында Қазақстан құрамасы да бар.

Юрий Щукин: "Әр ойыншының жеке бағдарламасы бар"

27 қараша күні Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің ширек финалына шығу үшін шведтермен, ал келесі күні, 28 қарашада канадалықтармен кездеседі. Мадридке аттанар алдында команда капитаны Юрий Щукин ФТК баспасөз қызметіне ел құрамасының алдағы жарысқа қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

- Юрий мырза, команда толықтай жасақталды ма? Ойын басталмас бұрын құрама сапына басқа да ойыншылар қосылуы мүмкін бе?

- Иә, команда толықтай жасақталған. Команданың негізгі құрамында Александр Бублик, Дмитрий Попко, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Александр Недовесовтер бар. Қосалқы құрамда Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев болады.

- Еліміздің алдыңғы қатарлы ойыншыларының соңғы кездегі нәтижелерін ескере отырып, олардың қазіргі бабына қандай баға бересіз?
- Бұл маусым жалпы біздің ойыншылар үшін жақсы өтті. Александр Бублик ATP 250 сериясы турнирлерінің екі финалында ойнады. Сонымен қатар Андрей Голубевпен жұптық сайыста Франция ашық біріншілігінің финалына дейін жетті. Андрей Голубев пен Александр Недовесов лайықты өнер көрсетті. Қазіргі уақытта Александрдың Челленджер сериясының жұптық сайысында 21 титулы бар. Оның жетеуін биыл жеңіп алған. Дэвис кубогіне дайындыққа келетін болсақ, әр ойыншының жеке бағдарламасы бар. Барлығы матчтарға дайын болады деп ойлаймын.

- Бірінші ойынды Швеция құрамасымен өткіземіз. Швециялық қарсыластардың қайсысы біздің құрама үшін ең қауіпті деп ойлайсыз?
- Шведтердің капитаны ағайынды Микаэль мен Элиас Имерлерге сенім артатыны анық. Жалпы олардың командалары бірқалыпты. Жұптық сайыстарда да жақсы өнер көрсететін ойыншылары бар. Ағайынды Имерлер жекелей сында да, жұптық сайыста да ойнауы мүмкін.

- Канада  2019 жылғы Дэвис кубогінің финалисті. Команданың екі көшбасшысы жарысқа қатысуға бас тартты. Дегенмен Канаданың қазіргі құрамасы осыған дейінгі финалмен салыстырғанда қаншалықты әлсіз немесе күштірек?

- Иә, Денис Шаповалов пен Феликс Огер-Аляссим Дэвис кубогінің 2021 жылғы финалдық кезеңіне қатысудан бас тартты. Денистің бас тартуына ұзақ маусымнан кейінгі шаршауы себеп болды. Ал Феликс жарақат алды. Бірақ қалған ойыншыларды есептен шығаруға болмайды. Тіпті олар негізгі ойыншыларсыз-ақ қауіпті. Команда сапында Вашек Поспишил, Брайден Шнур, Питер Полански және Диз бар.

- Ал біздің командада қандай мықты ойыншылар бар?

- Командада үздік теннисшілерді жеңе алатынын бірнеше рет дәлелдеген тәжірибелі ойыншылар бар. Бізде Голубев пен Недовесов өте мықты жұп. Жігіттер ойдағыдай өнер көрсетіп, жақсы нәтижемен бізді қуантады деп сенемін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу