"Z" қалайша басқыншылықтың символына айналды?

4343

Бұл әріпті әскерде қолдану мақсаты – жұмбақ. Алайда оған қатысты бірнеше теория бар. 

"Z" қалайша басқыншылықтың символына айналды?

Z таңбасы дегеніміз не?

Бірқатар бақылаушылар мен әскери сарапшылар алғаш рет ақпанның 19-да Украина шекарасы маңына жиналған ресейлік танктер мен әскери жүк көліктеріне жазылған жұмбақ Z әрпін байқады. Оның нені білдіретіні туралы батыс сарапшылары арасында кең тараған болжам бар.

Ресейдің шабуылы басталғанда, Z әрпімен безендірілген талай әскери техника, сондай-ақ O, X, A және V символдары қойылған өзге де танктер мен БТР-лар, жүк машиналары көзге түсті. Ол таңбалар кейде төртбұрыштармен, үшбұрыштармен  және басқа да пішіндермен жиектелген немесе шимайланған. Әріп ретінде орыстың кириллица алфавитінде Z жоқ, оның орнына 3-ке ұқсайтын "з" әрпі бар.

Бұл таңбаларды түсіндіру үшін сарапшылар ең алдымен мынадай теорияны ұсынады. Z "западты", яғни Ресей әскерінің батыстағы, V "востокты", демек шығыстағы тобын білдіруі мүмкін.

Өзге бір болжамдарға қарағанда, бұл әріптер ресейлік әскери бөлімшелер бір-бірін алыстан танып, абайсызда оқ атпауы үшін жазылған. Дегенмен Кремльге жақтас кейбір сарапшылардың ойынша, Z Украина Президенті Владимир Зеленскийдің фамилиясын, ал V Владимир Путиннің есімін білдіруі де ықтимал.

Ресей қорғаныс министрлігінің өзі бұл теориялардың ешқайсысына түсініктеме берместен, Instagram-дағы арнасында Z "За победу" ("жеңіс үшін"), ал V "шындықтың құдіреті" дегенді білдіреді деп жариялады.

Z қалайша Ресейде соғыстың символына айналды?

Соңғы апталарда Z әскери маркировкадан Ресейдің Украинаға басып кіруіне қоғамдық қолдаудың негізгі символына да айналды.

Шабуылдан кейін үш күн өткенде, Кремль қаржыландыратын мемлекеттік RT телеарнасы өзінің әлеуметтік медиа арналарында ресейлік әскерлерге қолдау көрсету үшін Z тауарларын, соның ішінде футболкалар мен күртешелерді сататынын хабарлады. Содан бері билік бүкіл елде сансыз флешмобтар ұйымдастырып, оларға ресейлік жастар соғысты қолдап, Z әрпі жазылған жейделерді киіп қатысты. Бұл аздай, Z символы кеңестік дәуірдегі үлкен көпқабатты үйлерге салынып, көшедегі жарнамалық тақтайшаларда да пайда болды.

Бірқатар мектептер Z формасын құрастырған балалардың суреттерін жариялады. Жексенбіден бері әлеуметтік желіде тараған бір фотода Қазан қаласындағы хосписте айықпас дертке шалдыққан жеткіншектердің өзі Украинаға басып кіруді қолдап, Z әрпін бейнелеген.

Соғысқа қолдау білдіргісі келетін шенеуніктер тіпті бұл әріпті өз аймағының атауларына қосуға уәде беріп отыр. Мәселен, Кемерово облысының басшысы Сергей Цивилев өзі басқаратын аймақтың атауына Z әрпін қосу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Енді Кузбасс "КуZбасс" деп тізімге енуі мүмкін.

Бұл символ Ресейден тыс жерлерде де шектеулі болса да тарап жатыр. Өткен айдың басында Ресей туларын желбіретіп, Z әрпін ұстаған мыңдаған серб Мәскеуге қоғамдық қолдау білдіру үшін Белград көшелерімен Ресей елшілігіне аттанды. Ал ресейлік гимнаст Иван Куляк Дохада өткен әлем кубогінде алтын ұтқан жүлдегер – украиналық Илия Ковтунның қасында Z эмблемасымен тұрды.

Ресей қоғамы Z-ті қалай қабылдады?

Мәскеуде Z жазылған көліктерді байқауға болады. Бірақ бұл белгі бүкіл халық арасында кең тарай қойған жоқ.

Ресейде ел әскеріне қолдау көрсету үшін белгілі бір таңбаларды насихаттау тарихы бар. Қырымды аннексиялау кезінде мұнда Әулие Георгийдің қызғылт сары және қара жолақты ленталарын тағу қатты насихатталды. Ол лента қазір Ресейде үкімет пен әскерге қоғамдық қолдау көрсету тәсілі ретінде кеңінен танымал.

Алайда кейбір ресейліктер Z әрпін келемеждегені бар. Наурызда Путиннің Украинаға басып кіруіне қарсы өткен шерулер кезінде кейбір демонстранттар Zачем (Не үшін?) деген жазуы бар плакаттарды ұстап шықты. Сондай-ақ ресейліктер интернетте Z әрпін келеке етіп жатыр. Сондай мемдердің бірінде Гарри Поттер Ронға найзағай тәрізді шрамын Z әрпі кейпінде көрсеткен.

Ең қорқыныштысы сол, Z соғысқа қарсы шыққандарды қорқыту тактикасы ретінде де қолданыла бастаған. Оппозициялық Pussy Riot өнер ұжымының мүшелері мен соғысқа қарсы "Мемориал" қоғамдық ұйымының өкілдері өз пәтерлерінің есігіне біреулердің Z таңбасын салып кеткеніне шағымданды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу