Зайсан ауданында былтыр төселген жол биыл қопарылып жатыр

2260

Шығыс Қазақстанда салынған жолдардың сапасы сын көтермейді. 

Зайсан ауданында былтыр төселген жол биыл қопарылып жатыр

Тіпті былтыр төселген асфальт биыл қопарылып жатыр. Ал кейбір автокөлік жолдары соңғы 25 жылда бір рет те жөнделмеген.

Әсіресе, Зайсан ауданындағы Омбы-Майқапшағай-Шлікті-Ақжар бағытындағы жолдар тозып тұр. 118 шақырымдық жолдың 25 шақырымына асфальт салу үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалған.

"Жол азабын жүрген білер" дегендей ойдым-ойдым шұңқырдан жабыққан жолаушылар мердігерден жолды қайта жөндеуді талап етуде. 

"Жолымыз қырық шұңқыр, жамау-жамау. Әрең жүреміз. Кей жерлерде ақ сызық түгел бастырылып жатыр, көрінбейді. Былтыр мына жолды салған. Биыл қопарылып қалды. Сапа жоқ. Негіз жолдың қалыңдығы төрт сантиметрден кем болмауы тиіс, бірақ оған жетпейді. Жаңа жол салынғанша, мынау жоқ болады", – дейді ауыл тұрғыны Серік Бекетаев. 

Жолдың қалыңдығы төрт сантиметрден кем болмауы тиіс екені жобада нақты жазылған. Бірақ тұрғындар оның тек құжат жүзінде ғана екенін айтуда. 

Тұрғындар 25 жылда 11 әкім ауысқанын айтады. Сөздерінше, "әкімдер бәрін қатыратын болып келеді". 

"Бізге ең қиыны жолдың асфальт төселмеген бөлігі болып тұр. Көктемде қызыл асықтан батпақ кешеміз. Жаңбыр жауса жер езіліп, жүруге келмейді. 25 жылда 11 әкім ауысыпты. Қай әкім келсе де, ең алдымен айтатынымыз жол. Осы жолды дұрыстауға бәрі уәде береді, сосын кетеді. Соңғы жолауында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2025 жылға дейін жалпы жолдардың Қазақстандағы 95 пайызы жөнделсін деген тапсырама берді. Енді осы тапсырма орындала ма жоқ па білмейміз", – дейді зейнеткер Рысбек Қойекенов.

Аталған мәселені қоғам белсендісі, Еркебұлан Зағыппаров та талай мәрте көтерген. Тіпті Омбы-Майқапшағай бағытындағы жолдың әлі бітпегенін айтады. 

"Зайсан ауданы стратегиялық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тас жолының Зайсан-Айнабұлақ-Қаралакөпір аймағына дейін үш жыл қозғалмаған тас жолды Қытайдың "Синьсин" компаниясы айналдырған 1,5 айдың ішінде 60% аяқтап тастапты. Көгедай ауылынан әрі қарай жұмыс жүріп жатқан жоқ", – дейді Еркебұлан Зағыппаров.

 

Оның айтуынша, істеліп біткен жолдың жиегін толтырмаса, көлік қозғалысына қауіп төніп тұр. 

"Осы стратегиялық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тас жолдың бағытына және құрылысына жауапты "ҚазАвтоЖол" және "Синьсин" компаниясы жолаушылар мен аудан тұрғындарының қауіпсіздігін алдын алу мақсатында жасалған жолдың жиегін толтырса, себебі бұл жерде біріншіден жол тар, екіншіден көлігіңіз істен шыққан жағдайда жол жиегіне қоя алмайды. Өйткені кей жерде бір жарым метр терең жыра болып тұр, амалсыздан жолдың бойына қояды. Ол екі көлік қатар келсе жол-көлік оқиғасын туғызатыны анық", – дейді қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыппаров.

Жалпы 118 шақырым жолдың 27 шақырымында асфальт жоқ. Егер қаржы бөлінсе келер жылы жөнделуі мүмкін.

"Келер жылдың жол жөндеу жоспарларын бекітер кезде, осы жолдың жөндеу ұсынысын жасаймыз. Ақауларды білеміз. Қазіргі таңда мердігер компания сол ақауларды өз есебінен, өз қаражатынан жоятын болады", – дейді облыстық Автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров. 

Мердігер ойылған жолды осы жылдың қыркүйек айында қалпына келтіреміз деп уәде етті. 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться