Зайсан ауданында шөптің бағасы шарықтап тұр

1272

Шаруалар бағып отырған малын да өткізе алмай қиналып жүр. 

Зайсан ауданында шөптің бағасы шарықтап тұр

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында шөптің бағасы шарықтап тұр. Малшылар мал азығын қайдан аларын білмей дал. Биыл ауданда шабындық шөп өткен жылдармен салыстырғанда 40 пайызға аз жиналған. 

Биыл еліміздің шығысында қуаңшылық болып, мал шаруашылығымен айналысып отырған тұрғындардың тіршілігіне тықыр таяды. Аптап ыстықтың салдарынан жерге тамшы жаңбыр тамбай, шабындық қурап қалған. 

Санақ бойынша Зайсан ауданында 250 мың бас мал бар. Төрт түлікті қыстан аман шығару үшін 165 мың тонна шөп, 3 мың тонна жем қажет. Өкінішке қарай, бүгінге дейін оның жартысы ғана жиналған. 

Шілікті ауылы Тарбағатай тауының етегінде орналасқан. Округіне қарасты 4 ауылдың түлігі жыл он екі ай дала жайылымда. Себебі мұнда қар жұқа түседі. "Апат айтып келмейді" дегендей  тұрғындар сақтық үшін жылда мал азығын мол жинайтын.  

– Шөпті Кеңсай, Қарабұлақ, Сартеректен тасимыз. Жайылымдық жердің шөбі қазан айына жете ме, жетпей ме, білмейміз… Қыс созылып кетсе, малымыздың қырылатын түрі бар, – дейді ауыл тұрғыны Серік Қартаев.

Шөп жоқ болған соң, мал да арық. Шаруалар бағып отырған малын да өткізе алмай әлек.

– Қуаңшылықтан кесірінен қазір қолма-қол қыржыға жем-шөп табудың өзі қиынға соғып тұр. Бір орам шөпті ауылға жеткізгенде 14-15 мың теңгеге шығады. Оның үстіне жайылым мынадай болған соң, малымыз көтерілмеді. Саудагерлер келсе де, көріп кетіп қалады. Ертең күнкөрісімізден айрылып қалуымыз мүмкін, – дейді ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі Айбол Лекеров.

Тек Шілікті ауылының өзінде ірілі-ұсақты 35 мыңнан астам мал бар. Ал Шілікті ауылдық округінде 128 мың гектар жер болса, оның 5 мың гектары егістік алқап. 

– Аудандағы шаруа қожалықтарына Шілікті ауылына көмек ретінде қыркүйек айының 16-17 күндері шөп апарып, аз қамтылғандарға жәрмеңке өткізбекшіміз. Жалпы Шілікті ауылдық округін шөппен үнемі қамтамасыз етіп отыруға жұмысты жалғастырып отырамыз, – дейді Зайсан аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаев.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться