Заңсыз байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек – Рахым Ошақбаев

7739

Халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімімен ойнауға болмайды. 

Заңсыз байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек – Рахым Ошақбаев

Әлемдік экономика және саясат институты TALAP қолданбалы зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізген ғылыми-тәжірибелік зерттеу қорытындысын жариялады. 

Еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселесі тілге тиек етілген шарада әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сабина Садиева кез келген әкімшілік реформа барысында адам капиталын дамытуға басымдық берілуге тиіс екенін мәлімдеді.  

"Мемлекеттік бағдарлама дегеніміз – стратегиялық жоспар. Алайда бізде осы жоспардың соңғы әрі нақты нәтижесін бақылау мен басқаруға тиісінше назар аударылмайды. Ықтимал өзгерістер мен тәуекелдер ескерілмейді. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге түрлі кемшілікпен асырылуы адамдардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді және мемлекеттік басқару жүйесінің кемшілігін әшкерелейді", – деді Сабина Садиева.

Сарапшының сөзінше, коронавирус пандемиясы мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақмерзімді жоспарында да олқылық бар екенін көрсетті.

"Нысаналы индикаторлар дұрыс белгіленбейді. Барлығы максималды, яғни шекті түрде көрсетіледі. Негізі, статистикалық есеп беруден бас тартып, нәтижелі іспен айналысу қажет. Бұл үшін әлеуметтану ғылымы мен цифрландыруға басымдық беру керек", – деді Сабина Садиева.

Оның сөзінше, елімізде мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметкер көп.

"Бізде орталық деңгейде көрсетілетін 4 500 мемлекеттік қызмет түрі бар. Өкініштісі, олардың дені бірін-бірі қайталайды. Бюджет шығысы, мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік басқару жүйесіне байланған. Бұлардың барлығын автоматтандыру қажет. Қазір адамдарды емес, үдерісті басқару керек", – деді сарапшы.

Сабина Садиеваның сөзінше, бюджеттің тиімділігін арттыру үшін қаржы министрлігінің бюджетті электронды форматқа көшіру бастамасын қолдасақ, артық жұмыстан арыламыз. Осылайша бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеміз. 

TALAP қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев заңсыз баюға жол беруге болмайтынын баяндады. 

"Мемлекеттік басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты қолданыстағы заңнамаға заңсыз баю туралы бап енгізгенде ғана жеңуге болады. Лауазымды тұлғалар дүни-мүлкін қалай тапқанына қатысты есеп бере алмаса, тапқан табысына сай өмір сүрмесе, ерекше қымбат көлікпен жүрсе, жеке ұшақпен ұшса құқық бұзған болып саналуға тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің шалқып өмір сүруі халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанына иландырмайды. Заңсыз байығандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Сонда қоғамда әлеуметтік әділдік орнайды", – деді Рахым Ошақбаев. 

Оның сөзінше, біз еліміздегі сыбайлас жемқорлық индексін шетелдік сарапшылардың дерегіне сүйеніп жасаймыз. Олар үнемі объективті пікір білдіреді деп ойлау дұрыс емес. Сондықтан еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың индексін өзіміз анықтауымыз керек. 

Президент әкімшілігі мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтаир Ахметов мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жұмысына кімдер қатысуы керек екенін айтты. 

"Президент әкімшілігі мемлекеттік басқару бөлімінің қызметкерлері қаншалықты мықты маман болса да, бір мезетте барлық саланың сарапшысы бола алмайды. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге мүдделі топтың, оның ішінде сарапшылардың қатысуы құптарлық іс. Сарапшылардың ұсыныстары мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы әзірленген кезде назарға алынады", – деді Әлтаир Ахметов.

Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігінің экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымымен әріптестік бойынша кеңесші-елшісі Аяна Манасованың мәлімдеуінше, біздің елде экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы өзге елдерге талап қойып, дегенін істетеді деген түсінік бар. Шынтуайтында олай емес. 

"ЭДЫҰ "жұмсақ күш" құралы. Мұнда қатаң ұстаным мен талап жоқ. Ұйым әлемнің дамушы елдеріне азаматтарға бағдарланған инновациялық шешім ұсынумен ғана шектеледі. Дамыған елдердің басым бөлігі Қазақстандағы жемқорлық пен гендерлік теңдікті және мемлекеттік басқару жүйесін сынайды. Бізге осы бағытта жұмыс істеу керек", – деді Аяна Манасова.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьеваның пікірінше, халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімімен ойнауға болмайды. Популизмнің соңы жақсылыққа апармайды. 
"Мемлекеттік басқару жүйесінде шешілмеген мәселелер бар. Солар дамуға кедергі келтіреді. Мемлекеттік аппарат жұмысын экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға және азаматтық қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағыттау қажет", – деді Айгүл Соловьева.

Мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсіл қажет екенін алға тартқан Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов ақша-несие, қазынашылық, тариф және бюджет саясатын өзгерту қажет деп санайды.  
"Жүйелі сауда теңгерімі мен шынайы статистика қалыптаспайынша саяси, экономикалық, әлеуметтік даму болмайды", – деді Рустам Жүрсінов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу