Зейнетақы жинағын тұрғын үйге жұмсауға қанша уақыт беріледі?

848

БЖЗҚ-дан "Отбасы банкіндегі" арнайы шотқа аударылған зейнетақы қаражатын белгіленген мерзім ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қажет. 

Зейнетақы жинағын тұрғын үйге жұмсауға қанша уақыт беріледі? Фото: canva

Егер ақша уақытында жұмсалмаса, ол БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.

Зейнетақы ақшасын қанша жыл пайдалануға болады?

Бастапқыда БЖЗҚ-дан "Отбасы банкінің" арнайы шотына аударылған қаражатты пайдалану мерзімі 3 жыл болған. Кейін бұл мерзім 6 жылға дейін ұзартылды.

Мерзім қаражаттың БЖЗҚ-дан аударылған күнінен бастап есептеледі. Егер азамат зейнетақы жинағын бірнеше рет аударса, әрбір аударымның пайдалану мерзімі бөлек есептеледі.

Мысалы, азамат 2021 жылғы желтоқсанда 2 млн теңге, 2022 жылы 1 млн теңге және 2025 жылы тағы 1 млн теңге аударды делік. Бұл жағдайда алғашқы 2 млн теңгені 2027 жылғы желтоқсанға дейін пайдалану қажет. Егер осы уақытқа дейін қаражат тұрғын үй мақсатына жұмсалмаса, ол БЖЗҚ-ға қайтарылады. Ал кейінгі аударымдардың пайдалану мерзімі әлі аяқталмаған болады.

Қаражаттың пайдалану мерзімін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін "Өтінімдер" бөлімінен зейнетақы жинағын аударуға қатысты өтінімді тауып, оның күнін қарау қажет.

Зейнетақы ақшасын қандай мақсатқа жұмсауға болады?

"Отбасы банкіндегі" депозитке аударылған зейнетақы қаражаты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады. Атап айтқанда, оны:

  • ипотека рәсімдеуге;
  • бұрын алынған тұрғын үй заемын қайта қаржыландыруға;
  • жер телімі болған жағдайда үй салуға пайдалануға болады.

Бұл ретте зейнетақы ақшасын депозитке аудару оны бірден қолма-қол шешіп алуға мүмкіндік бермейді. Қаражат тек заңда белгіленген тұрғын үй мақсаттарына жұмсалады.

Ипотека үшін қосымша қаражат қажет болуы мүмкін

Зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдаланатын азаматтар ипотеканың бастапқы жарнасына қойылатын талаптарды да ескеруі керек.

"Отбасы банкінің" бірқатар стандартты тұрғын үй бағдарламаларында үй құнының 50%-ын жинау талап етіледі.

Мәселен, құны 30 млн теңге болатын пәтер үшін бастапқы жарна ретінде 15 млн теңге қажет. Егер азаматтың депозитінде зейнетақы қаражатын қоса есептегенде 5 млн теңге болса, тағы 10 млн теңге жинауы керек.

Сонымен қатар, бастапқы жарнасы төмен бағдарламалар да бар. Мысалы, кейбір өңірлік жастар бағдарламаларында жарна 10%-дан, "Наурыз" бағдарламасында 10-20%-дан, ал "30/70" бағдарламасында 30%-дан басталады. Мұндай бағдарламаларға қатысу үшін өзге де талаптар қойылады.

Ақша БЖЗҚ-ға қайтарылса не болады?

Егер азамат 6 жыл ішінде депозитке аударылған қаражатты тұрғын үй мақсатына пайдаланып үлгермесе, ақша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.

Бұл жағдайда қаражатты қайтадан мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Себебі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткіліктілік шектері жыл сайын өзгеріп отырады.

Сондықтан 2021 жылы зейнетақы жинағын "Отбасы банкіндегі" депозитке аударған азаматтарға қаражатты пайдалану мерзімін тексеріп, оны 2027 жылға дейін тұрғын үй мақсатына жұмсау мүмкіндігін қарастырған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу