Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын қалай, қашан алуға болады?

4138

Зейнетақы қорындағы қаржыны қашан аламыз деп ел елеңдеп күтіп отырғаны белгілі. Жинақтың бір бөлігін алу тетіктері нақты 2021 жылдың қаңтар айында дайын болады. 

Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын қалай, қашан алуға болады?

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте белгілі болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың түсіндіруінше, салымшылар жинағының бір бөлігін бір бөлігін үй алуға, ипотекалық қарызын жабуға, денсаулығын қалпына келтіруге немесе жекеменшік компанияларға инвестиция ретінде құюға пайдалана алады.  

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға құқылы азаматтар үш санатқа жіктелген. Оның біріншісі, жұмыс істейтін азаматтар, яғни зейнетақы қорында тиісті мөлшерде жинақ ақшасы бар тұрғындар. Мұндай азаматтардың қатары шамамен 760 мың, олардың әрқайсысы орта есеппен зейнетақы қорынан 2,3 млн теңге шеше алады.

 Екіншісі – сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар, бұлардың саны шамамен 23 мыңдай, әрқайсысы 2,5 млн теңге көлемінде зейнетақысын жұмсай алады.

 Үшіншісі – зейнеткерлікке шыққан азаматтар. Олар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қалған қаражатының 50%-ынан аспайтын  бөлігін пайдалана алады, олардың қатары 170 мыңдай және біреуі орта есеппен 500 мыңдай теңгені алу мүмкіндігі бар.  "Зейнетақы қорындағы ақшаның белгілі бір бөлігін пайдалану туралы заң бекітілді. Оны жүзеге асыру тетіктері 2021 жылдың қаңтар айында нақтыланып, дайын болады. Біз зейнетақысының бір бөлігін пайдаланғысы келетін азаматтарға тиімді барлық әдістерді қарастыруға тырыстық. Мысалы, жоғарыда аталған санатқа кіретін тұрғындар ақшасын бірнеше мақсатқа жұмсай алады. Бір бөлшегін жақын туысына бере алады,  енді бір бөлігін емдеуге жұмсап, қалғанын үйдің алғашқы жарнасына салуы мүмкін немесе бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады. Бұл – бір рет болатын шара емес. Азаматтар қаражаты  жеткілікті болған кез келген уақытта зейнетақы қорындағы ақшасын шешіп ала алады", – дейді ол.

Ал зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты жұмсау жөніндегі уәкілетті орган – бұрынғы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі", қазіргі "Отбасы банк" АҚ. Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы қорындағы жинақты алу жөніндегі өтінішті тұрғындар банкке онлайн түрде береді, осы мақсатта қазір арнайы платформа әзірленіп жатыр. Өтініш беруші "Отбасы банк" сайтына кіреді де зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін аударатын арнайы шот ашады. Банк сұраған құжаттарды тіркегеннен кейін өтініш қарауға жолданады. Ал ақша арнайы шотқа түскен кезде өтініш беруішінің телефон нөміріне SMS-хабарламасы келеді. Содан кейін ол 45 күннің ішінде зейнетақы ақшасын тиісті мақсатқа жұмсап үлгеруі керек. Егер осы уақытта үлгермесе, онда ақша қайтадан БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін салымшылар алдымен өз жинағын қарап, жеткіліктілік шегінен асатын қаржы бар ма, тексеріп алуы керек. Бұл туралы түсінік берген "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алуға болатынын жеткізді.Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады. Сондай-ақ, ол салымшы зейнетақы жинағын мақсатты пайдаланар алдында жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдауға болатынын айтты. Нақтырақ айтсақ, салымшы жеке табыс салығын бірден төлеуге немесе кейінге қалдыруға болады.

Брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева да сөз алып, азаматтар зейнетақысының бір бөлігін емделуге де жұмсауға болатынын айтты. Оның пікірінше, қаржыны сирек кездесетін ауруларды емдеуге, пластикалық операцияларға, стоматологиялық қызметтерге, қымбат диагностикалық тексерулерден өтуге пайдалануға болады.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу