Зейнетақы жинағынан алынатын ақшаға салық салмау керек

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13762

Салымшылар қордағы қаражат қамсыз қарттықтың кепілі екенін ұмытпауға тиіс.

Зейнетақы жинағынан алынатын ақшаға салық салмау керек

Мәжіліс депутаты Артур Платонов осындай мәлімдеме жасады. Ол зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу кезінде салынатын 10% салықты алып тастау үшін заңнамаға өзгеріс енгізу бастамасын көтерді.

"Азаматтардың зейнетақы жинағын алу кезінде салық түрінде ұстауға жоспарланған қаражат мемлекеттің барлық экономикалық мәселесін  шешпейді, алайда тұрғын үй мәселесін шешуде, азаматтарды емдеуде айтарлықтай көмек болады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу туралы Мемлекет басшысының бастамасы халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған. Сондықтан зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану ерекше жағдай ретінде қарастырылуы керек. Мәселені заңға өзгеріс енгізу арқылы шешуге болады", – деді депутат.

Айта кетейік, салық кодексінің 326- бабы бойынша, жеке табыс салығы салынатын табысқа бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан салық төлеушілердің зейнетақы жинағынан  төлейтін төлемдер де жатады. Бұл – зейнетақы жинағынан ақша алған азаматтар 10% салық төлейді деген сөз.

Естеріңізде болса, Президент биылғы жолдауында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компаниялардың иелігіне беруге пайдаланатынын айтты. Осының ізінше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің 721 мың азаматында дәл осындай мүмкіндік бар екенін, олар шамамен 1,4 трлн теңге ала алатынын жариялады.

Артур Платоновтың бастамасын экономист Олжас Құдайбергенов қолдады.

"Зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін халыққа үлестіру кезінде оған салық салмауға болады. Бұл заңмен реттелетін шаруа. 2021  жылдың 1 қаңтарына дейін заңнамаға өзгеріс енгізіп, халыққа жеңілдік жасауға болады", – деді ол.

Ал экономист Әнуар Үшбаев зейнетақы жинағының бір бөлігін үй сатып алуға, емделуге немесе жекеменшік басқару компанияларына беруге қарсы.  Оның ойынша, бұл бастама мәселені шешпейді, керісінше оны ушықтырады

"Зейнетақы жүйесінің басты міндеті – қамсыз қарттыққа кепіл болу, яғни қартайғанда кедейлердің қатарына қосылу тәуекелін төмендету. Зйнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу жоғарыдағы мақсатқа қарсы жұмыс істейді", – деді маман.  

Бұл мәселеге қатысты экономикалық сарапшы Сергей Домниннің өз ойы бар.

Ол халық бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сенбейтінін, зейнетақы жүйесіндегі активтердің табыстылығы төмен екенін және салымшылардың басым бөлігі осы уақытқа дейін жинақтарын "жеткілікті шек" мөлшеріне жеткізе алмағанын айтты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу