Өзгерістер салымшының қазіргі жасын ғана емес, оның зейнеткерлікке дейінгі қалған жасын, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық кірісті және өзге де ұзақ мерзімді факторларды ескеретін әдістемесін енгізуге байланысты қабылданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадамның болашақ зейнеткерлерді қорғау үшін қажет екеніне табандап отыр.
"Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін", – деп түсіндірді Еңбекмині.
Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін балама мақсаттарға, яғни, тұрғын үй мен емделу пайдалану мүмкіндігі әзірше сақталады.
"Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттіліктері үшін жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал, мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие. ЖШ-ны жаңарту зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың болашақта неғұрлым қорғалған әрі тұрақты табысқа сенім артуына мүмкіндік береді", – деп мәлім етті Еңбекмині.
ҚРҰБ кесімді мәлімдемесі
"Зейнетақы жинағы – бүгінгінің ермегі емес, ертеңгінің кепілі!" – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің байламы осыған саяды. Ол ел ішінде үлкен резонанс тудырған өзекті мәселеге – қазақстандықтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу үрдісіне нүкте қоятындай маңызды мәлімдеме жасады. Бас банкирдің пайымынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің түпкілікті миссиясы – әрбір азаматтың қарттық шағындағы лайықты әрі тәуелсіз өмірін қамтамасыз ету.
"Басты міндет – жас, белсенді әрі денің сау кезде жинақ жасауың керек, табысыңның бір бөлігін болашаққа шегеруге міндеттісің. Ашығын айту керек, бәріміз бірдей алдағыны ойлайтын ұтымды әрі прагматик жан емеспіз. Егер бұл талап заң жүзінде бекітілмегенде, азаматтарымыздың басым бөлігі бұл қаражатты бүгін-ақ жаратып жіберіп, ертеңгі күнін "көре жатармызға" салар еді. Дәл осы себепті заң жұмыс берушіге 10%-ды бірден ұстап, біздің жеке шотымызға аударуды міндеттеді. Сондықтан бұл ақшаға жеңіл-желпі қарамай, оны дәл кәрілікке арналған берік депозит ретінде қабылдау керек", – деген пікір білдірді Ұлттық банк төрағасы.
Әлемде Сингапур, Корея және басқа озық дамушы елдер азаматтарына зейнетақы жинақтарын ерте пайдалануға мүмкіндік береді. Кезінде Қазақстан да осы игі жолға түсіп еді. Алайда Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, зейнетақы жүйесінің табиғаты мерзімінен бұрын алу дегенді мүлдем қарастырмағаны дұрыс екен. Ол осы тетік кезінде пандемиядан кейінгі қысылтаяң шақта, халықтың әл-ауқатын шұғыл көтеру үшін ғана енгізілген уақытша амал деген ойда.
"Сол тұста пандемия салдарынан тұрмысы төмендеген халықтың әл-ауқатын демеу аса қажет болды. Бір жарым жыл бойы адамдар жұмыссыз қалды, нәпақа таба алмады, тоқырау орнады. Экономикаға да соны серпін-импульс керек еді. Сол кезде бұл қадамға амалсыз бардық. Ал бүгінде, соңғы үш жыл бойы экономикамыз тұрақты түрде 5,5–5,6% деңгейінде өсім көрсетіп келеді. Биылғы көрсеткіштер де жаман емес. Ендеше, ес жиып, етек жиған уақытта зейнетақы жинақтарын басты, классикалық рөліне қайта оралтуымыз қажет", – деп нықтады Ұлттық банк басшысы.
Болашақ зейнеткерлердің қаржылық қалқаны ма?
БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінің көтерілуі – бүгінгі күннің шектеуі емес, болашақ зейнетақының берік қорғанысы. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев БЖЗҚ-ның мерзімінен бұрын ақша алу шарттарын қайта қарау туралы шешіміне қатысты пікір білдіріп, бұл қадамның заңды әрі өмірлік қажеттілік екенін алға тартты. Оның байламынша, бұл – болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуға бағытталған шара.
Сарапшы ковид індеті өршіген қиын-қыстау кезеңде азаматтарға берілген бұл мүмкіндіктің түпкі мәніне үңілуге шақырады. Ол басынан бастап уақытша сипатта болды және халықты тығырықтан шығару үшін ғана жасалған еді.
"Зейнетақы жинағы дегеніміз – күнделікті майда-шүйде шығындарға жарата салатын кәдімгі банктік шот емес! Өкінішке қарай, соңғы жылдары көпшілік бұл ақшаны дәл солай қабылдап үйреніп кетті және еңбек демалысына шыққаннан кейінгі қарттық өмірін қамтамасыз ететін негізгі қорды бейберекет жұмсай бастады", – дейді Олжаев.
Оның ойынша, жеткіліктілік шегінің жоғарылауы – болашақтағы зейнетақы табысын сақтап қалудың механизмі.
"Мемлекет халықтың ақшасын тартып алып жатқан жоқ және меншік құқығына нұқсан келтірмейді. Шекті деңгейден төмен қалған бүкіл қаражат азаматтардың жеке зейнетақы шоттарында аман-есен сақталып, әрі қарай инвестициялана береді және өз иелеріне тұрақты табыс әкелуін тоқтатпайды", – дейді Олжаев.
Қаржылық аналитик шекті деңгейді есептеудің жаңа әдістемесі әлдеқайда терең, кешенді сипатқа ие болғанын жеткізді. Енді қажетті жинақ көлемін дәл анықтау үшін адамның күтілетін өмір сүру ұзақтығы, зейнетақы активтерінің алдағы ықтимал кірістілігі, жалпы еңбек өтілі, жарналардың қаншалықты жүйелі аударылғаны және зейнетке шыққаннан кейінгі болжамды табыс деңгейі сияқты маңызды факторлар есепке алынады.
Оның тұжырымдауынша, бұл реформа әсіресе, жас қазақстандықтар үшін маңызды. Өйткені мемлекет кеңес кезінен қалған ынтымақты зейнетақыны жойды. Болашақта қазіргі жұмыскерлердің қарттықта алатын зейнетақысының көлемі тікелей осы жеке жинақтарының деңгейіне байланысты болып қалады. Ал, алдағы ондаған жылдар ішінде еңбек нарығындағы жағдай да, табыс деңгейі де бірнеше мәрте құбылуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде, зейнетақы қорының көлеміне тікелей әсер етпей қоймайды.
Тек Ұлттық банк енді БЖЗҚ-да мұрты бұзылмай қалатын зейнетақы жинақтарын инфляцияға жем қыла бермесе, жөн болар еді.