Зейнетақы жинағының "жыры" жалғасып жатыр

14171

Қордан 2, 5 млн теңге алсаңыз, 250 мың теңге салық төлейсіз.

Зейнетақы жинағының "жыры" жалғасып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір емес, екі жолдауына жүк болған зейнетақы жинағы "жырының" таусылар түрі жоқ. 

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте Ұлттық банк пен үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білімін жетілдіруге мүмкіндік беретін механизм ойлап тауып, қолданысқа енгізуді тапсырды. Өкініштісі қаржы реттеушісі мен үкімет шұғыл әрекет етіп, нақты шара қолданған жоқ. Салдарынан 2020 жылғы 11 мамырда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені қайта көтерді. Президенттің 1 қыркүйекте жариялаған екінші жолдауында ғана салымшылардың 2021 жылы зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерден асқан бөлігін бастапқы немесе қайталама нарықтан үй сатып алуға, осыған дейін рәсімдеген ипотекалық қарызын жабуға, жер телімін сатып алуға, емделуге, білім алуға жұмсайтыны және жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аудара алатыны белгілі болды. 

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: "Президент жыл соңына дейін бұл мәселеге қатысты дайындық жұмысын жүргізуді тапсырды. 721 мың салымшы зейнетақы қорынан қаражатын алып, баспанаға, емге және білімге жұмсай алады. Бұл – шамамен 1,4 трлн теңге. Заңнамаға түзету енгізіліп, үкіметтің тиісті қаулысы және министрліктің бұйрығы жыл соңына дейін қабылданады деп есептейміз. Осыған орай 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға мүмкіндікті пайдалануға тиісті жағдай жасаймыз деп ойлаймыз", – деді. 

Министр бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында:

  • 30 жастағы азаматтың  – 2 млн 518 мың; 
  • 35 жастағы азаматтың  – 2 млн 961 мың; 
  • 40 жастағы азаматтың  – 3 млн 437 мың; 
  • 45 жастағы азаматтың  – 3 млн 947 мың;
  • 50 жастағы азаматтың  – 4 млн 495 мың; 
  • 55 жастағы азаматтың  – 5 млн 84 мың; 
  • 59 жастан асқан азаматтың  – 5 млн 586 мың теңгесі болуы керек екенін айтты. 

"Салымшылар осыдан асқан ақшаны ала алады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін "жеткілікті шек" ерлер мен әйелдерге бірдей болады. "Жеткілікті шек" жыл сайын есептеліп отырады. "Зейнетақы қорындағы жарнаның "жеткілікті шегі" әр жасқа бөлек белгіленеді. Бұл шек 20 жастан бастап есептеледі. Дәл қазір зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны белгілі болып отыр", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Салымшы зейнетақы жинағындағы шекті сомадан асқан ақшасын өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырылады. 

Сөз арасында министр зейнетақы жинағын пайдаланған кезде қандай шектеу болуы мүмкін екеніне тоқталды. 

"Зейнетақы жинағынан алынған ақшамен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге болады. Бұл кез келген банктен және кез келген бағдарламамен алынған ипотекаға қатысты болады. Жеке тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл жерде бір ғана шектеу болуы мүмкін. Зейнетақы жинағына алынған үйді 5 жыл сатуға болмайды", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Зейнетақы жинағы қолма-қол берілмейді 

Жеткілікті шектен асқан ақшаны баспана алуға пайдаланғысы келетін азаматтарға "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" негізінде құрылатын "Отбасы банкі" оператор болады. Бұл – азаматтарға зейнетақы жинағы қолма-қол берілмейді, ақша үшінші тараптың есепшотына аударылады деген сөз. Зейнетақы жинағын алу үшін қандай құжат тапсыру қажеттігін индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі бекітеді. 

Зейнетақы жинағын емделуге жұмсау тәртібі қандай?

Бұл сұрақ денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде шешіледі. Жоспар бойынша денсаулық сақтау басқармалары жанынан арнайы комиссия құрылады. Олар мәселенің мән-жайын анықтайды. Емделетін клиника таңдағаннан кейін азаматтар өтініштерін уәкілетті операторға тапсырады. Уәкілетті операторды алдағы уақытта үкімет белгілейді.

Зейнетақы активі басқару компанияларына қалай аударылады?

Салымшы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш жазып, қордағы қаражатын жекеменшік компанияға зейнетақы активін басқаруға рұқсат 
береді. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаcын қаржы  нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.

Зейнетақы жинағынан ақша алған азаматтар 10% салық төлейді

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, (Салық кодексінің 326-бабы)жеке табыс салығы салынатын табысқа бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан салық төлеушілердің зейнетақы жинақтарынан төлейтін төлемдер де жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар ең төменгі жалақы мөлшеріндегі салықтық шегерімді қолдану арқылы салық сомасын азайтуға құқылы.

"Халықтың әлеуметтік осал топтары (ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, барлық топтағы мүгедектер, мүгедектердің ата-аналары мен қамқоршылары, жетім балаларды асырауына алған ата-аналар) қосымша 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шегерім қолдануға құқылы. Бұл – 2,3 млн теңге. (Салық кодексінің 345, 346, 353-баптары). Көрсетілген шегерімдерді ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы жинағынан ішінара алынатын сомаларға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі. 

Бұл қордан 2,5 млн теңге алсаңыз, 250 мың теңге салық төлейсіз деген сөз.  

Тұрғын үй нарығына қарқын беру үшін...

Биыл елімізде 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Олардың барлығын өткізу керек. Үкімет зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтарға үлестіру арқылы тұрғын үй нарығына қарқын беруді көздеп отыр. Қаржы сарапшысы.
Олег Чеботаревтің сөзінше, зейнетақы қорының есебінен құрылыс компанияларының тамырына қан жүгірту дұрыс емес. 

"Зейнетақы қорындағы қаржының бір ғана мақсаты бар. Ол – зейнеткерлікке шыққан соң игілігін көру. Оның мақсаты қор нарығын дамыту емес. Мен зейнетақы жинағын екінші деңгейлі банктерге, экономиканың дамуына жұмсауға қарсымын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы тиімді басқарылуы керек. Дәл қазіргі уақытта ол тиімді басқарылып отырған жоқ", – дейді ол. Бұл ойды блогер Дәулет Мұқаев қостады.

"Мемлекет баспана бағасын төмендетуге ықпал етпесе, зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін халыққа үлетіргеннен пайда жоқ. Халық қымбат үй сатып алуға мәжбүр болады, ал құрылыс компаниялары табысқа кенеледі немесе қарапайым адамдар бірнеше үйі бар адамдардың босағасын жағалауын жалғастыра береді", – деді Дәулет Мұқаев.

Мамандар не дейді?

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық азаматтардың зейнетке шықпай тұрып, зейнетақы қорындағы жинағын алғаны дұрыс деп санайды. 

"Бұл бастаманы бұған дейін қолдағанмын, қазір де қолдаймын. Шетел азаматтары зейнетақы қорындағы қаражатын жеке мақсатта, инвестициялық бағытта қолданады. Бізде бұлай емес, неге? Зейнет жасына жеткенде зейнетақы қорындағы ақшаны инфляция жеп қояды. Осының алдын алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаның пайдалануға рұқсат беру керек", – деді Мақсат Халық

Экономист Олжас Құдайбергенов зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін халыққа үлестіру шынымен дағдарысқа қарсы шара болса, қордан алынатын қаржыға жеке табыс салығын салмау мәселесін қарастыруды ұсынып отыр. 

"Қалай болғанда да мемлекетке құрылыс компанияларынан салық түседі. 2021  жылдың 1 қаңтарына дейін заңнамаға өзгеріс енгізіп, халыққа жеңілдік жасауға болады", – деді Олжас Құдайбергенов. 

Еgov-тан емес, Еnfp.kz-тан қараңыз

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қанша қаржы жатқанын салымшылар egov немесе enfp.kz сайтынан біле алады. Айта кетерлігі, бұл операцияны еgov емес, еnfp.kz арқылы жүзеге асырған дұрыс. Себебі еgovинфляциялық табысты көрсетпейді, нақты жинақталған соманы ғана ұсынады. Ал enfp.kz сайты барлығын қосып көрсетеді. Мысалы еgov 3 млн деп көрсетілген жинақ еnfp.kz -те 5 млн болып тұруы мүмкін. Сондықтан жнағыңызды еgov-тан емес, еnfp.kz-тан қараңыз.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу