Зейнетақы жинақтарын жұмсаудың басқа жолдары ұсынылды

9777

Қолданыстағы БЗТ-ны пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізілуі мүмкін. 

Зейнетақы жинақтарын жұмсаудың басқа жолдары ұсынылды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, қазіргі кезде бірыңғай зейнетақы төлемдерін (БЗТ) алу жөнінде азаматтардан жалпы саны 213 мың 843 өтініш келіп түсіпті. Алайда соның ішінде қор әртүрлі себептермен 65 мың 201 клиентке БЗТ төлеуден бас тартты, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Осылайша, әзірге 144 мың 728 азаматтың арнайы шотына жалпы сомасы 752 млрд 133 млн теңге жинағы аударылды. Негізі, 1 миллионға жуық адам БЖЗҚ-дағы жинағын ерте жұмсау өтінішімен жүгіне алады.

Әйткенмен, кейбір адамдар тіпті арнайы шотына түскен ақшасын да пайдалана алмапты. Салдарынан, жинағы БЖЗҚ-ға мәжбүрлі түрде кері қайтарылып жатыр. Соның бірі, алматылық Руслан Ерғалиев бірыңғай зейнетақы төлемін игеруде қиындыққа кезіккенін әңгімеледі. Ол еліміздегі ірі банктердің бірі арқылы көп бөлмелі пәтер сатып алыпты.

"Үйді сатып алу-сатудың алдын ала келісімі бойынша иелендім. Баспананы банктің өзі сатты, жылжымайтын мүлік құнын 2,5 жыл бойы бөліп төлеуге мүмкіндік берді. Мені де дәл осы ұсынысы қызықтырды. Өте қолайлы. Әрі ипотека алған кезде болатын стандартты рәсімдерден өту де талап етілмеді. Содан осы қарызымды зейнетақы қорында жатқан ақшам есебінен жаба қояйын деп шештім. БЖЗҚ өтінішімді қанағаттандырып, "Отбасы банкіндегі" арнайы есепшотыма миллиондарды аударды. Ал оны пайдалану үшін арнайы платформада мүлікті сатып алу бойынша кредиттік міндеттемелерді растайтын құжаттарды тіркеуім қажет екен. Бірақ бағдарламада "бөліп төлеуді" ішінара өтеу мүлдем қарастырылмаған болып шықты", – дейді ол.

Осының кесірінен "Отбасы банк" Русланға зейнетақы жинағын жұмсауға тыйым салыпты. 

"Бүгінде мен осы қаражатқа өте зәрумін. Себебі биылғы жылдың басында ІІІ топтағы мүгедек болдым. Сондай-ақ еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы ала бастадым. Қолыма тиетін зейнетақы және жәрдемақы коммерциялық банк алдындағы міндеттемелерімді өтеуге жетпейді. Егер зейнетақы жинақтарымды "бөліп төлеуге" жұмсауға рұқсат етсе, онда ол 10 ай мерзімге арналған баспана төлемдерін жабар еді. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаға толықтыру енгізіп, "бөліп төлеу" бөлімін қосуды сұраймын. Өйткені бұл да ипотека секілді банктік өнім ғой. Оның үстіне БЗТ-ны пайдаланудың нысаналы мақсаты сол бойы қалады, яғни салымшының баспанаға қол жеткізуіне септеседі", – дейді Р.Ерғалиев.  

Оның айтуынша, осындай проблемаға кезіккен адамдар көп және олардың бәрі бағдарламадан тыс қалды.  

Осы мәселеге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап берді. Ведомствоның түсіндіруінше, министрдің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №24 бұйрығымен бекітілген "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларына" сәйкес, БЗТ-ны Қазақстан аумағында тұрғын үй сатып алуға пайдалануға жол беріледі. Соның ішінде оны "тұрғын үйді сатып алу, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбас жасау келісімшарттары" бойынша "толық есеп айырысу" үшін жұмсауға рұқсат етілген.

"Яғни, аталған қағидаларда бөліп төлеу келісімшарттары бойынша толық есеп айырысу кезінде БЗТ-ны қолдану көзделген. Бірақ жұртшылық бөліп төлеуді БЗТ есебінен тек ішінара өтеуге де мүмкіндік беруді сұрауда. Қазіргі кезде біздің министрлік қолданыстағы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруда. Оның аясында есеп айырысу формаларын кеңейту қарастырылады", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Қазақстандықтар биліктен БЗТ-ны пайдалану бағыттарын әртараптандырып, кеңейте түсуді сұрайды. Мәселен, ауыл кәсіпкері Бейбіт Оңғарбек жинақты бизнесті дамыту мақсатына қолдануға рұқсат ету керек деген пікірде.

"Маған комбайн және басқа да техниканы сатып алу керек болып тұр. Жақсы баспанам бар. Қаладан пәтер іздегім келмейді. Ендеше БЗТ-ны соған шығындау ниетім жоқ. Ауыл шаруашылығы техникасының бағасы жыл сайын қымбаттауда. Берілетін субсидия оның құнын толық өтемейтіні белгілі. БЖЗҚ-да біраз миллионым босқа жатыр. Оны бизнесімді дамытуға берсін. Әйтпесе, жыл сайын көктемгі егіс жұмыстарын өткізгенде және күзде егін орғанда техниканы жалға алуға қаншама миллион жұмсаймыз", – дейді бизнесмен.

Шығысқазақстандық Екатерина Быстрицкая БЗТ-ны пайдаланудың тағы бір тәсілін ұсынды.

"7 балам бар. Оның төртеуі балабақша жасында. Әкімдік тек екеуіне ғана мемлекеттік балабақшадан орын тауып бере алды. Екеуін қазір үйде күтуге мәжбүрмін. Бұған дейін олар жеке балабақшаларға барып жүрді. Кейін олар карантинге жабылған. Енді ашылып жатыр. Бірақ балаларымды қайта беру үшін қаржы керек. Ай сайынғы төлемі 25 мың теңгедей. БЖЗҚ-дағы жинағымды тексердім. Жеткіліктілік шегінен асатын 300 мыңдай теңгені ғана ала алады екенмін, ол неге жетсін?! Сондықтан мемлекет оның есебінен балабақша ақысын төлеуге рұқсат етсе деймін. Сонда бір балам мектеп жасына жетіп қалады. Әрі біраз қаражатымды үнемдер едім", – дейді Е.Быстрицкая.

Азаматтардың бір бөлігі әу баста уәде етілгенімен, зейнетақы жинағын балалардың орта және жоғарғы білім алуына жұмсау мәселесі бағдарламаға кірмей қалғанына наразы.

Сонымен бірге, БЗТ-ны биржаға салуға, сөйтіп жаһандық алпауыт компаниялардың құнды акцияларын не бағасы шарықтаған биткойн мен өзге криптовалютаны сатып алуға рұқсат сұрап жатқан азаматтар бар.

Қалай болғанда, Үкіметтің Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізуге кірісуі алда қоғамдық пікірге қозғау салуы мүмкін. Демек, министрліктерге азаматтардан түрлі-түрлі ұсыныстар қардай борауы мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу