Мұндай тосын жаңалықты Украина СІМ басшысы Сибига айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зеленскийдің Ресей президенті Владимир Путинмен жүзбе-жүз жолығуы БАӘ-дегі үшжақты талқының басты тақырыбы болады деген жорамал бар.
Еске салайық, Абу-Дабиде өткен екі күндік келіссөздерде Украина жер мәселесінде еш шегінбеген және айтарын ашық жеткізген. Үш тарап та "келіссөздер жақсы әрі мазмұнды өтті" деп есептейді. Зеленский бұған дейін Украина, Ресей және АҚШ делегациялары арасындағы үшжақты келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.
Негізінен, Украина президенті Путинмен бетпе-бет кездесуге бейілді екенін бірнеше мәрте ашық айтты. Былтыр Түркияға арнайы аялдап, Путинді "жекпе-жекке" шақырғаны да саясат сахнасына жақын жүргендердің есінен шыға қойған жоқ. Өкініштісі сол, ол жерге Путин келмей қойды. Өз орнына Мединский деген тарихшыны жіберді. Путин сенген саясаткер сұм соғысты тоқтату туралы айтудың орнына тарихқа терең бойлап, өткен-кеткенді қозғаған болатын.