Зеленский: Украина аңқау ел емес

2838

Киев пен Батыс Ресейдің "әскери операцияны" айтарлықтай қысқарту туралы уәдесіне сенбей отыр. Соған қарамастан, бүгін екі ел делегаттары тағы да кездесіп, қарулы жанжалды тоқтатудың негізін жасаудан үмітті.

Зеленский: Украина аңқау ел емес

Украина Ресейдің Киев пен басқа қалалар төңірегіндегі әскери операцияларды қысқарту туралы уәдесіне күмән келтірді. Өйткені батыстық кейбір сарапшылар Мәскеу енді елдің басқа аймақтарындағы шабуылдарын күшейтеді деген қауіп барын айтып отыр.

Ресейдің басқыншылығы майдан шептерінің көбінде украин әскерінің асқан қарсылығы нәтижесінде тоқтатылды және де соңғы кездері жергілікті армия айрылған территорияларды қайтара бастады.

"Өзара сенімді арттырып, келіссөздер үшін әрі қарай қажетті жағдайлар жасау мақсатында Киев және Чернигов бағыттарында әскери белсенділікті түбегейлі, үлкен айырмашылықпен азайту туралы шешім қабылданды", – деді журналистерге Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин Ыстанбұлда өткен келіссөздер соңында.

Ол оңтүстік-шығыстағы Мариуполь төңірегінде, шығыстағы Сумы мен Харьков, оңтүстіктегі Херсон мен Николаев үшін қақтығыстар жайында ештеңе айтпады.

Фоминнің сөзіне жауап ретінде Украина Президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні кешке мәлімдеме жасап, "украиндардың аңқау халық еместігін" ескертті.

"Украиналықтар осы 34 күндік басқыншылық кезінде және Донбасстағы соңғы сегіз жылдағы соғыс барысында жалғыз нәрсеге – нақты нәтижеге ғана сенуді үйренді", – дейді Зеленский.

Үлкен шабуылдар әлі жасалуы мүмкін

Пентагон сейсенбі күні Ресей әскерлерінің өте аз ғана бөлігінің Киевтің айналасындағы позициялардан кете бастағанын, бірақ бұның шегіну немесе соғыстан шығудан гөрі, бір жерден екінші жерге көшуге ұқсайтынын атап өтті.

"Бәріміз Украинаның басқа аймақтарына ауқымды шабуылдар жасалуы мүмкін екеніне дайын болуымыз керек. Бұл Киевке төнген қауіп сейілді дегенді білдірмейді", – дейді Құрама Штаттар қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Джон Кирби.

Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі барлау ақпаратына сүйене отырып, "Ресейдің шығыстағы Донецк және Луганск облыстарындағы шабуылдарға солтүстіктен күш тартуға тырысуы әбден мүмкін" екенін мәлімдеп отыр.

Мәскеуге жақтас "халық республикасы" болса, Украинаның шығысындағы бүкіл Донецк облысын бақылауға алған соң, Ресейге қосылу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал екенін хабарлады. Киев мұндай қадамның ешбір заңдық негізі болмайтынын қайта-қайта айтып келеді.

Ресей өз шабуылын Украинаны "қарусыздандыру" және оны "нацизмнен тазартуға" бағытталған "арнайы операция" деп атады. Ал Батыс бұл науқанға "себепсіз басып кіру" деген баға берді.

Бірнеше аптадан бері қоршауда тұрған Мариуполь теңіз портында мыңдаған бейбіт тұрғын қаза болуы мүмкін, деп хабарлады сейсенбі күні БҰҰ-ның осы елдегі адам құқықтары жөніндегі миссиясының басшысы Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Басқа жерлерде Украина күштері ілгері басып, Киевтің шетінде, солтүстік-шығыс пен оңтүстікте Ресей әскерлерінен кейбір елді мекендерді қайтарып алды. Ал, оңтүстіктегі Николаев қаласында зымыран негізгі әкімшілік ғимаратын жарып жіберген. Жергілікті билік кем дегенде 12 адамның қаза тауып, 33-і жараланғанын хабарлады.

Кейбір сарапшылардың сөзінше, Ресей негізінен ұтылып жатқан аймақтарда шайқастарды доғаруға уәде беріп отыр.

Ресей әскерлері болса, шабуылға ұшыраған қалалардағы украиндық күштерді жауынгерлік әзірлігін қалпына келтіру үшін атысты тоқтату режимін қолданды және ауруханалар мен мектептерге атыс пункттерін орнатты деп айыптады.

Диполоматиялық қысым

АҚШ Президенті Джо Байден сейсенбі күні Франция, Германия, Италия және Ұлыбритания басшыларымен Украинадағы соңғы оқиғаларды талқылау үшін сөйлеседі, деп хабарлайды Ақ үй.

Франция Президенті Эммануэль Макрон сейсенбі күні Ресей Президенті Владимир Путинмен де сөйлеспек.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ-тың экономика жөніндегі ұлттық қауіпсіздік кеңесшісінің орынбасары Далеп Сингх, атысты тоқтатуға шақыра отырып, бірақ Мәскеуді ашық айыптаудан бас тартқан Үндістанға барады.

БҰҰ-ның азық-түлік жөніндегі басшысы сейсенбіде бұл әскери жанжал Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының жер-жаһандағы 125 миллионға жуық адамды тамақтандыруға бағытталған күш-жігерін тоқтатуға жақындап қалғанын ескертті. Өйткені фермерлері қару алып майданға аттанғандықтан, Украина "әлемнің астық қоржынынан нан үшін кезекке тұратын елге" айналып кеткен.

Ұсыныстар

Украина келіссөзшілерінің ұсыныстары бойынша, Киев альянстарға қосылмауға немесе шетелдік әскери базаларды орналастырмауға келіседі, бірақ соның есесіне, оған НАТО әскери одағы ұжымдық қорғаныс шартының "5-бабына" ұқсас қауіпсіздік кепілдігі берілуі керек.

Олар мұндай кепілдік бере алатын елдер ретінде Израиль мен НАТО-ның мүшелері – Канада, Польша және Түркияны атады. Бұған Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Италия да тартылуы мүмкін.

Осы қауіпсіздік кепілдігі бойынша Украинада референдум өткізуді талап ететін ұсыныстарда 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырымның мәртебесіне қатысты 15 жылдық консультация кезеңі туралы да айтылған.

Ұсыныстың тағы бір тұсында Ресей Украинадан сепаратистерге берілуін талап етіп отырған оңтүстік-шығыс Донбасс аймағының тағдырын Киев пен Мәскеудің бірлесіп талқылайтыны айтылған.

Киевтің ұсыныстары арасында Украинаның Еуропалық одаққа қосылуына Мәскеудің қарсы болмайтыны туралы да пункт бар. Мұны Ресейдің жетекші келіссөзшісі Владимир Мединский мәлімдеді. Ресей бұған дейін Украинаның ЕО-ға, әсіресе, НАТО-ға мүше болуына қарсы болғаны белгілі.

Мединский Ресей делегациясының бұл ұсыныстарды зерттеп, Президент Путинге беретінін де атап өтті.

Бүгін Ресей мен Украина тағы да келіссөз өткізуді жоспарлап отыр. Онда қарулы қақтығыстарды тоқтатуға негіз қаланады деген үміт бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу