Зеленскийдің аяқ асты қабылдаған шешімі украин жұртын алаңдатып қойды

14631

Сіз кімсіз, Александр Станиславович Сырский?

Зеленскийдің аяқ асты қабылдаған шешімі украин жұртын алаңдатып қойды Фото: washingtonpost.com

2022 жылы соғыстың алғашқы күндері Киевті сақтап қалған Александр Сырский Владимир Зеленскийдің жарлығымен Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

Жасы 58-ге толған Александр Сырский 2019 жылдың тамызынан бері Украина армиясының Құрлық әскерлерінің қолбасшысы болды.

Оның тағайындалуын сарапшылар болжаған болатын. Алайда оның ұлтының орыс екені Украина жұртшылығын біршама ойлантып тастады.  Әлеуметтік желіде, тіпті телеарналар мен радиода пікірталастар өрбіді.

Ресейлік пропаганда бұл отқа май құя түсті. Олардың сендіруінше, ресейлік Владимир қаласында оның ағасы – Олег Сырский тұрады. Александр Сырскийдің Украинаның бас қолбасшысы болып тағайындалғаны туралы жаңалық жария болысымен, Олегке ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі қоңырау шалып, құйтырқы сұрақтар қоя бастайды. Олег інісімен көріспегеніне көп болғанын жеткізген.

"Мен онымен қарым-қатынас жасамаймын. Мен тіпті оның қайда тұратынын да, мекенжайын да білмеймін", – деп Олег азар да безер болды.

Ресейдің арнайы қызметтері тыңшы деп қауіптеніп, қудалайды деп қорықса керек.

Ресейлік пропагандистік тағы бір ақпарат құралы – RT (Раша Тудей) Сырскийдің түп-тегін қазбалады.

Оның байламынша, Украинаның жаңа бас қолбасшысының ата-анасы да Ресейде тұрады және "Бессмертный полк" шеруі мен акцияларына "тұрақты түрде" қатысады-мыс.

Александр Сырский 1965 жылғы 26 шілдеде Ресейде, Владимир облысының Новинки селосында дүниеге келген. Ресейде мектеп пен жоғарғы оқу орнын бітірген. 1982 жылы Мәскеу жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін аяқтады. Кейін украиналық бойжеткен Тамара Харченкоға үйленіп, Украинаға қоныстанды, жаңа Отанын тапты.

Одақ тарап жатқан тұста Украинадағы Қарулы күштер академиясына түсіп, оны 1996 жылы қызыл дипломмен тәмамдады. Онымен шектелмей, 2005 жылы Украинаның Ұлттық қорғаныс академиясын алтын медальмен бітірді. Осылайша, жедел-стратегиялық деңгейде шешім қабылдай алатын әскерилердің аз шоғыр тобына қосылды.

Кеңес заманында еңбек жолын взвод командирінен бастаған Александр Сырский бәсекелестері аз болғандықтан, Украинада әскери мансап сатысында тез өрледі. 2000-2002 жылдары дивизия штабының бастығына дейін жоғарылады. Артынша жеке механикаландырылған бригаданы басқарды. 2007 жылы Сырский УҚК Біріккен оперативті қолбасшылығының қолбасшысының бірінші орынбасары - Штаб бастығы лауазымын иеленді. 2011-2012 жылдары УҚК Бас штабының бітімгершілік операцияларына жетекшілік етті.

2014 жылы Қырым Ресейге өтіп, Донбаста қарулы жанжал басталғанда, Сырский Антитеррористік операция қолбасшысының орынбасары лауазымына ауысты.

Бүгінде Зеленский де, Залужный да оған мол сенім мен үміт артатынын барынша паш етуге тырысуда.

"Украинаның Қарулы күштерінің басшылығы лауазымына жаңа басқарушылық команда кірісіп отыр. Мен Работинодағы немесе Авдеевкадағы, яғни барлық бағыттардағы біздің жауынгерлерімізде және Бас штаб пен Ставкада соғысқа қатысты бір және ортақ көзқарас пен ұстаным болғанын қалаймын! Мен әртүрлі деңгейлердегі командирлермен, бригадалық генералдармен ондаған әңгімелесу өткіздім. Олардың барлығы барынша тәжірибелі украиналық қолбасшының жетекшілігімен елге қызмет етіп, армияда басшылық лауазымдарды атқаруға дайын", – деп атап өтті Зеленский.

"Соғысқа қатысты ортақ көзқарас" деген мәлімдемесінің астарлы мәні бар. Өйткені елдің Жоғарғы бас қолбасшысы В.Зеленский мен армияның Бас қолбасшысы В.Залужный арасында былтырғы күзден бері текетірес туындады. Әлемде танымалдылығы үшін қызғанып, өзін Президенттің тыңдауды қоя бастағанын түсінген Залужный оның үстінен аттап, былтырғы қарашада америкалық The Economist басылымына Президент кеңсесінің келісімінен өтпеген атышулы мақаласын жариялады.  

Онда Бас қолбасшы жаудың берік қорғанысын билік күткендей, "терең әрі әдемі жарып өтудің" болмайтынын кесіп айтты. Залужныйдың байламынша, Украина және Ресей арасындағы қарулы қақтығыс "әр тарап итжығыс түсіп, бірін-бірі ала алмайтын, тек қансырататын позициялық соғыс кезеңіне" көшті. Ол Украина билігінің "Ресейді жете бағаламайтынына" налыды.  

Мақала жарияланып кеткен соң Президент Зеленский оған наразылығын ашық білдірді, Украина армиясы шабуылының тоқырамағанына, алда ірі жеңістер болатынына сендіріп бақты.

Содан кейін билікке жақын украиналық саясаткерлер, блогерлер Залужныйдың стратегиясы мен тактикасындағы "кемшіліктерін" бетіне басып, қоғамды оның отставкасына дайындады. Тиісті жарлыққа қол қойылғаны туралы инсайдерлік жаңалық кейінгі екі-үш ай бойы қоғамдық пікірді дүрліктірумен болды. Зеленскийдің өзі халыққа үндеулерінде, әлеуметтік желідегі посттарында мұны жоққа шығарудан шаршамады. Ақыры Украина жұртшылығы "малтадай әбден езілген" бұл жаңалықтан мезі болып, қолын бір сілтегенде, Президент шынында да Залужныйды орнынан алып тастады.   

Зеленский енді Александр Сырскийдің біліктілігіне, ұстанымына сеніп, сүйенетінін жеткізді.

Оның айтуынша, жаңа бас қолбасшының Отан қорғаудағы табысты тәжірибесі мол. Ол Киевтің қорғаныс операциясын орындады. Сондай-ақ Харьков облысын азат ету операциясын жүзеге асырды.

Өз дереккөздеріне сілтеме жасап, еуропалық Politico басылымының жазуынша, Украина солдаттары Сырскийді "қасапшы" (мясник) деп атайды-мыс. Ол кеңестік ұстанымды ұстанады, сөйтіп, шабуылдың мақсатына жету үшін жауынгерлердің басын қауіпке тігуге дайын көрінеді. Politico Сырскийдің Бахмут қаласы үшін шайқасқан украиналық күштерді басқарғанын, сонда Ресей тонналық авиабомбалармен, термобарикалық бомбалармен жермен-жексен еткен қаланың ішінде көптеген жауынгердің босқа жер құшқанын мысалға келтіреді.

Залужный болса, сардарлар мен сарбаздарды барынша аман алып қалуды, сол үшін қажет болса, шегінуді жөн көреді. Мысалы, Залужныйдың отставкаға жіберілгені туралы жаңалық жарияланысымен, әлеуметтік желіде Украина армиясы қатарында шайқас салған ұлты қазақ жауынгердің бірі үндеу жариялап, алғы шептен кететінін мәлімдеді.

"Залужныйдың қызметінен алынып, орнына Сырскийдің тағайындалуы туралы шешімнің мәні бар. Оған майдан даласындағы іс-қимылдар тактикасын қайта қарау қажеттілігі ықпал етті. Себебі, бұрынғы тактика былтыр көп күткен лайықты нәтижеге толық көлемде қол жеткізуді қамтамасыз ете алмады", – деп ашығын айтты Украина Президенті кеңсесі басшысының көмекшісі Михаил Подоляк.

Оның байламынша, алғы шептегі тоқырау-стагнация қоғамдық көңіл-күйге де теріс әсер етуде. Жұрт жеңістен түңіле бастады. Батыс, басты серіктестер Мәскеумен бітімге келу туралы жиі айтатынды шығарды. М.Подоляк бұған жол беруге болмайтынын, сондықтан жаңа бас қолбасшы жаңа функционалды, жоғары технологиялы шешімдерді тауып, сол арқылы бекіністерді ұстап қалуға, шабуыл бастамасын өрістетуге тиістігін қосты.

Сондай-ақ Сырскийге армиядағы басқарушылық принциптерді реформалау процесін іске қосу жүктеліпті. Яғни, билік енді Залужный кезінде генералдар арасында белең алған "соғыс тұйыққа тірелді" деген пікірді естігісі де келмейді.

"Соғыс бір қалыпта тұрмайды. Соғыс өзгеруде және бізден де өзгерістерді талап етеді. 2022 жылғы, 2023 жылғы және 2024 жылғы соғыс іс-қимылдары – әртүрлі 3 өмір шынайылығы. Биылғы жыл соғысқа жаңа өзгерістерін әкеледі. Оған біз дайын болуға тиіспіз. Жаңа тәсілдер, жаңа стратегиялар қажет", – деп түсініктеме берді Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров.

Әскери сарапшылар абайлап оптимизм білдіреді. Украиналық әскери сарапшы Олег Жданов Украинаның Құрлық әскерлерін басқарғанда Александр Сырскийдің әскерлердің бүкіл құрылымын НАТО стандарттарына сәйкес келтіруге күш-жігер шоғырландырғанын қаперге салды. Оның қолбасшылығымен құрлық әскерлері Батыстың жіберген заманауи, жоғары технологиялы қаруларын шеберлікпен меңгерді.

Александр Сырский Киевтің екі "сақиналы" бекінісін ұйымдастырды. Қала сыртында ғана емес, шаһар ішіндегі әрбір үйдің жанында бекіністер, блокбекеттер пайда болды. Киев бірнеше секторға бөлінді. Әрбір ауданды қорғау ісін басқаруға бір-бір генералдан бекітіліп, олар соған басымен жауап берді. Әр секторда офицерлерге штабтан хабар күтпей, кеңеспей, тактикалық шешімдерді өз бетінше, дереу қабылдауға рұқсат етті.

Украинаның қолында бар азын-аулақ күш-құрал үлкен қаланы қорғауға да жетпейтін. Соған қарамастан, әртараптандырылған қорғаныс жау әскерінің шашырауына және жеке-жеке жойылуына соқтырды. Генерал тіпті әдетте оқыту-жаттығу үшін ғана қолданылатын ескі артиллериялық жүйелерді де іске жарата алған.

Сондай-ақ Сырский соғыс бастала салысымен, армиялық авиацияның әуе көліктерін – әскери ұшақтар мен тікұшақтарды амбарлардан, негізгі базалардан шығарып, сайын далаға тарауына бұйрық берген. Осы және басқа да әскери өнері мен ерлігі үшін ол 2022 жылғы 5 сәуірде "Украина Қаһарманы" атағына ие болды.

Украиналық әскери-құқықтық зерттеулер орталығының басшысы Александр Мусиенко Сырскийдің "жылдам, қарқынды, маневрлік іс-қимылдарға құрылған шабуыл операцияларының жақтаушысы" екенін айтады. Ендеше оның жаңа бас қолбасшы болуы 2024 жылы Украинаның қорғаныста жастана жатып алмайтынын, белсенді қарсы шабуылға шығуы мүмкіндігін білдірсе керек.

Бірақ әзірге ол беймүмкін сияқты. Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметінше, Украина армиясында өткір снаряд тапшылығы басталды. Бір күнде Ресей әскері ататын 10 мың оқ-дәріге украиналық артиллерия небәрі 1 мың оқ-дәрімен жауап береді. Он есе басымдық алғы шепте анық көрінеді. Өткен жылдың соңынан бері Ресей Марьинка қаласын басып алды, қазіргі кезде Авдеевка, Купянск, Часов Яр, Курахово сияқты бірнеше қаланың құлау қаупі төнді. Алғы шеп жақындаған, аяусыз бомбаланған қалалардан, кенттерден тұрғындарды жаппай эвакуациялау жалғасты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу