Жаһан доллардан бас тарта бастады

1102

Financial Times Дональд Трамптың президенттігі АҚШ валютасына аяусыз соққы беріп жатқанына назар аудартады.

Жаһан доллардан бас тарта бастады Фото: yaroslavl.ldpr.ru

2024 жылғы қарашада, президенттік додада жеңіске жете сала Трамп өзге елдерге, соның ішінде БРИКС бірлестігіне кіретін мемлекеттерге доллардан бас тартуға болмайтынын қатаң ескертіп еді.

Ол "доллардан бас тартуға және өзара есеп айырысуда оны басқа валюталармен ауыстыруға талаптанған елдерге қарсы 100% баж алымдарын енгізетінін" айтып, қаһарланды. Бұл қоқан-лоққысын америкалық көшбасшы 2024 жылғы 30 қарашада, әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жариялады.

Содан бері біраз уақыт өтті. Америкалық Financial Times (FT) талдауы көрсеткендей, енді жаһанда дедолларизация керісінше, күш алуда.

Сарапшылардың байламынша, доллардың саудадағы, одақтардағы және қаржылық ұйымдардағы жаһандық көшбасшылық дәуірі Трамп тұсында тәмамдалуға таяғанға ұқсайды.

Америкалық доллардың халықаралық резервтік статусын ақтаған экономистер көбіне АҚШ-тың жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі, америкалық қаржы нарықтарының ауқымы және өтімділігі сияқты көптеген құрылымдық факторларды дәлелге келтіреді.

Алайда мұндай тәсіл әлемдік нарықтың қалған қатысушыларының – басым көпшіліктің мүдделерін ескермейді. "Көп түкірсе – көл" деген қағидат қаржы саласына да жүреді, көпшілік көшбасшыны да өз дегеніне иліктіре алады.

FT жазуынша, Дональд Трамптың екінші президенттігі Американың пайдасына қызмет етіп келген ескі "цифрлық талдаудың" шектеулі әрі бұрыс екенін нақты көрсетті.

"Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін доллар басқа ірі валюталармен, бірінші кезекте фунт стерлингпен тең жағдайда күрес жүргізді, көбіне итжығыс түсті. Ол кейде британдық фунтты тықсырды. Бірақ Ұлы депрессия сияқты форс-мажорлық оқиғалар оның басқыншылығын қатты тежеді. Ал, жаһандық соғыстан кейін дүниежүзінде жалғыз ғана супердержава қалды, ол – АҚШ. 1945 жылдан бастап "жасыл" валютаның әлемге басыбайлы үстемдік еткен заманы басталды", – деп еске салды америкалық қаржылық басылым.

Доллардың монополиясын бекем ету үшін Бреттон-Вуд қаржы жүйесі, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және басқасы құрылды.

Әсіресе, доллардың жаһандық жалғыз резервтік валютаға айналуына "Маршалл жоспары" сүбелі үлес қосты. Дүниежүзілік соғыстан экономикасы күйреген Еуропа елдері долларды басып шығару көлемін АҚШ-тың алтын қорымен шектеуді жойды және алтынмен қамтамасыз етілмеген валютаны мойындауға келісті.

Осыдан кейін Еуропаны қалпына келтіруге миллиардтаған доллар тасқындады. Маршалл жоспары бойынша 1948 жылдың 4 сәуірінен 1951 жылдың желтоқсанына дейін жалпы сомасы шамамен 13 миллиард доллар жұмсалды. Оның негізгі бөлігі Ұлыбританияға (2,8 млрд), Францияға (2,5 млрд), Италияға (1,3 млрд), Батыс Германияға (1,3 млрд), Нидерландыға (1 млрд) берілді.

Еуропаның долларды ортақ мойындауы арқасында халықаралық төлемдер тез қалпына келді. Бір-біріне қас болып, арасы ажыраған еуропалық елдердің экономикалары доллар арқылы қайтадан әлемдік бірыңғай тәртіпке интеграцияланды.

Бреттон-Вуд жүйесі іс жүзінде 1971 жылы күйреді. Басқа валюталар америкалық долларға байлануын доғарды. Содан бері өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарға көшіп жатыр.

Бірақ экономикалық салмағына, төрткүл дүниедегі №1 супердержаваға айналуына байланысты АҚШ содан кейін де әлемдік көшбасшылығын сақтады. Ал, доллар – халықаралық №1 резервтік валютаға айналды.

"Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынен бері, жарты ғасырдай уақыт бойы доллардың әлемдегі үстемдігі таза арифметикаға сүйенді: АҚШ-тың жаһандық жалпы ішкі өнімдегі қомақты еншісі және қаржылық транзакциялардағы орасан зор үлесі, сондай-ақ қалыптасқан геосаяси және басқа қатынастар басшылыққа алынды. Алайда осы үш кит немесе ұштаған, әсіресе, екіншісі және үшіншісі күтпеген жерден әлсіз болып шықты. Олардың нашар тірек екенін Дональд Трамп небәрі бірер айда залалды іс-қимылдарымен паш етті", – деп жазды FT.

Америкалық бірқатар сарапшылардың байламынша, Трамп әкімшілігі өзінің саяси, экономикалық серіктестерімен ғасырлар бойы қалыптасқан іскерлік қатынастарды, ынтымақтастық байланыстарын бырт-бырт үзуде және осы арқылы халықаралық қаржы аренасындағы доллардың үстемдігіне қатер төндіруде.

Мысалы, 3 сәуірден бері Американың өз серіктесі саналатын 184 ел мен Еуропалық Одақтың экспортына қарсы Трамптың жоғары тарифтер енгізуінің, осы арқылы өз одақтастарына жаһандық сауда соғысын жариялауының өзі неге тұрады?! Соның кесірінен, осы елдердің қаржылық-экономикалық статистикасы құлдырай бастады.

"Америкалық экономика дамыған экономикалар арасындағы көшбасшылығын сақтады. Бірақ оның күш-қуаты, дәлірек айтқанда, жаһандық экономикадағы үлесі соңғы бірнеше онжылдық бойы тоқтаусыз төмендеп келеді. Қытай экономикасы оның алдын орауға шақ тұр. Сөз жүзінде ол бүгінде "екінші экономика" саналады, шын мәнінде саны тұрақты түрде өскен бірқатар параметрлері бойынша АҚШ экономикасын басып озды", – деп жазды "Monocle" басылымы.

Ал, Құрама Штаттардың экономикасы қазіргі кезде америкалық валютаның қуатының басты ұстыны болып табылады. Ол шайқалса, доллардан да қауқар кетпек.

Өзге тіректері қаншалықты мығым? Американың жаһандық экспорттағы үлесі 1,5 есеге, нақты айтқанда, ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы 18%-дан қазіргі кезде 11%-ға дейін құлдырады.

Financial Times сарапшылары егер Президент Трамп қазіргі кесірлі сауда саясатын әрі қарай жалғастырса, тарифтерінен толық бас тартпаса, онда келесі 4 жылда Америка экспортының жаһандағы үлесі одан сайын кемитінін ескертті.

Өйткені Трамп экспортына тосқауыл қойған екі жүздей елдің тегеурінді бөлігі, негізінен, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Канада, Қытай және басқасы америкалық тауарларды сатып алу көлемін күрт қысқарту шараларына белсене кірісті. Тұтынушылары америкалық өнімдерден бас тартып, оның баламаларына көшуде.

Әзірге Трамп тарифтік саясатынан бас тартатын емес. Биылғы 12 мамырда Женевадағы келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен ҚХР 90 күнге Америка тауарлары үшін тарифтерді 10%-ға дейін, ал, Қытай тауарлары үшін 30%-ға дейін төмендетуге келісті. Алайда көп ұзамай екі ел келіссөздерді бұзды деп бірін-бірі айыптады.

10 маусымда Лондонда жаңа келіссөздер өтті. Оның қорытындысында тараптар 90 күн бойы АҚШ-қа жеткізілетін қытайлық тауарлар үшін 30%, ҚХР-ға импортталатын америкалық тауарлар үшін 10%-дық тарифтерді сақтауға уағдаласты.

Келісімнің мерзімі 2025 жылғы тамыз айының ортасында аяқталады. Тараптар келісім сақталған жағдайда оның мерзімін ұзартуға мәмілелесті. Әйтсе де, 30 пайыздық тариф те жоғары саналады.

Егер АҚШ қазіргі солақай саясатын өзгертпесе, FT байламынша, Америкадан теріс айналған жүздеген мемлекет доллардан бас тартуға – валюталық-қаржылық диверсификацияға түпкілікті ден қояды. Осы арқылы соңғы жылдары онсыз да күш пен қарқын алған дедолларизация процесіне соны серпін береді.

Сарапшылар "жасылдың" резервтік мәртебесіне теріс ықпал ететін факторларды тере келе, Трамп тұсындағы Американың өте тұманды, бұлыңғыр қаржылық-фискалдық перспективаларын нұсқады.

АҚШ Конгресінің бюджет басқармасының дерегінше, жеке тұлғалар алдындағы Американың мемлекеттік қарызы 2024 жылғы ЖІӨ-ге шаққандағы 99%-дан 2034 жылы – 116%-ға, 2044 жылы – 139%-ға, ал, ғасыр ортасында, 1954 жылы – алапат 166%-ға дейін шығандайды.

Оның үстіне егер Трамп 2028 жылы үшінші президенттік мерзімге қол жеткізе алса, бұл теріс көрсеткіштер тек еселенеді. Бірақ қазіргі кезде ақпарат құралдары Трамптың денсаулық жағдайы нашарлағанына назар аударып жүр.

Мысалы, Пентагон "Президент пәпкідегі құжаттарды оқуға қиналатындықтан", оны құлақтандыру үшін құпия мәліметтер туралы видеороликтер түсіретінін мойындады.

Бұған америкалық қоғамның былтырғы сайлаудан кейін бірігу орнына екіге жарылып, саяси поляризациялануының ушығуы қосылды. Лос-Анджелестегі және өзге елді мекендердегі халықтың толқулары осыған дәлел. Салдарынан, біраз шетелдік инвестор АҚШ-тағы жобаларына инвестиция құюдан, экономикасына салым салудан іркілді.

Сондай-ақ, Ақ үй әкімшілігінің, ең алдымен, Дональд Трамптың долларды басып шығаратын "Федералдық резервтік жүйемен" (Federal Reserve System, ФРС), сондай-ақ "жасылды" қолдауда маңызды рөл ойнайтын АҚШ Орталық банкімен қақтығысуы да америкалық валютаның тартымдылығын төмендетуде.

Бұл ұйымдар – тәуелсіз әрі атқарушы биліктің бұйрықтарына бағынбайды. Ал, Трамптың командасы оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын көнбіс ұйымға айналдыруға талпынуда.

Содан біраз ел Құрама Штаттарда сақтаулы алтынын әкетіп жатыр.

Қорыта айтқанда, сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ-тың серіктестерімен, бірінші кезекте – Еуроодақпен қарым-қатынасы ушыға берсе, бүкіл Еуропа мен дамыған елдер өз резервтерінің басты валютасы ретінде доллардан бас тартуы мүмкін. Бұл – Трампқа қарсы санкция болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу