Жаһандық саясат: Ірі державалардың ойыны өзгеріп барады

528

13-15 мамыр күндері АҚШ басшысы Дональд Трамп Қытайға сапарлап барып, аспан асты елінің басшысы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізді. 

Жаһандық саясат: Ірі державалардың ойыны өзгеріп барады Фото: AP Photo / Mark Schiefelbein

Әуелде Трамптың сапарынан жұртшылық басқа нәрсені күткені белгілі: тарифтер жайын меңзеп, реті келсе Қытайға қатаң талаптар қоя ма ма делінген. Алайда екі тарап бақталастықтан гөрі ымыраға бейім болып шықты.

Бір қызығы, көп өтпей Қытайға Ресей басшысы Владимир Путиннің де сапармен баратыны мәлім болды. Сарапшылар бұл оқиғалардың тектен-тек болып жатпағанын айтуда. Ендеше, бұл келіссөздерді қалай болжауға болады?

Нәтижесіз қысымның соңы

Жұртшылық күткендей келіссөздерде сауда текетіресіне қатысты қатаң риторикалар болған жоқ. Негізі Трамп АҚШ билігіне келгенде Қытайдан импортталатын тауарларға қатты шүйлігіп, тарифтерді 145 пайызға дейін көтерді. Өз кезегінде Қытай да 125%-ға дейін арттырды. Соның кесірінен екі ел арасындағы сауда 2024 жылғы 600 млрд доллар деңгейден, 2025 жылы 400 млрд-қа дейін құлдырады.

Бірақ Қытай бұдан аса қиындық көре қойған жоқ. Өйткені арзан өнімі әлемдік нарықта сұранысын жоғалтпайды. Мысалы, 2026 жылдың басына қарай әлемдік саудада тұрақсыздық болып, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғысып жатқанда, Қытай керісінше экспортын өсіре берді – сыртқы саудасы 14,1 пайызға артты.

Мұндағы Қытайдың артықшылығы – сирек кездесетін металлдар нарығындағы үстемдігі. Трамп тарифтермен қысым көрсетуді ойлағанда, Бейжің жай ғана осы қымбат металдар экспортын тоқтата салған еді. Бұл қадам АҚШ-тың жоғары технологиялық нарығына қиындық тудырды.

Ақыры 2025 жылдың қазанында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында екі тарап шиеленісті аз да болса басуға келісті. АҚШ биыл күзге дейін тарифтерді көтермейтінін жеткізді. Ал Қытай сирек металдарды беруге келісті. Әрине, Қытай да бұл текетірестерден қиындық көргені рас. Дегенмен экспорттың арқасында әлемдегі екінші экономика атанып, АҚШ-пен теңдей тілдесе алатынын байқатты. Яғни, ымыраға келу екі тарап үшін де тиімді.

Иран – басты тақырыптың бірі

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы кейінгі кездесу жаһандық күштер саясатының баяу, бірақ терең өзгеріп жатқанын айқын көрсеткен. Келіссөз күн тәртібінің басқа шындығын ашқан. Мәселе негізгі назар экономикадан гөрі Иран мәселесіне ауысты. Иран соғысы Қытай үшін жаһандық саясаттағы ықпалын арттыру үшін мүмкіндік болып отыр.

– Бұл өзгерістер ірі алпауыттардың қауіпсіздік басымдықтарын қайта бағалауын байқатады. Екі алып арасында экономикалық бәсеке әлі де жалғасуда, бірақ ол барған сайын жоғары деңгейдегі қауіпсіздік мәселелеріне бағына бастады. Бүгінде Иран тек аймақтық фактор емес, ол жаһандық тәртіптің "сынақ алаңына" айналды. Ал Вашингтон үшін бұл тежеу саясаты, одақтастарының сенімділігі және Таяу Шығыстағы шиеленісті бақылау мәселесі. Ал Бейжің үшін бұл тұрақтылық жағынан маңызды: үздіксіз энергия тасымалдау мен Еуразиядағы стратегиялық дәліздердің қауіпсіздігі. Біз қазір қақтығыстың толық шешілуін емес, керісінше, оны басқарудың жаңа формасын көріп отырмыз. АҚШ пен Қытай өз қайшылықтарын жойып жатқан жоқ, олар сол қайшылықтардың ішінде өмір сүрудің ережелерін қалыптастыруда. Иран осы процесте келіссөз құралына айналып отыр.  Тараптар өз шекараларын, "қызыл сызықтарын" тексеріп, бір-біріне белгі беріп бақылаудан шығатын эскалацияның алдын алуға тырысады, – дейді халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов.

Саясаттанушы сөзінің жаны бар, өйткені келіссөзде америкалық тарап қытайлықтардан ең алдымен Иранға қару жеткізуді тоқтатуды сұрады. Сонымен қатар Ормуз бұғазының ашылуына жәрдем көрсетуін де айтқан. Себебі қазір Қытай – Иран басшылығына ықпал ете алатын жалғыз ел.

Мұны Иран да жақсы түсінді. Сондықтан 14 мамыр күні бірден Ормуз бұғазы арқылы 30 қытай кемесінің өтуіне рұқсат берді. Иран Қытайдың қысымына ұшырағысы келмейді, өйткені бұл елге белгілі бір деңгейде тәуелді. Оның үстіне, соғысқа дейін Иранның тәулігіне өндірілетін 1,3 млн баррель мұнайы іс жүзінде толықтай тек Қытайға экспортталып келген.

Бір қызығы, Қытай тарапы да үнсіз қалған жоқ. Жағдайды тиімді пайдаланып, Тайвань мәселесіне қатысты өз ұстанымдарын ашық білдірді. Бірақ осы тақырыпқа келгенде АҚШ билігінің үнсіз қалғаны айтылады. Әрине, ірі державалар келіссөзінің түгелдей мазмұнының жария бола бермейді. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов та бұл сөзімізді растап отыр.

– Біріншіден, АҚШ пен Қытай қалай алғанда сауда, жаңа технологиялар өндірісі, жасанды интеллект пен чиптер шығаруда бір-біріне тәуелді екенін байқатты. Екіншіден,  АҚШ билігі Қытайға "кішірейіп" барды деу артық емес. Себебі осы келіссөзге дейін америкалықтар Иран мәселесін біржақты ете алмады. Үшіншіден, екі тараптың да ақпарат құралдары келіссөздердің сәтті өткенін жария етті. Алайда кей тұста қайшылықтар бары білінеді. Қазіргі саясаттағы конфликті де өзгерген, не соғыс емес, не бейбітшілік емес, – дейді халықаралық сарапшы.

Ресей де келіссөздерден тыс қалмайды

АҚШ пен Қытайдың келіссөздерінен көп өтпей Ресей президенті Владимир Путиннің де 20 мамырда Қытайға сапармен баратыны мәлім болды. Жанат Момынқұловтың сөзінше, бұл – кездейсоқ құбылыс емес. Осы кездесу АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси әңгімесінің басқа форматтағы жалғасы болмақ. Егер АҚШ-Қытай диалогы бәсекені басқаруға бағытталса, Ресей-Қытай кездесуі стратегиялық ұстанымдарды үйлестіруге бағытталмақ.

– Мәскеу мен Бейжің ресми әскери одақты жариялауы екіталай. Бірақ қазіргі геосаясаттың мәні мұндай одақта емес. Бүгінгі әлем қатаң блоктарға емес, икемді және өзгермелі одақтастықтарға сүйенеді. Ресей мен Қытайды біріктіретін факторлар: Батыс қысымына қарсы тұру, Таяу Шығыс сияқты аймақтардағы тұрақтылықты сақтау және Батыс қаржы жүйесіне тәуелділікті азайту. Бұл ретте Иран мәселесі тағы да ортақ талқылаудың өзегіне айналуы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Жалпы алғанда, сарапшы әлем жаңа кезеңге аяқ басқанын алға тартып отыр. Ірі күштер бір-бірімен тек қақтығысып қана қоймай, сонымен бірге белгілі бір деңгейде өзара үйлесім табуға да, жағдайға бейімделуге де мәжбүр.

– Қазақстан сияқты орта мемлекеттер үшін бұл жағдай тек қауіппен қатар, мүмкіндіктер де береді. Мұндай жаңа әлемде басты ресурс екі ортада таңдау жасамай, стратегиялық икемділікті сақтау керек. Ең маңыздысы, біржақты таңдау жасау қысымына қарсылық көрсетіп, ойынның өзегі мен бағдарын дұрыс түсіну. Жаңа реализм кезеңінде күш тек үстемдікпен өлшенбейді, ол қарама-қайшылықтардың ішінде бағыт таба білумен анықталады, – деп түйіндеді сарапшы.

Біздің түсінуімізше, расымен де Қытай мен Ресей тарапының келіссөздерінде де Иран тақырыбы айтылмақ. Өйткені Израиль мен Иранның майданы жаһандық соғыстың астарлы сипаты секілді. Бұл қақтығыстың арғы жағында АҚШ, Қытай мен Ресей де алыс емес. Ал осы жолғы ымыра бұл дауды шеше ала ма, болжап білу қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу