Жабылғалы тұрған университеттердің түлектері дипломдарын ала алмай жатыр

4523

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, елімізде дәрменсіз жағдайдағы 36 университет бар. 

Жабылғалы тұрған университеттердің түлектері дипломдарын ала алмай жатыр

Олардың біразы биылғы жаңа оқу жылына дейін жабылып қалуы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Диплом берудің түлкібұлаңға салынуы студенттерді тұйыққа тіреді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке "Мирас" университетінің бір топ түлегі шағыммен жүгінді. Арызға елуге жуық білім қуған жас қол қойған.

Олар 2019 жылғы қыркүйектен 2021 жылғы 26 маусымға дейінгі аралықта аталған университетте магистратура бағдарламасын бітірген. Ақылы оқығандары жоғарғы оқу орнының білім беру қызметінің құнын уақытында төлеп тұрған. Ешқайсысының "Мирас" алдында берешегі жоқ. Яғни, дипломның берілмеуіне оқу ақысын төлемеуі себеп болмаған.

"Алайда әлі күнге дейін университет бізге ұзақ күткен дипломдарымызды бермей отыр. Енді белгілі болғандай, Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2020 жылы осы оқу орнын тексеріп, одан өрескел бұзушылықтар тапқан көрінеді. Сондықтан университеттің қызметі уақытша тоқтатылған, оның қожайынына бұзушылықтарды жоюға мерзім берілген. Әкімшілік бұл факті жайында тіс жармады, студенттерді құлағдар етпеді. Ал 2021 жылғы мамырда БҒМ комитеті қайталама тексеріс жүргізе келе, қателікпен жұмыс жүргізілмегенін, олқылықтар түзетілмегенін анықтапты. Нәтижесінде, Шымкенттің Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен, 2021 жылғы 1 шілдеде университет бас лицензиясынан айырылды. ЖОО әкімшілігі ол туралы хабарламады", – дейді түлектер атынан магистрант Мұхтар Оңғарбаев.

Тағы бір шәкірт Захит Асланов алдымен университет әкімшілігіне шағымданып, жүгінгендерін айтады.

Университет барлық студенттер мен бітірушілерге хат жолдапты:

"Біздің университет "Орда" университетімен бірігу рәсімінен өтуде. Дипломдар жаңа университет атынан беріледі. 2021 жылғы 1 қыркүйекте оқуды біріккен ЖОО-да жалғастырасыздар. "Мирас" университетінің сот шешімімен бас лицензиясынан айырылғаны туралы ақпарат тарауда. Бұл ақпаратқа қатысты айтарымыз: жаңа біріккен университетті ашу кезінде ескі лицензияның кері қайтарып алынуы – бірігудің бір кезеңі болып саналады. Келесі қадам – жаңа біріккен университетке жаңа лицензияның берілуі болмақ. Тыныштық сақтауларыңызды сұраймыз. Университет өз қызметін қалыпты режимде жалғастырады", – деп түсініктеме берген "Мирас" менеджері.

Бірақ студенттер бұған сенбейді. Олар шулап, бірінен соң бірі Білім және ғылым министрлігін шабуылдауда.

Бұл дүрбелеңді басу үшін бас лицензиясынан айырылған ЖОО әртүрлі қулыққа басқанға ұқсайды. Магистрант Нағима Булгакованың айтуынша, екі күн бұрын, 28 шілдеде университет әкімшілігі түлектерге "диплом тапсыру кестесін" жолдапты.

"Құрметті түлектер! Дипломдар 2021 жылғы 20 тамыздан бастап серіктес жоғарғы оқу орны атынан берілетін болады. Карантин шектеулеріне байланысты дипломдар және бастапқы құжаттар кесте бойынша: 26 тамызда "Педагогика және психология", "Қаржы", "Заңгерлік", "Биология", ал 27 тамызда: "Информатика", "Есеп және аудит", "Менеджмент", "Шет тілдері: екі шет тілі" мамандықтарына тапсырылады", – делінген хабарламада.

Осы қысқа хабарландырудың өзінен университетке сан-салалы мамандық бойынша кадр даярлауға рұқсат етіліп келгені аңғарылады.

Магистранттар, әсіресе, заңгерлік мамандығын бітіргендер мұның бәрі бос сөз дейді.

"Бас лицензиясынан айырылған университет ешқандай диплом бере алмайды. Студенттер басқа ЖОО-ларға ауыса алады, ал біз түлектерміз, бізде ондай мүмкіндік те жоқ. Салдарынан, қиын жағдайда қалдық. "Мирас" университетінің табалдырығын тоздырып біттік. ЖОО басшылығы бізбен кездескісі келмейді. Дипломымызды алатынымызға да еш кепілдік бермейді. Мемлекет заңды дипломымызды алуға көмектескенін қалаймыз", – дейді Анвар Якубов.

Қазіргі кезде министрлік түлектердің мәселелерін қарастырып жатыр.

"Орда" студенттері сергелдеңге түсті

Айта кетер жайт, "Мирас" бірігуге ниеттеніп отырған "Орда" университеті де биылғы 1 шілдеде сот арқылы лицензиясынан айырылды. Шымкенттегі осы оқу орны бұрын "Silkway" халықаралық университеті атымен белгілі болатын. Биылғы жылы оған БҒМ тексеріс жүргізіп, біраз жөнсіздікті әшкереледі. Осыдан кейін "Силкуэй" дереу атын өзгерте қойған. Сөйтіп, ол "Ордаға" айналды.

Алайда бұл оны жауапкершіліктен құтқара алмады.

"2021 жылғы мамырда біздің тарапымыздан "Silkway" халықаралық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның барысында бұрын берілген ұйғарымдардың орындалуы тексерілді, ЖОО-ның білім беру саласындағы заңнамаға сәйкестігіне профилактикалық бақылау жүргізілді. Бақылау нәтижесінде университетте 34 бұзушылық анықталды, оның 29-ы – өрескел жөнсіздіктер. Университетке бұзушылықтарды жоюға уақыт берілді. Әкімшілік істің материалдары Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілген", – дейді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

"Орда" университетінің студенті Азамат Сүлеймен онда негізінен, Шымкенттен, Түркістан облысынан жастар оқитынын айтады. Басқа өңірлерден, тіпті Қырғызстан мен Өзбекстаннан оқитын балалар да бар. Жастарды онда оқу ақысын арзандығы қызықтырған. Лицензиясы болғандықтан, "Орда" жабылып қалады деп кім ойлайды?!

"Университеттің лицензиясынан айырылуы студенттік қауымдастықтың және ата-аналардың көңіл-күйін май ішкендей етті. Студенттер арасында шиеленіс тууда. Олар не істейтінін, қайда баратынын білмейді. Мемлекеттік университеттер мұндай оқу орындарының студенттерін қабылдағысы келмейді. Оның үстіне "Орда" және "Мирас" университеттерінде оқудың орташа құны 180–200 мың теңге. Ал мемлекеттік ЖОО-ларда 400–500 мың теңге және одан жоғары. Шымкенттік осы екі университетте оқитындардың басым көпшілігі көп балалы отбасылардан, толық емес отбасылардан шыққандар, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар. Өзге университеттер ауысқандардың төмен оқу ақысын сақтамайтынын хабарлады", – дейді А.Сүлеймен.

Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінен тиісті қолдау таппаған студенттер амалсыз, жоғарғы университеттердегі жемқорлықпен күресу үшін құрылған "Саналы ұрпақ" жобалық кеңсесі арқылы әрекет етуге тырысуда. Студенттер БҒМ-нен жабылып жатқан қос ЖОО студенттерін өзге оқу орындарына ауыстыру мәселесін шешумен айналысатын жұмыс тобын құруды, оған "Саналы ұрпақ" өкілдерін де қосуды сұрайды.

Таяуда білім және ғылым министрінің экс-орынбасары, жоғарғы оқу орындарында биік лауазымдарды атқарған Мирас Дәуленов 1 жеке университетті жабу оның қожайынын жылына ең кемі 4 миллиард теңге табыстан айыратынын айтқаны бар. Сондықтан қожайындар БҒМ-ның ЖОО-ны жабу бастамасына әртүрлі жолмен қарсыласып, істі созбалаңға салып бағады екен.

Былтырғы 2020 жылы республикалық комиссия алғаш рет қолданыстағы 36 университетте енді мемлекеттік гранттар орналастырудан бас тартыпты. Бұл олардың иелері үшін жойқын соққыға айналған. Себебі, қазіргі студенттерін оқытуды аяқтаған соң оларға жабылу ғана қалуы мүмкін. БҒМ бұл ғылым ордаларын "диплом басатын фабрикалар" деп атап отыр.

Бүгінде Қазақстанда 125-тей университет қана қалды. Жыл соңына дейін одан да азайғалы тұр. Кейбір ЖОО-ларда жастар емес, ересек адамдар оқитыны әшкереленуде. Әрине, заңда оған тыйым салынбаған. Бірақ оның бәрі жұмысбасты адам екені, 1 курстан бастап, сабақтарға қатыспағаны белгілі болған. Яғни, есепте бар, партада жоқ азаматтар сұраған ақысын төлеп, оқуға қатыспай, емтихан тапсырмай диплом алып шығатын көрінеді. Бұл ЖОО-лар тексерушілерге ондай адамдардың реферат, курстық жұмыстарын да көрсете алмаған.  

Мұндай университеттер бірте-бірте тегіс жабылатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу