Жағажай футболынан Қазақстан құрамасы промо-финалға жолдаманы жеңіп алды

224

Жағажай футболынан Қазақстан құрамасы 2025 жылғы Euro Beach Soccer League турнирінің В дивизионында сәтті өнер көрсетіп, топ жеңімпазы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жағажай футболынан Қазақстан құрамасы промо-финалға жолдаманы жеңіп алды Фото: ҚФФ

Италияның Кастелламмаре ди Стабиа қаласында өткен турнирде Қазақстан құрамасы В дивизионында Румыния, Норвегия және Мальта командаларымен кездесті. Үш ойынның үшеуінде де қарсыластарынан басым түскен ұлттық құрама Элиталық дивизионға өтуге мүмкіндік беретін промо-финалға жолдама алды.

Турнирдің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы Румыниямен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта құрама сапынан Деринг, Маликов және Кайзер мергендігімен көзге түсті.

Екінші турда Қазақстан Норвегияға қарсы алаңға шығып, тартысты өткен ойында 6:4 есебімен басым түсті. Біздің құрама сапынан Кайзер дубль авторы атанса, Деринг, Құрбанов, Шевчук және Мыңбаев бір-бір голдан соқты.

Топтық кезеңнің шешуші үшінші матчында Қазақстан құрамасы Мальта құрамасымен кездесіп, 5:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтижеден кейін Қазақстан 9 ұпаймен топта бірінші орын алып, Элиталық дивизионға жолдама беретін финалдық кезеңге жолдама алды.

Қыркүйек айында өтетін промо-финал кезеңіндегі Қазақстан құрамасының қарсыластары кейінірек белгілі болады.

Жағажай футболынан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылар тізімі:

Қақпашылар: Дастамиден Дагиев ("Арман"), Дмитрий Бровко ("Barqy");

Қорғаушылар: Игорь Демешко, Михаил Кайзер (екеуі де – "Арман"), Әбдіқадыр Құрбанов ("Омега"), Нұрдәулет Болатбек ("Малайсары");

Шабуылшылар: Айдын Маликов ("Малайсары"), Артур Деринг, Нұрлан Жүнәсов (екеуі де – TK B&A), Арман Шотанов ("Barqy"), Владислав Шевчук, Алан Мыңбаев (екеуі де – "Арман");

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу