"Жағымпаздықты жақтырмайтын" Президентпен өткен бір жыл

Сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аяғына тұсау болып отырған факторларды атады.

"Жағымпаздықты жақтырмайтын" Президентпен өткен бір жыл

Бұл кезеңді әркім әрқалай еске сақтады. Бірі "Депутаттар жылаған күн" десе, бірі астананың аты ауысқан күн деп біледі. Осыдан бір жыл бұрын сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Президент өкілеттігін мойнына алған болатын.

"Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден"

Осы мансапты ала отырып шығарған алғашқы бұйрығы Астананың атын Нұр-Сұлтан етіп өзгерту болды. Саяси орта мұны сабақтастықты сақтауға ант-су ішкен ишарат деп қабылдауға бейіл еді. Қазақстан байлығының игілігін көріп отырған элитаға жасалған емеурін деп те жауырын ашқандар болды.

"Жағымпаздықты жақтырмаймын". Халыққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған алғашқы месседжі осы болатын. Сайлауға дейінгі, сайлаудан кейінгі даңғаза мен даудың жыры бір бөлек. "Тоқаев менің Президентім емес" деген ұрандар Арыстағы апатқа дейін жиі айтылатын. Жарылыстың жаңғырығы оны да басып кетті. Ай мен күннің аманында өз үйінен босқан халыққа Қасым-Жомарт Тоқаев өзі барып басу айтты.

"Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден". Әлихан Бөкейханұлының осы сөзі қазақ үшін Мөде қағанның жер туралы өсиетінен кем соқпайтын тарихи код екенін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған алғашқы ресми сапарынан кейін мықтап санаға түйген болар. Көрші елдің басшысымен аудармашысыз қытай тілінде сөйлесуін маңайындағылар асқан білімділік етіп көрсеткісі келгенімен,халық қабылдай қоймады.

Тоқсанның тоқырауында ала дорба арқалап, ауылды дағдарыстың алғашқы белесінен асырған аналар билік ауысқан бұлыңғыр күнде де омалып отырып қалмады.Кепілсіз тұтынушылық несиенің борышын кешіру, атаулы әлеуметтік көмекті қайта қарау туралы шешімдері Президенттің қарапайым халыққа жолдаған екінші месседжі болатын. Ел байлығын әділетті үлестіру туралы сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында айтқан уәдесі бар-тұғын. Сайлауға дейін айтқан өзге уәделерінің орындалуы күн сайын созылып бара жатқанын бүгін көріп отырмыз. Оны бізбен сұхбаттасқан сарапшы да растады.

"Санкцияланбаған" митингтер мен күшпен таратылған шерулердің, белсенділерді қудалаудың ақыры қамау орнындағы адам өлімімен аяқталды. Бұл жайт Қасым-Жомарт Тоқаев үшін Арыс пен Қордай оқиғасынан кейінгі үшінші ауыр сынақ болатын. Саяси белсенді Дулат Ағаділдің қазасының қайғысы басылмай тұрып, Мұхтар Жәкішевтің Тоқаев билігінің тұсында екінші рет мерзімінен бұрын босату туралы жасаған өтініші қанағаттандырылды.

Жалпақ жұртқа аян бұл деректерге әдеттегі тәсіл бойынша Президенттің бір жылда қанша мейман қабылдап, неше заңға қол қойғаны, қанша тағайындау жасап, неше елге сапарлағаны, Твиттерде қанша пост жариялағаны туралы статистиканы тізіп шығуға болатын еді. Біз саясатпен емес, саясат бізбен айналысып жүргендіктен, өз ойымызды елге тықпалағанша, сарапшыларға жүгінген жөн деп шештік. Онда да ойын ірікпей, айтып үйренген, әлеуметтік желіде елдің тамырын дөп басып отыратын бірнеше адамды іріктеп хабарластық. Бірі "Ниетім жоқ" деп қысқа қайырса, бірі телефон арқылы әңгімеде келісім бергенімен, сұрақтарды көрген соң, "WhatsApp" желісіндегі хабарламымызды жауапсыз қалдырды. Ақыры жақында ғана Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен басын азат еткен "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаймен жеке сұхбаттастық.                                                                              

"Либерализация басталды. Бірақ тежеу бар" 

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдағы екі негізі еңбегін айтыңызшы.

– Бірінші еңбегі – Экология министрлігі құрылды. Экологиялық кодекстің жобасы Парламентке өтті. Екінші еңбегі – 3 жылда шағын және микробизнестің салықтан босатылуы, тексерулерге мораторий жариялануы.

– "Жер сатылмайды" деп бірнеше рет уәде берді. Мораторий мерзімі біткенде осы уәдесінде тұра алады деп ойлайсыз ба?

– Қасым-Жомарт Тоқаев Жер кодексіне енгізілген мораторийдің мерзімі біткенге дейін Президент болып тұрса, уәдесінде қалады деп ойлаймын. Бірақ байып алған олигархтарымыз  биліктің бір ұшын ұстап қалу үшін әртүрлі әрекеттер жасап жатыр. Олар – белгілі адамдар. Әрқайсында өзінің телеарнасы, газет-журналы бар. Соларды қолданып, Президентке қарсы жұмыс істеп отыр. Ең бастысы, жер сатылмауы керек деген ниеті, пайымы бар. Қалғанын уақыт көрсетеді.

– Митинг, сайлау, саяси партиялар туралы заң жобалары сиырқұйымшақтанып бара жатқан жоқ па? Тіпті заң жобасын дайындаушы тараптан қасарысу бар сияқты. Бұл оның министрлер кабинетінде ықпалды емес екенін көрсетпей ме?

 – Аталған заң жобаларына Президент бастамашы болғанымен, мәресіне жетуі барған сайын қиындағанын байқап отырмыз. Бұл жерде Президент өз ұстанымдарын соңына дейін жеткізеді деген сенімім бар.

– Қордай тұрғындарымен кездесудегі сөзін саяси электораттың көңіл күйін аулау деп баға берушілер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтілді аудиторияның саяси күшке айналғанын шын мәнінде бағамдап отыр ма?

– Қазақтілді қоғам бүгін өте белсенді. Елде баланс орнату үшін қазақ тілді қоғаммен қалай да болса келісімге келу керек. Президент осыны түсінді деп ойлаймын. Түсінеді де.  Қазақ тілінің инфрақұрылымын қалыптастыру, қазақ тілінде берілетін білімнің сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар оның ұстанған бағытын көрсетсе керек.

– Бір жыл ішінде жіберген ең үлкен қателігі немесе пайдаланбаған мүмкіндігі туралы не айтар едіңіз?

– Қателік деп айтпас едім, ескеретін мәселе бар. Ең үлкен мәселе, қазіргі  министр, әкімдерді, мемлекетте шешуші орындарда отырған позициялы шенеуніктерді өзгертуге кірісуі керек. Президент өзі тағайындап, таңдауы керек.  Өзіне ұқсас, өзінің позициясын ұстанатын, әділ, адал адамдарды мемлекеттік қызметтің шешуші орындарына тағайындап, командасын жасақтауды ескерсе екен дейміз.

– Елде саяси либералдану процесін сенімді жүргізе бастады деп айта аламыз ба?

– Либерализация басталды. Бірақ тежеу бар. Белгілі олигархтардың, бұрынғы өткен шенеуніктердің әсерін жұмысынан байқап отырмыз. Артық айтқан сөзі болса,оны тез арада еселеп жеткізетін шенеуніктер бар. Мен қай салада болмасын, министрлермен, әкімдермен кездескен кезде байқағаным,  бес саусақтың екеуін көрсетіп, үшеуін жұмып отырады. Екі жаққа ойнап отырған сияқты. Бір позицияға байланып қалсам, сыртта қалуым мүмкін деген үрей бар. Солардың кесірінен бұл процесс дамымай жатыр. Бірақ либерализация іске асатынына сенемін. Мүмкін жарты жыл, мүмкін бір жыл, мүмкін 2 жыл кететін шығар. Бірақ іске асады. 

– Әлеуметтік бастамалары өзін ақтады ма?

– Әлеуметтік бастамалар көп жасалды. Бірақ халықтың талап етіп отырғаны одан тереңде.Халық либерализацияны, демократияны, сөз бостандығын, мемлекеттік басқару ісіне халықтың қатыса алуын сұрап отыр. Халыққа әділдік керек.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу