"Жайлы мектеп" мердігерлерге жайсыз болуы мүмкін

997

Ұлттық жобаға қатысатын компанияларды қатаң сынақ күтіп тұр.

"Жайлы мектеп" мердігерлерге жайсыз болуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Президент бастамасымен елімізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. "Жайлы мектептердің" құрылысын үйлестіруші ретінде Samruk-Kazyna қорының еншілес ұйымы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы таңдалған. Тиісінше, жоба аясындағы құрылыс жұмыстарына да осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, Samruk-Kazyna Construction құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды. 

"Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тапшылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алматы (22) қалалары. Бұл ретте 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп салынады деген жоспар бар. 

"Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы", – деді М.Айманбетов.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

"Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуы тиіс", – деді компанияның басқарма төрағасы. 

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармалары, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары және басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады. 

Біздің елде құрылыстың кейде уақытынан кешіктіріліп тапсырылатыны бар. Мұндай тәуекел "Жайлы мектеп" жобасында да алдан шығуы мүмкін. Алайда М.Айманбетов бұл жобада құрылыстың белгіленген кестеден кешігу тәуекелі өте төмен деп сендірді. "Өйткені келісімшартта нақты мерзімдер көрсетіледі. Егер құрылыстың кешігуі тіркелсе, 15 күн ішінде келісімшартты бұзып, басқа компанияны таңдауға мүмкіндік бар. Сондықтан мердігерлер адал жұмыс істейді және "қара тізімге" енбеу үшін жұмыс кестесін қатаң сақтайды деген сеніміміз бар. Әрбір нысанда техникалық қадағалау жүргізетін 3-5 сарапшы бекітіледі. Олар үнемі құрылыс басында болуға міндетті. Қатаң бақылау дегеніміз – осы", дейді ол. 

Сонымен қатар, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік. Яғни, мектеп Маңғыстауда салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады. 

Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын отандық өндірушілер дайындайды. Құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өнімнен тұрады. Демек, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу