Жалдамалы пәтер ақысын үкімет төлейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14504

Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың саны жыл сайын 50 мың адамға көбейеді. "Өз үйім, өлең төсегім" дей алмай, әлдекімдерге жамбаспұл төлеп жүрген жандардың "ауыртпалығын" жеңілдету үшін үкімет 2021 жылдан бастап жалға берілетін пәтер ақысын бюджет есебінен субсидияламақшы.

Жалдамалы пәтер ақысын үкімет төлейді

Әлеуметтің түрлі санатына жататын еліміздің 530 мыңнан астам азаматы жалға берілетін баспана кезегінде тұр. Ал әкімдіктердің құзырындағы жалға берілетін баспаналардың саны аз, қолжетімділігі төмен. Салдарынан адамдар жылдар бойы көрінгеннің босағасын жағалап, табалдырығын тоздырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жолдауында нарықтағы құрқылтайдың ұясындай пәтерлерге табысының тең жартысын төлеп жүрген азаматтардың мәселесін шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы тұрғындар әкімдіктер ұсынатын жалға берілетін тұрғын үй кешендерінің сапасына шағымданып жатқанын да жариялады. Олқылықтың орнын толтыру үшін үкіметке 2021 жылдан бастап жалға берілетін пәтер ақысын бюджет есебінен субсидиялау міндетін жүктеді.

Өз кезегінде индустрия және инфроқұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеме жасап, 2020 жылдың соңына дейін жалдамалы пәтерлерді субсидиялауға қатысты нақты ереже бекітілетінін баяндады.

"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдердің жинақтық қорының 30% жалдамалы пәтерден тұрады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 1,7%. Қазір баспанаға мұқтаж 530 мың адамның пәтер жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау мәселесі қарастырылып жатыр. Қолдау көрсетілетін отбасыларды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылып жатқан "Отбасы банкі" анықтайды", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің мәлімдеуінше, "Отбасы банкі" азаматтарға бірнеше талап қояды.

Субсидия отбасы мүшелерінің ең төменгі табысы әрқайсы үшін – 32 668 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Мысалы, 5 адамнан құралған отбасының табысы 163 340 теңгені құрауы керек.

Жалға берілетін тұрғын үйдің орташа ауданы – 60, ең үлкен ауданы – 80 шаршы метр болады. Субсидия алуға мұқтаждығын растаған азаматтардың пәтер ақысының 70-80% 5 жыл бойы бюджет есебінен өтеледі. Осы арқылы үкімет пәтер жалдап жүрген жандарға пәтер сатып алу үшін ақша жинау мүмкіндігін береді.

Жыл соңына дейін жобаның талабы өзгеруі немесе толықтырылуы ғажап емес. Бұл туралы Бейбіт Атамқұлов: "Нақты ереже "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, үкімет қаулысымен бекітіледі. Президенттің тапсырмасы 2021 жылдан бастап жүзеге асырылады", – деді.

Сенат депутаты Асқар Шәкіровтің айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны жыл сайын 50 мың адамға көбейеді. Бұл санды азайтуға үкімет деңгейінде ықпал ету керек.

"Тұрғын үй мәселесін шешудің параллель нұсқасы ретінде "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде қолданылып жатқан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйді дамытуды қарастыру қажет. Елімізде тұрғын үйді пайдаланудың мұндай нысаны тұрғын үйді жалдау мерзімін әр 5 жыл сайын ұзарту құқығымен табысы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс шамасынан аз болатын әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ғана беріледі. Осы санатты кеңейту мәселесін қарастыру керек", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу