Жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимарат "мүмкін" беріледі

1478

Риддердегі жалғыз қазақ тілді мектепке қалада салынып жатқан жаңа ғимарат беріле ме? Бұл сұраққа ШҚО әкімі Даниал Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында екіұшты жауап айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі 

Жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимарат "мүмкін" беріледі

Айта кетейік, Риддерде "Шаңырақ" атты бір ғана қазақ мектебі бар. Мектеп екі бөлек көшенің бойында, бөлек-бөлек ғимаратта отыр. Қала әкімдігі екі ғимараттың да пайдалану мерзімі асып тұрғанын (біреуіне 85 жыл болған (1936 жылы салынған), екіншісіне 63 жыл болған) растайды. Ата-аналар мен балалар көне мектепке разы емес. Ағылшын тілі, орыс тілі, музыка, дене шынықтыру сынды бірнеше пән мұғалімі екі ортада қатынап жүреді.

"Қалада 600 орындық мектеп салынып жатыр. Оны мүмкін "Шаңырақ" мектебіне береміз. Бірақ ол үшін облыстық білім басқармасы маған ұсыныс беруі керек", – деді Ахметов.

Бірақ жыл басында қала әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменовтің атымен бізге берілген жауапта салынып жатқан ғимарат құрылысы "аралас мектеп болады" деп басталған. Тек жаңа аралас мектеп ашыла ма, әлде басқа аралас мектептердің біріне бере ме – міне, сол жағы белгісіз-тұғын.

Айта кетейік, Риддерде 2020 жылдың басындағы ресми санақ бойынша, 56 455 адам тіркелген. Ал биылғы мәліметте қала халқы азайғаны байқалады – 55 888 адам.

Бірақ қазақтар саны оңтүстік облыстардан көшіп келген отбасы, "Серпін" бағдарламасымен оқып, тұрақтап қалып жатқан студент, Шығыс Қазақстан облысы ішіндегі әлеуеті төмен ауылдардан қоныс аударған шаңырақ және қандастар есебінен жыл өткен сайын артып келеді.

– Жұмыс күші артық өңірлерден 2015-2020 жылдар ішінде 318 отбасы (851 адам) көшіп келді. Оның ішінде 2017 жылы диплом алған 20 "серпіндік" студент, 2019 жылы екі студент тұрақтап қалды. Облыс ішіндегі ауылдардан – 17 отбасы (50 адам), қандастардан екі отбасы (7 адам) келіп қоныстанды. Жұмыс күші артық өңірлерден келгендерге бір реттік төлем және 12 ай бойы тұрғын үй жалдауы үшін қаражат беріліп жатыр, – деген болатын ақпан айында Риддер әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу