Жалпыұлттық халық санағына коронавирустың кесірі тиді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1902

Тәуелсіз Қазақстанда бірде-бір жалпыұлттық халық санағы дұрыс ұйымдастырылған жоқ.   

Жалпыұлттық халық санағына коронавирустың кесірі тиді

2019 жылдың қазан айында өтуге тиіс болған жалпыұлттық халық санағы ақпараттық жүйенің дер кезінде жасалмауының және мемлекеттік сатып алу мен ұйымдастыру жұмыстарының тиісінше атқарылмауының салдарынан 2020 жылдың қазанына шегерілген болатын. Осыған қатысты үкімет

2019 жылғы 19 маусымда қаулы қабылдаған. Күні кеше қаулының күші жойылды. Салдарынан биыл елімізде жалпыұлттық халық санағы өтпейтін болды. Оған коронавирусың кесірі тиді. Бұған қатысты ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің баспасөз қызметі: "Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуы мен енгізілген карантиндік шектеу шаралары бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты жалпыұлттық халық санағын 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды, – деген хабарлама таратты. Осыған дейін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов COVID-19 індетіне байланысты 2020 жылғы 1-30 маусым аралығында өтеді деп жоспарланған жалпыұлттық санақтың бірінші, дайындық кезеңі өтпей қалғанын, бұл шара 2020 жылдың 27 шілдесі мен 25 тамыз аралығына ауыстырылғанын айтқан. Кейін ол пандемияға байланысты халық санағы кейінге шегерілуі мүмкін екенін мәлімдеп: "Жалпыұлттық халық санағы 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында өтеді деп жоспарланған болатын. Санақ жүргізу барысында санақшылар халықпен тікелей байланыс жасайды. Коронавирус инфекциясының жаппай таралмауы үшін ұлттық экономика министрлігі биыл өтетін халық санағын келесі жылға ауыстыру туралы үкіметке ұсыныс жасады. Негізгі себебі – санақ жүргізуге қатысушылардың және азаматтардың денсаулығын сақтау", – деген.

Белгілі болғандай, жалпыұлттық халық санағын өткізу әдісі өзгермейді. 2021 жылғы 1-15 қазан аралығында мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама жүргізіледі. Интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын азаматтар sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші болады. Интернет арқылы мәлімет берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтарға халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында жаппай сауалнама жүргізіледі. 32 500 санақшы сауалнамаға қатысушыларға 84 сұрақ қояды. Берілген жауап қағазға емес, планшетке жазылады. 

Жалпыұлттық халық санағын жүргізетін азаматтарға халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке және бөкебай беріледі. Санақшылар тұрғын үйлерге барғанда куәліктерін көрсетуге міндетті болады.

Жалпыұлттық халық санағын жүргізуге Қазақстан Республикасының 18 жастан асқан азаматы атсалыса алады. Халық санағын жүргізетін азаматтардан жұмыс өтілі мен кәсіби білім талап етілмейді.

Бұған дейін 2020 жылдың қазан айында өтеді делінген жалпыұлттық халық санағының бастапқы қорытындысы 2021 жылдың ІІ-ІV тоқсанында, нақты қорытындысы 2022 жылдың  І-ІV тоқсанында жарияланады делінген. Мерзімінің шегерілуіне байланысты жалпыұлттық халық санағын қорытындылау жылы мен тоқсаны өзгереді. Бұл жалпыұлттық халық санағы тарих қойнауына бұған дейінгі жалпыұлттық халық санағынан соң 10 жылда емес, 12 жылда өткізілген жалпыұлттық халық санағы болып енеді.

Негізі, тәуелсіз Қазақстанда бірде-бір жалпыұлттық халық санағы дұрыс ұйымдастырылған жоқ. Мысалы егеменді ел ретінде 1999 жылы жүргізген алғашқы жалпыұлттық халық санағында Қазақстан халқының 2% есепке алынбай қалды. 2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өткен екінші жалпыұлттық халық санағында статистика агенттігінің төрағасы Анар Мешімбаева сыбайластарымен бірге республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 144 млн теңгенің 764,8 млн теңгесін жеп, 7 жылға сотталып кетті. Оның орынбасарлары – Нұрман Баянов - 6, Бiрлiк Меңдiбаев - 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал жалпыұлттық халық санағының қорындысы күмән туғызды. Қазақстан тұрғындарының саны біресе 16 млн 480 мың, біресе 16 млн 196 мың 800 деп көрсетілді. 2019 жылы өтуге тиіс болған үшінші жалпыұлтық халық санағы 2020 жылға шегерілді. Ал биылғы жалпыұлттық халық санағының жай-жапсарын жоғарыда баяндағанымыздан біліп отырсыз.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу