Жамбыл Артықбаев: Украинаға соғыс ашқан Ресей Қазақстанға Хан Кененің басын қайтарады деп ойлау – абсурд

1255

Қазақтың соңғы ханы – Кенесарының басын Ресейден қайтару жөнінде әңгіме әр жылдары бір айтылып, нүкте қойылмай келе жатқан мәселенің бірі. Мәжіліс сайлауы жақындағанда бұл жолы "Ханның басын қайтарайық" деген бастаманы Бақытбек Смағұл көтерді. Депутаттың айтуынша, "Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша тұр". Бірақ басты қайтару соншалықты оңай ма еді? Әрі ол имидж үшін айтыла салатын әңгіме ме?

Жамбыл Артықбаев: Украинаға соғыс ашқан Ресей Қазақстанға Хан Кененің басын қайтарады деп ойлау – абсурд Фото: inbusiness.kz

"Отаншылдықты күшейтейік"

Қазақтың соңғы ханы, Жошы ханның ұрпағы, атақты Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына былтыр 220 жыл болған. Бақытбек Смағұл бүгін де Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұрғанына сенімді. 

"2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды", - дейді депутат.

Депутат қазіргі премьер-министр Әлихан Смайыловтан Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуді сұрайды.

"Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз", - дейді ол.

Арзан пиар-акция ма?

Жалпы Хан Кененің басын қайтару бастамасы бұған дейін бірнеше рет көтерілген. Тіпті Ресейге экспедиция да жасалған. Алайда соның бәрі нәтижесіз аяқталды. Ал бұл жолы депутат Бақытбек Смағұл сауалында Кенесары ханның басын аты аталмайтын "географиялық қоғам" тапқанын айтады. Ол туралы әңгіме қозғағанымен, қай қоғам екені белгісіз. Біз Қазақ географиялық қоғамына хабарласып көргенімізде олар бұл бастамаға қатысы жоқтығын атап өтті. Ал фейсбук әлеуметтік желіде депутат Бақытбек Смағұлдың бұл бастамасын арзан пиар-акция деп сынап жатқандар бар.

"Мандаттан айырылуы мүмкін Бақытбек Смағұлдың есіне Кенесары ханның бас сүйегі түсті", - деп әзілімен сынайды депутатты журналист Серік Жолдасбай.

"Осындай ойынмен жүрген халықпыз"

Мәселенің мәнісін тереңірек білу үшін біз тарихшы Жамбыл Артықбаевпен сөйлесіп көрдік. 

– Хан Кененің басын қайтару жөніндегі таяуда шыққан әңгіме тағы да саясат құралына айналып кетіп тұр ма? Сізде қандай ақпарат бар?

– Менде ешқандай хабар жоқ. Бұл әңгімені тағы ойдан шығарып жатыр. Халықтың назарын әлеуметтік немесе саяси проблемалардан басқа жаққа аудару үшін осындай тарихты, дауды алып шығады. Кенесары ханның басы жайлы әңгіме соған өте ыңғайлы. Кейде "Кенесарыны кім сатты?" деген сияқты рулардың арасындағы дауды қоздырып қояды. Мәселен, қазір халық Қаңтар оқиғаларының нақты зерттелуін талап етеді. Солай емес пе? Елбасы туралы заңның күшін жойды. Ал елбасының қалтасында қалған халықтың байлығы мәселесі бар. Сондай ішкі және сыртқы мәселелерден елдің назарын басқа жаққа бұру үшін кейде осындай тарихи дүниелерді қолданады. 

– Қателеспесем, осыдан екі жыл бұрын да Зиябек Қабылдинов "Кенесарының басы табылды" деп айды аспанға шығарғаны бар еді...

– Иә, Зиябек Қабылдинов ол кезде болмайтын әңгімені бір бастағаны бар. 

Ресей әлі империялық пиғылынан айныған жоқ. Санкт-Петербургте Кунсткамера деген сонау І Петр тұсында салынған музейі бар. Оның астында қоймалары бар. Сонда жалғыз қазақтың емес, Кавказ, Шығыс Еуропа, Украина гетмандарының бастары жиналған. Ресей бағындырған өлкелердің басшыларының бастары! 

Есіңізде болсын, Ресейдің империялық тарихы І Петрден басталады. Оған дейін Ресей Мәскеу княздығы деп аталып келді. І Петрден кейін ол ел өзге елдерді бағындырған мемлекет ретінде қалыптасты. Сол идеологияны бекітетін бір құрал – өзінен жеңілетін патшалықтардың басшыларының бастарын жинау. Бұл – империяларының символдарының бірі. Сондықтан, Ресей империялық пиғылынан бас тартқанға дейін бастар ешкімге ешқайда берілмейді. 

Мұны тарихшылар мен саясатта жүрген адамдар жақсы түсінеді. 

– Сөзіңізді бөлейін. Қазір Ресей соғысқа байланысты жан-жақты қыспақта, экономика қиындықтарымен бетпе-бет қалғаны белгілі. Осы жағдайда ол Хан Кененің басын қазақ билігімен саудаласу үшін пайдалануы мүмкін емес пе?

– Ресей дәл Хан Кененің басын саудаға салмайды. Хан Кененің басын қайтару деген сөз – империялық пиғылдан қайту деген сөз. Ол Украинаға ашқан соғысы да сол империялық пиғылымен түсіндіріледі. Көрші елдерді уысынан шығармау, өзіне бағынышты етіп ұстап отыруды көздейді. Сөйтіп, соғысып жатқан ел Қазақстанға Кенесарының басын қайтарады деу – абсурд! Ол мүмкін емес. Қазақстанға ықпал етемін десе, Ресейдің басқа да тетіктері жеткілікті. Өйткені біздің ортақ шекарамыз бар. Біздің ішіміздегі империялық пиғылды орыстың өкілдері жүр. Олардың көбі путиншіл, маргиналды санадағы адамдар. Бізің биліктегі көп адамның Ресеймен байланысы өте тығыз. Кейбіреулерінің бала-шағасы, ақшасы сол жақта. 

– Аруақты арзан ұранға айналдырған біздің саясаткерлер туралы не деуге болады? Тарихи қасіретті бір емес, екі емес, бірнеше рет саяси құралға айналдыруын қалай шектеуге болады?

– Осыны ойыншыққа айналдыруға жол беріп отырған қоғамның өзі кінәлі. Қазақ қоғамының өзі кінәлі. Біз кез келген мәселеде өзіміз ойыншық болғанымызды түсінбей қаламыз. Өйткені біздің трайбалистік көзқарастарымыз болады. Оны да ойыншық есебінде пайдаланады. Этносаралық мәселелер бар. Ол да сол. Сөйтіп, бізді әлеуметтік-саяси мәселелерге кіргізбейді. Жақындатпауға тырысады. 

Таяуда әлеуметтік желіде "Ұлт болудың азабы" деген циклді бастадым. Біз сол ұлт болу процесі бітпеген, аяқталмаған халықпыз. Назарбаев уақытында сайлаулар қандай болды? Сайлауда қазақ тілділер мен орыс тілділерді қарсы қою арқылы Назарбаев өзіне ылғи ұпай жинап отырды. Сайлаушыларды солай тартты. Қазақ тілділерді тұқыртып, орыс тілділерді көтерді. Оны өте жақсы пайдаланды. Ақыр түбінде, бұл қазақтың намыстануына, ызалануына алып келді. Оған біздегі интелегенцияның өзі де араласып кетіп жатты. Жұрт екіге бөлінген кезде Назарбаев ұлтшыларды тұқыртып, орыс тілділерді өзіне бұрып алатын. Осындай ойынмен жүрген халықпыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу