Жамбыл облысында 763, 2 мың тоннадан астам астық жиналды

5756

Өнімділік әр гектардан 23 центнерді құраған, бұл – өте жақсы көрсеткіш. 

Жамбыл облысында 763, 2 мың тоннадан астам астық жиналды

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, бидайдың жалпы өнімі – 331, 7 мың тоннадан, арпа – 430 мың тоннадан асқан. Орташа өнімділік гектарынан тиісінше 24,1 және 22,2 центнерден келген.

Егін жинау кезінде агроқұрылымдарда жанар-жағармай мәселесі туындамаған, бұл мақсатқа кепілдендірілген баға бойынша 16 200 тонна дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар, "Кең дала" бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ жалпы сомасы 312 млн теңгені құрайтын қаржыға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 43 өтінімін қаржыландырған.

"Егін жинау науқанының оңтайлы мерзімде аяқталуы – жоғары деңгейдегі ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерінің уақытылы жүзеге асырылуы мен өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын қолданудың жемісі", – дейді Е.Құлкеев.

Ол жыл сайын фермерлер 100 мың гектардан астам егіс алқабын минералды тыңайтқыштармен қоректендіретінін атап өтті. Мысалы, өткен жылы минералды тыңайтқыштар сатып алуға 800 млн теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 1 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар барлық міндетті ауыл шаруашылық шаралары белгіленген мерзімінде орындалыпты.

Шаруа қожалықтары сұрыптарды жаңартумен де айналысуда. "Дәнді дақылдардың жалпы алаңының 30%-на жоғары өнім беретін сұрыптар себілді. Бұл өнімділікті 15-20%-ға арттыруға мүмкіндік берді", – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Егістік жерлердің жоғары өндірімділігіне ауыл шаруашылығы техникалары паркінің жаңартылуы да себеп болған. Мысалы, ескі комбайндарды қолданған кезде егіннің 15%-ы, ал өнімділігі жоғары жаңа қондырғыларды қолдану кезінде әрі кеткенде 3 пайызы ғана жоғалады екен. Жыл басынан бері өңірдегі ауыл шаруашылығы паркі 5%-ға жаңартылса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 7%-ға дейін жеткізілмек.

"Ауыл шаруашылығы техникалары келер жылдың өнімін жинау ісіне де қазірдің өзінде толығымен дайын: 5 063 трактор және 695 комбайн жөнделіп, әзірлік сапына қойылып отыр", – деген Ерлан Құлкеев астықты сақтау мен сатуда да ешқандай мәселе жоқ екенін атап өтті. Фермалардың қоймалары егінді толықтай жинап, сақтауға қауқарлы.

Еске сала кетейік, біраз жылдан бері жамбылдық фермерлер астықты Қырғыз, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспорттауда.

Айта кету керек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 687,1 мың гектар алқапқа орналастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,6 мың гектарға артық.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу