Жамбыл топырағына биыл тәтті түбір түспеуі мүмкін

7478

Себебі әулиеаталық қызылшашылар "Меркі қант зауыты" ЖШС-ға былтыр өткізген өнімдерінің ақысын әлі ала алмай келеді.

Жамбыл топырағына биыл тәтті түбір түспеуі мүмкін

Қызылша қабылдайтын өңірдегі бірден-бір мекеме диқандардың өнімдерін үш жарым ай бұрын жинап алғанымен, күні бүгінге дейін мүлде да ақша төлемеген. Ал шаруалар қаражат тапшылығынан бір айдан кейін басталатын көктемгі дала жұмыстарына дайын емес.

Кәсіпкерлер алашақтарын даулап, өндіріс орнына бірнеше рет жиналған. Алайда, олардың бұл әрекетінен еш нәтиже шығар емес.

Қызылшашылардың бірі Меркі аудандық фермерлер одағының төрағасы Совет Қалманбетов қант зауытының тек қана Меркі ауданының шаруаларына 400 млн теңгеге жуық қарызы барын айтады.

"Келісімшарттың мерзімі бітті, бірақ ақшамыз қолымызға тиген жоқ. Сондықтан қаржы ұйымдарынан алған несиелерімізді де өтей алмай жүрміз. Бірнеше шаруаға ендігі соттан да шақырту қағазы келіп үлгерген. Оның үстіне, қай-қайсымыздың болса да, бала-шағамыз, басқа да проблемаларымыз бар", – дейді ол.

Диқандардың айтуынша, тәтті түбір баптаудың зейнетінен бейнеті зор. Еңбегінен бөлек қызылшаның әр гектарына 400 мың теңге көлемінде шығын шығады екен. Ал былтыр Жамбыл облысы бойынша 2 мың гектар жерге қызылша тұқымы себілген. Ауыл шаруашылығы мамандары өнімнің орташа болғанын айтады. Десе де, Меркі қант зауытына 126 мың тонна тәтті түбір өткерілген. Алайда, ақысы шаруалардың қолына тиюге асығар емес.

Қызылшашылар енді зауыт басшылығын қыспаққа алуда. Кәсіпкер Сақа Манатов өңірде тәтті түбір егумен айналысатын 250-дей шаруа қожалығының 200-дейі қаражаттарын даулап келгенін айтады.

"Егер зауыт басшылығы бір аптаның ішінде мәселемізді шешіп бермесе, берешектерін қайтармаса, екі жарым мың адаммен зауытты қоршауға алуға уағдаласып отырмыз", – деді шаруа.

Біздің білуімізше, Меркі қант зауытына қатысты мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Мәселен, былтыр да зауытқа тәтті түбір өткеріп, ақысын ала алмай сандалған қызылшашылардың маңдай терінің өтемін жергілікті әкімдік қайтарып бергені есімізде. Ал биыл атқарушы билік тарапынан мұндай "кеңдік" аңғарылмайды.

Айтпақшы, Меркі қант зауыты шикізат өткерушілердің ғана емес, өз жұмысшыларының да еңбекақыларын бермей отырған көрінеді.

"Алатын жалақымыз 22-25 мың теңгенің төңірегінде. Ал жұмыс орнымыздың беретіні соның отыз пайызы ғана. Зейнетақы қорына түсуге тиіс жалақының бір бөлігі де онда аударылмаған. Жолдасым да осында жұмыс істейді, қазір басқа жұмыс жоқ", – дейді зауыт жұмысшысы Шынар Көшпенбетова.

"Меркі қант зауыты" ЖШС директоры Назар Сүлейменов өндіріс орнында қаржылық қиындықтар туып отырғанын, алайда бұл уақытша екенін алға тартады.

"Ең алдымен келісімшарт мерзімі асып кеткен шаруалармен есептесетін боламыз. Қалғандарын кезең-кезеңімен келесі бейсенбіге дейін өтейтін боламыз. Кешіктіргеніміз үшін үстеме ақы да үлестіріледі", – деп уәде берді зауыт басшысы.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің пікірінше, бұл келеңсіз жағдайға нарықтағы қант бағасының төмендеп кетуі себеп болып отыр.

"Қазірдің өзінде қанттың нарықтағы көтерме бағасы 150-140 теңгенің шамасында саудалануда. Сондықтан зауыт та өнімдерін төмен бағаға өткізгісі келмейді", – дейді жергілікті әкімдік өкілі.

Жоғарыда айтқанымыздай жамбылдық шаруалар былтыр зауытқа 126 мың тонна өнім өткерген. Өндіріс орны тәтті түбірдің келісін 8 теңгеден қабылдап, шаруаларға тоқсан күннің ішінде ақысын қайтаруға тиіс еді. Алайда, келісімшарт орындалмай отыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, "Меркі қант зауыты" ЖШС-ның қазіргі таңдағы диқандарға берешегі 1 млрд теңгеден асып жығылады. Ал қызылшашылар алажаздайғы еңбектерінің қайтарымын алмаса, биыл Әулиеата өңірінде тәтті түбір тұқымы себілмейін деп тұр.

Әсел Мұратбекқызы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу