Жамбылда 2 млн доллардың қойы өсіріліп жатыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
24299

Қытайлар будандастырып шығарған Долан қойына миллионерлер де қызығушылық танытуда. 

Жамбылда  2 млн доллардың қойы өсіріліп жатыр Фото: Маржан Кәрімжанқызы

Долан  – әлемдегі ең қымбат қой тұқымына жатады. Оның саны бүгінде небары 1000 бастың ар жақ бер жағы делінеді. Ал бір қойдың бағасы 2 млн  АҚШ долларына дейін жетеді.

Ауғандық және қазақы қойларды будандастыру арқылы қытайлар қолдан жасаған қойдың бұл түрі бүгінде пайдасынан гөрі сәндік үшін көп сұранысқа ие болып жатқан жайы бар.

Әсіресе  қытайлық миллионерлер өздерімен алып жүруге жаппай ден қойып жатқан долан қойы Жамбыл облысында да өсіріле бастады.

Меркі ауданы, Батыр селолық округіндегі"Хадижа" шаруа қожалығы бұл қойдың 11 басын өткен жылы Пәкістаннан 4,500 доллардан алдырған екен. Бір қошқары 90 келіге дейін ет беретін доланды негізінен көрмеге қоюға сұрайтындар көп көрінеді.

50 градустан аса ыстықта еш қиналмастан жайыла беретін, күйі жақсы болса салмағы артып, жағдайы жақсара беретін қойдың шынында түр-түсі өзгеше. Дөңестеу әрі қисықтау біткен тұмсығы мен ұзын құлағына қарап оны құдды қоянмен шағылыстырылған ба деуіңіз бек мүмкін.

Қожалық төрағасы Жалал Худайбергенов 8 айлық қошқардың 50 келіге дейін ет бергенін, сондықтан  бұл қойдан ет бағытында айтарлықтай табыс табуға болатынын айтады.

Жалпы облыста ет өндіруге және оны өңдеу мен экспорттауға ерекше назар аударылып отырғанын айта кету керек. Бүгінге дейін Иранға  28 тонна мұздатылған ет жөнелтілсе, 24 тонна тартатын қой тірідей экспортталған. Сондай-ақ  облыста 3 ет комбинаты салынып жатыр. Оның ең бастысы – құны 2,5 млрд теңгені құрайтын "Оңтүстік-Халал" ет комбинаты. Кәсіпорын бүгінде Кувейт, БАӘ, Иран секілді бірқатар елдермен келісім-шартқа қол қойып, алдағы уақытта халал стандарты бойынша шет елге ет жөнелтпек.  
Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться