Жаңа ақылы жолдарда әр көліктен жеті мың теңгедей жиналады

3846

Қазақстандық "темір тұлпар" иелеріне Үкімет мемлекеттің мерейтойына және "Жаңа жылға" өз "сыйлығын" ұсынатынға ұқсайды. Жаңадан 13 ақылы жол пайда болмақ, деп жазады Inbusiness.kz.

Жаңа ақылы жолдарда әр көліктен жеті мың теңгедей жиналады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті алда тағы қандай жолдардан қанша ақы жинала басталатынын жариялады. Ведомство министрдің осыған қатысты қаптаған бұйрықтарының жобаларын қоғамдық талқылауға шығарды. 

Сонымен Қазақстанда таяуда келесі жолдардан мынадай ақы жиналмақ.

1. Республикалық маңызы бар автомобиль жолының "Нұр-Сұлтан-Атбасар" учаскесі.

"Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын "Нұр-Сұлтан-Атбасар" автомобиль жолының ІI санатты "Ресей Федерациясы шекарасы (Екатеринбургке)-Алматы", "Қостанай", "Нұр-Сұлтан", Қарағанды арқылы 1 247+000 – 997+000 км учаскесі ақылы негізде пайдаланылады. Ақылы жолдың бастапқы пункті – 1 247+000 км, соңғы пункті – 997+000 км", – деп жазылған құжатта.

Оған баламалы жол ұсынылады: "Нұр-Сұлтан-Қорғалжын-Абай-Егіндікөл", "Егіндікөл-Атбасар". Алайда бұлардың басым көпшілігі сапасы нашарлау аудандық маңыздағы автомобиль жолдары көрінеді. Көлігін құртып алмау үшін жүргізушілерге қандай жолды таңдауға тура келетінін білу үшін сәуегей болудың қажеті жоқ.

Бірақ ақылы жолды да автобан деп дәріптеу ұят. Оның жолақ-белдеуінің ені – 3,75 метр, қозғалыс белдеулерінің саны – екі бағытта 1 белдеуден ғана. Оператор компания оны "сауын сиырдай" 20 жыл пайдаланады.

Енді оның осы жолмен өткен машиналардан қанша теңге жинай алатынына тоқталсақ. Бір бағытта бүкіл маршрут бойынша (273 км 350 метр) бастан-аяқ жүріп өткен әрбір көлік, атап айтқанда:

- 16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейін жүк автомобильдері – 1 360;

- 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейін жүк машиналары – 2 730;

- 32 орыннан асатын автобустар және автопойыздардың жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгілері – 4 100;

- Жүк көтергіштігі 10–15 тоннаға дейінгілері – 5 470;

- Көтергіштігі 15 тоннадан асатын, соның ішінде тіркелгіш, ершікті тартқыштары бар жүк көліктері – 6 830 теңгеден жинап беруге тиіс.

2. Республикалық маңызы бар автомобиль жолының "Атырау-Бейнеу" учаскесі – "Өзбекстан шекарасы" (Нөкіске қарай) учаскесі.

Аты республикалық болғанымен, бұл сапасы әлдеқайда төмен ІІ-III санатты трасса. Бастапқы пункті – 598+000 км, соңғы пункті – 85+000 км. Мысалы, онымен экспортқа бағытталған алып фуралар теңіз портына дейін жетеді. Бұйрық жобасында ақылы жолдың "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы" (Астраханға), "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау порты", "Бейнеу-Өзбекстан шекарасы" (Нөкіске) бағыттарын қамтитыны ескертілген. Екі бағытта бір жолақтан ғана тұрады. Ақылы жолдың ұзындығы – 502 шақырым 600 метр. Бұл жолмен зуласаңыз, әлгі санаттар бойынша – әмияныңыз 1 000, 2 090, 3 100, 4 090 және 5 200 теңгеге азайып қалады.

Оған әзірге тегін келесідей балама ұсынылды: "Доссор-Құлсары-Қаратон-Сарықамыс-Боранқұл шаруашылық автомобиль жолы".

3. Республикалық маңызы бар "Атбасар-Қостанай" автомобиль жолы. Оның бойында келесідей бағыттар жатыр: "РФ шекарасы (Екатеринбургке)-Алматы", "Қостанай", "Нұр-Сұлтан", "Қарағанды", "Жақсы-Есіл-Бұзылық", "Жезқазған-Петропавл", Арқалық арқылы "Қостанай-Әулиекөл-Сурган" автомобиль жолы. ІІ-ІІІ санатты автожол.

Оған нашарлау болса да, балама бар: "Нұр-Сұлтан-Қорғалжын-Абай-Егіндікөл" аудандық маңызды жол, "Егіндікөл-Атбасар" аудандық жолы, "Атбасар-Жақсы" аудандық учаскесі, "РФ шекарасы (Екатеринбургке)-Алматы" республикалық маңызы бар автомобиль жолының "Жақсы-Рузаевка-Сарыкөл-Қостанай" учаскесі.

Қос бағытта 1 жолақтан ғана тұратын ақылы жол 431 шақырымға созылып жатыр. 810 теңгеден 4 080 теңгеге дейін төлем алынады.

4. Республикалық маңызы бар "Орал-Ресей шекарасы" (Самараға) автомобиль жолы.

Самараға қарай Шымкент, Орал, Ақтөбе, Қызылорда арқылы жүретін ІІІ санатты жолдар.

Ақы төлегісі келмегендерге "Орал-Ресей шекарасы" (Бұзылыққа) республикалық маңызы бар автомобиль жолы ұсынылады. Айналма жол, әрине, алысырақ.

Бір жолақтан тұратын ақылы учаскенің ұзындығы – 53 шақырым.

Автобустар мен жүк көліктерінен санатына қарай 110 теңгеден 530 теңгеге дейін жиналады деп күтілуде.

5. Республикалық маңызы бар "Ақтөбе-Орынбор" автомобиль жолы. "Ақтөбе-Мәртөк-Ресей шекарасы" (Орынборға) бағытын алып жатыр. І және ІІ санатты, кей жерінде қос бағытқа екі жолақтан.

Ақылы жолдың ұзындығы – 92 км 392 метр. Әр көлік 180 теңгеден 1 110 теңгеге дейін ақы төлеуге тиіс.

Балама жол жоқ.

6. Республикалық маңызы бар "Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Ақжігіт" автомобиль жолы.

Соның ішінде "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау" порты II санаттағы жолы ақылы негізде пайдаланылады. Техникалық сыныптамасы – ІI санатқа жатады. 386 шақырымға көсіліп жатқан ақылы жолда екі бағытта 1 жолақтан ғана бар.

Баламалы тегін жол ретінде "Ақтау-Құрық" республикалық маңызы бар автомобиль жолымен, "Құрық-Жетібай" республикалық маңызы бар автомобиль жолымен айналып жүру ұсынылған.

Әр көліктен 760 – 4 620 теңгеден жинау көзделіп отыр.

7. Республикалық маңызы бар автомобиль жолының "Көкшетау-Петропавл" учаскесі. "Көкшетау-Петропавл", "Нұр-Сұлтан-Петропавл" учаскелеріне қатысты.

Баламалы жол рөліне "Щорс-Ильичевка" аудандық жолы, облыстық маңызды жолдардың "Ильичевка-Чкалово" учаскесі, "Чкалово-Тайынша" учаскесі, "Тайынша-Қиялы-Смирново", "Смирново-Трудовое-Тоқшын" облыстық маңызы бар жол, "Ресей шекарасы (Челябіге)-Ресей шекарасы (Новосібірге)", "Петропавл", "Тоқшын-Петропавл" учаскесі. Лабиринтке келіңкірейді.

Ақылы жолдың техникалық сыныптамасы – ІI санатты, ұзындығы – 169 шақырым. Жиналатын алымы 340-2 030 теңге аралығында.

Бұдан бөлек, ИИДМ-нің Автомобиль жолдары комитеті республикалық маңыздағы:

- "Қызылорда-Арал" (ұзындығы 448 км 395 метр, төлемі 89-5 380 теңге аралығы);

- "Павлодар-РФ шекарасы" (Омбыға қарай, 197 шақырым 250 метр, 400-2 380 теңгеден);

- "Павлодар-Семей" (301 шақырым 200 метр, 600-3 620 теңгеден);

- "Орал-Ресей шекарасы" (Саратовқа дейін, 99 км 800 метр, 190-1 200 теңгеден);

- "Семей-Қалбатау" (150 шақырым, 290-1 800 теңгеден);

- "Ақтөбе-Орал" (449 км, 900-4 850 теңгеден) автомобиль жолын ақылы негізде пайдалануға міндеттеуді ұсынып отыр.

Бұл ретте жергілікті тұрғындар да тегін жүре алмайды. Тек іргелес әкімшілік-аумақтық бірлікте, яғни ауданда тұратын және ақылы болғалы тұрған жолдармен өзге қала-ауданға үнемі қатынайтын азаматтар төл жеңіл көліктері үшін екі бағытта 365 күнге 1 000 теңге тұратын абоненттік төлем төлеп, еркін жүре алады.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, бұдан бұрын, биылғы 23 қарашада ақылы жолдар іске қосылған болатын, олардан сол күннен бастап ақы жиналуда. Олардың арасында І санаттағы 4 жолақты республикалық жолдар бар. Нақтылай кетсек:

- "Нұр-Сұлтан-Павлодар";

- "Қапшағай-Талдықорған";

- "Тараз-Қайнар";

- "Шымкент-Тараз";

- "Шымкент-Қызылорда";

- "Шымкент-Ташкент";

- "Щучинск-Көкшетау".

Оларда төлем тарифтері өзгешелеу. Жеңіл көліктер 1 шақырымы үшін 1 теңгеден, автобустар 5-15 теңгеден, жүк көліктері 5-25 теңгеден төлейді.

Жалпы алғанда ресми мәлімет бойынша, 2025 жылға дейін тек ақы төлеп өтуге болатын жолдардың ұзындығы 11 мың шақырымнан аспақ.

Қазақстанның автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағысының ұзындығы 25 мың шақырым, жергілікті желінің ұзындығы – 71 мың шақырым. Яғни республикалық жолдардың көбісі ақылыға айналуы мүмкін.

Жанат Ардақ