Жаңа коронавирустың тұмаудан қандай айырмашылығы бар?

12182

Әлемге үрей таратқан вирус туралы әркім білуі керек деректер. 

Жаңа коронавирустың тұмаудан қандай айырмашылығы бар?

Ухань қаласынан таралып жатқан жаңа коронавирус қарапайым тұмауға өте ұқсас келеді. Екеуі де вирустық инфекция саналады, екеуінің де симптомдары бірдей. Ал ең бастысы, екеуі де адамнан адамға жұғады. Бірақ олардың айырмашылықтары да бар.

Коронавирус симптомы расымен тұмаудыкіндей ме?

Адам коронавирусының белгілері тұмаудыкі сияқты, екеуі де пневмонияға тіпті адам өліміне де әкеліп соғады. Бірақ Рединг Университетінің вирусология профессоры Йен Джонстың айтуынша, түптеп келгенде коронавирус тұмаудан әлдеқайда қауіптірек көрінеді. "Жаңа вирус басқаларына қарағанда өкпеге тереңірек еніп,салдарынан пневмония симптомдары байқала бастайды: өкпе ісіп, оның жұмыс істеуі нашарлайды. Науқастың тыныс алуы қиындап кетеді", – дейді профессор.

Тұмаумен салыстырғанда коронавирус қаншалықты қауіпті?

Йен Джонс коронавирустан қаза тапқандар санының 100-ден асуы үрей тудырып отырғандығын айтады. Бірақ ол нақты қанша адамның вирусты жұқтырғаны әзірге белгісіз екенін алға тартып, ажал құшқандар саны кейбіреулер ойлағандай көп еместігін жеткізді. "Егер де 100 қаза тапқан 100 000 адамның қатарынан болса, көрсеткішті төмен деп есептеуге болады. Ал егер бұлар расталған 4000 науқастың арасынан болса, көрсеткіш тым жоғары болуы мүмкін. Бұл жағдайда эпидемия өте қауіпті. Бірақ мына статистикаға көз жүгіртсек: жыл сайын 5 миллионға жуық адам тұмауға шалдығып, қатты науқастанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әр жыл сайын шамамен 650 000 адам тұмаудың асқынуынан қаза табады", – дейді Джонс.

Көбісі тұмауға қарағанда коронавирустан неге қорқады?

Тұмау мен коронавирустан қаза тапқандардың саны теңессе де, адам ағзасының олармен күресуінде айырмашылық бар. Адам ағзасында қарапайым тұмаумен күресетін антиденелер бар, оның үстіне ғалымдар жыл сайын жаңа вакциналар ойлап табуда. Жаңа коронавирустың пандемияға әзірге әкеліп соққан жоқ. Олай болған жағдайда адам денесінде вирустың бұл түрін жеңетін иммунитет жоқ. Қазір әлемнің үрейін ұшырып отырған осы нәрсе.

Оның үстіне қазір тұмауға шалдыққандардың қатары көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бұл да отқа май құйып отырғандай. Тағы бір айта кететін жайт, қазір көп адамның жаңа коронавирустың қасиеті туралы ақпараттан бейхабар болуы да олардың зәре-құтын қашыруда.

Коронавирус жұқтырып алдым деген ой келсе...

Үш тұрғыны коронавирус жұқтырғаны расталған Францияда жергілікті билік телефонмен жедел жәрдем қызметін шақыруға кеңес берді. Өйткені ауруханаға барған кісі вирусты басқа біреуге жұқтыруы әбден мүмкін. Қытай мен Германияда да осындай кеңестер беріліп жатыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу