Мұндай жаңалықты АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, шешім міндетті 45 күндік алдын ала хабарлау мерзімінен кейін күшіне енуі мүмкін. Бұл – Вашингтон мен Дамаск арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.
– Бүгін президент Трамп Конгреске әкімшілігінің Сирияны терроризмді қолдайтын мемлекет мәртебесінен шығару ниеті туралы хабарлады. Бұл – президент Трамптың сириялықтарға жаңа болашаққа мүмкіндік беретін тағы бір тарихи қадамы, – деді Рубио.
Сирияны тізімнен шығару бірқатар шектеуді алып тастауға, халықаралық сауда мен инвестиция тартуға және елді қалпына келтіру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік сыйлайды.
– Тұрақты әрі біртұтас, өзімен және көршілерімен бейбіт өмір сүретін Сирия тек өңірдің ғана емес, бүкіл әлемнің мүддесіне сай келеді, – деді мемлекеттік хатшы.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шешім Дональд Трамптың 2025 жылдың 30 маусымындағы Сирияға қатысты санкцияларды жеңілдету туралы Жарлығының жалғасы екенін хабарлады.
Вашингтон Сирия президенті Ахмед аш-Шараа бастаған үкіметтің терроризмге қарсы қабылдаған шараларын, сонымен қатар Дамасктің халықаралық террористік ұйымдарға қолдау көрсетуді тоқтату жөніндегі ресми кепілдіктерін ескерді.
Осыған дейін Трамп Анкарада өткен НАТО саммиті аясында Ахмед аш-Шараамен кездесті. Онда БАҚ өкілдерінің Сирияны аталған тізімнен шығару мүмкіндігі туралы сұрағына "Менің ойымша, иә. Неге болмасқа? Ол керемет жұмыс атқарды" деп жауап берген.
Еске салайық, Сирия АҚШ-тың терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізіме 1979 жылы енген. Бұл америкалық көмек көрсетуге, қаржылық операциялар мен инвестицияларға бірқатар шектеу жасайды.
Кеше Трамптың Түркияға F-35 жойғыш ұшақтарын сатуға келіскенін жаздық.
Мұнан бөлек, ол Украинаға алғаш рет Patriot зымырандарын өндіруге мүмкіндік беру мәселесін талқылады.