Жаңа оқу жылы алдында мектеп маңындағы қауіпсіздік қатаң тексеріледі

213

Жаңа оқу жылының басталуына орай Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында "Назар аударыңыз – балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуді тапсырды.    

Жаңа оқу жылы алдында мектеп маңындағы қауіпсіздік қатаң тексеріледі Фото: polisia.kz

Ведомоство басшысы ІІО қызметтері мен бөлімшелері басшылығымен кеңес өткізіп, өткен кезеңнің қорытындысын шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атқарылған кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің төмендеуі мен қылмыстарды ашу көрсеткішінің жақсарғаны атап өтілді. Кеңес барысында министр бірқатар аумақтық департаменттің басшыларын тыңдап, жұмысты ұйымдастыруда бар кемшіліктерге назар аударды.

– "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, қылмыстық істерді толық әрі сапалы тергеу және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бойынша нақты міндеттер қойылды, – делінген хабарламада.

Министр жеке құрам арасында тәртіп пен қызметтік тәртіпті сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті.

– Барлық деңгейдегі қызмет пен бөлім басшылары осы бағыт үшін жеке жауапты, – деді Ержан Сәденов.

Оның аясында білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таңертеңгі және кешкі уақытта патрульдеуді күшейту, нысандарға учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлерін бекіту, сондай-ақ оқушыларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша сабақтар ұйымдастыру міндеттелді.

Сонымен қатар мектептердің қауіпсіздік инфрақұрылымын және мектеп автобустарының техникалық жағдайын тексеруді аяқтау тапсырылды.

ІІМ көлік жүргізушілерін білім ордаларына жақын аймақтарда ерекше мұқият болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен көше мен көліктегі тәртіп ережелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі ескертіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу