Ал, Денсаумині мәзірдің шәкірттердің денсаулығын нығайтатынына сенімді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы жылдың басында Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі тамақтанудың стандартын бекітті. Ол бүгіннен, яғни, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Биылғы жаз бойы Денсаумині Оқу-ағарту министрлігімен, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен және ЮНИСЕФ халықаралық ұйымымен бірлесіп, әрбір өңірде семинарлар сериясын өткізді.
Ол семинарлар барысында жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, денсаулық сақтауж әне білім басқармаларының және олардың аудандық бөлімшелерінің жауапты мамандарына Білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандартының сақталуын қалай бақылау керектігі түсіндірілді. Яғни,талап пен қадағалау қатаң болатын түрі бар.
Өз кезегінде жаңа стандарт мектеп асханаларын жалға алған бизнесмендерді естен тандыра жаздады.
Олар оған қазіргі балалардың суқаны сүймейтін тамақ түрлерінің енгізілгеніне наразы. Олардың түсіндіруінше, балалар ұнатпайтын асын жаппай жемей, аш қалса, ата-аналар тарапынан шағым тасқындайды.
Сондай-ақ, мектеп асханасында дайындалған тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін органолептикалық көрсеткішіне, яғни, тек сыртқы кейпіне, түсі, иісі менқұрамына қарай қадағалайтын бракераждық комиссиялар бар.
Оның мүшелері балалардан кейін көп тамақтың ішілмей қалатынын көріп, бұған салауатты асты жемейтін қазіргі ұрпақты айыптамайды, керісінше, "тамағың дәмсіз болған соң желінбейді" деп кәсіпкерлерді кінәлауы ықтимал.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жергілікті атқару органның қаражаты есебінен білім ордаларында оқушыларды тамақтандыратын бизнес субъектілері жаңа мәзір-менюге қарсы және оның санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін, әрі экономикалық тұрғыдан орындалуы қиын екенін алға тартты.
Кәсіпкерлер Денсаумині қабылдаған жаңа типтік рацион жергілікті ерекшеліктерді ескермейтінін жеткізді. Өйткені оның ішіне асқабақ, брокколи, ашытылған қырыққабат, көкөніс икрасы, баклажат икрасы (министрліктің мәзірінде солай жазылған), құрма сияқты балалар жақтырмайтын азық түрлері кіріпті.
Бұрынғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, мұндай ас түрлері желінбей, табақпен бірге кері қайтарылады. Салдарынан биыл енгізіліп отырған индикатор – асхана тамағының "жеуге жарамсыздық индексі" (индекс несъедаемости) жаппай нашарлауы мүмкін.
"Біз Денсаулық сақтау министрлігінің міндет-мақсаттарын жақсы түсінеміз. Ол білім алушылардың рационын салауатты, денсаулыққа пайдалы әрі әралуан еткісі келеді. Бірақ өмір шындығы өзгеше: қазіргінің балалары асқабақ езбесін немесе брокколиді өз еркімен тұтынбайды, тіпті жек көреді, жиіркенеді. Біз мұны біраз жылдан берібайқап келеміз. Ақырында осы астың бәрі, оған жұмсалған қаржымен бірге қоқыс жәшігіне төгіледі. Оның үстіне балалар жаппай ашқалады", – деп мәлімдеді ұжымдық шағымында мектеп асханаларын жалға алушылар.
Бұған қоса, кәсіпкерлер "Үлгілік перспективалы мектеп мәзіріне"мандарин, құрма, тұтас бас жуа сияқты өнімдердің енгізілуін де құптамайды, олар аллерген өнімге айналып, балалардың денсаулығына залал келтіруі мүмкін деген пікірде.
Жаңарған мәзірге ақшаның аз бөлінуі бизнесмендердің айрықша ашынысын туғызды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 1 баланы тамақтандыруға бюджеттен 1 күнге 722 теңге ғана бөлінеді.
Алайда кәсіпкерлердің ең төменгі бағалар бойынша есептемелері бір рационның өзіндік құны бұл шектен асып түсетінін көрсеткен: тек азық-түлікті сатып алу әлгі соманың шамамен 85%-ын "жеп" қояды екен.
"Қалған қаражат мектеп асханасын жалға алуды, алым-салықтарды, коммуналдық қызмет ақыларын, жөндеуді, жабдықтарды ауыстыруды және басқа шығындарды қоспағанда, тіпті персоналдың жалақысын төлеуге де жетпейді. Кәсіпкерлер бұйрық талаптарын орындай алмай қалатын жағдайға тап болды. Бұл – банкроттыққа бастайтын жол. Одан құтылу үшін азық-түліктен қатты үнемдеуге тура келеді, демек, тамақ сапасы құлдырайды", – дейді асхана арендаторлары.
Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева шенеуніктердің бұл әрекеттері бизнесті күйретіп қана қоймай, балалардың тамақ қауіпсіздігіне нұқсан келтіргелі тұрғанын жеткізді.
"Мемлекет әу бастан орындалмайтын шарттарды қойып отыр. Бұл бизнесті азық-түліктен, жалақыдан үнемдеуге итермелейді. Ал, бұл оқушылардың денсаулығына тікелей қатер төндіреді. Бұдан өзге жаңа мәзірге қоса берілген технологиялық карталарда өрескел қателіктер кеткен. Мысалы, "Алмұрт" сусынының құрамында алмұрттың болуы көрсетілмеген. Шағын порцияларына қарағанда үлкенінде жұмыртқа саны азайып қалған. Астың әртүрлі шығарылымында брутто және нетто салмағы бірдей етіп көрсетілген", – деді Марина Лаптева.
Мәзірдің заңдылығы мәселесін ШҚО прокуратурасы да көтерді.
Ведомство өкілі мұндай сәйкессіздіктер балалар мен кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына соқтыруы мүмкін екенін нұсқады. Бұл заңдылық пен бизнес үшін тең жағдайлар жасау қағидатын бұзады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жаңа стандартта балаларды қауіпсіз, сапалы және теңдестірілген тағаммен қамтамасыз ететін, дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптар ескерілгенін мәлімдеді.
Оған сәйкес, мектепте балалар енді тұзсыз сорпа, майсыз ботқа, тәтті емес сусын тұтынатын болады. Шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер тегіс алып тасталды.
"Жаңа Мектептегі тамақтану стандартының басты артықшылығы –тұзды, қантты және майды тұтыну азайтылды. Көкөністер мен жемістер үлесі арттырылды және табиғи емес тағамдар жойылды. Құрамында қанты бар сусындар мен шырындар – газдалмаған суға, сүтке, айранға, жеміс шайларына, компотқа, термикалық өңделген әрі қант мөлшері аз жеміс-жидек сусындарына, морсқа алмастырылды", – деді комитет мамандары.
Тамақтану стандартында сондай-ақ ерекше диета ұстауы қажет оқушыларды бөлек тамақтандыру бойынша ұсыным берілген.
Сондай-ақ, негізінен, ауыл-ауданда орналасқан, асханасы, ас блоктары жоқ шағын жинақты мектептерде де тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар көзделген. Оларда бастауыш сынып оқушыларына ланч-пакет таратылуға тиіс.
Бұл топтаманың ішінде 4 нәрсе – ыстық бутерброд, ашытылған сүт өнімі (йогурт), маусымдық жемістер және сусын (сүт, айран немесе итмұрыннан, кептірілген жемістерден, жидектерден жасалған сусын) болуға тиіс.
Сонымен қатар, алғаш рет "жеуге жарамсыздық индексі" (тарелкедегі қалдықтар) тұжырымдамасы енгізілді. Бұл балалар ас ішкеннен кейін табақтарда қалған тамақ қалдықтарының ұсынылған тағамдардың жалпы көлеміне қатынасын білдіреді.
"Осылайша, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ұстанымынша, жаңа тамақтану стандартын енгізу білім беру ұйымдарында тамақтану сапасын арттыруға және балалардың денсаулығын жақсартуға негіз болады. "Мәзір балалардың физиологиялық мұқтаждықтары мен калоражын ескере отырып құрылған. Мәзір балалардың жас санаттарына қарай бөлінген, жаз-күз және қыс-көктем маусымына ажыратылған. Стандарт сондай-ақ қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа дерттері, ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды", – деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.
Мектептегі тамақтану мәзірімен мына жерден танысуға болады. 120 беттен тұратын құжатта әрбір аптаның әрбір оқу күніне арнап, бөлек-бөлек меню бекітілген.
Мектептегі тамақтану мәзірімен мына жерден танысуға болады. 120