Жаңа шағын ауданның тұрғындары жапа шегіп отыр

2868

Бірнеше жыл бұрын ғана қоныс тойын тойлаған №13 шағын аудандағы №36, 37 көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары Тараз қаласының әкімдігіне шағымдануда.  

Жаңа шағын ауданның тұрғындары жапа шегіп отыр

Олардың сөзінше, жыл өтпей жатып-ақ үйдің сыртқы қабырғасының сылақтары опырылып, ойылып түсе бастаған. Ал бесінші қабаттағы бір балконның кірпіш қабырғасы толығымен құлап түскен. Жаңбыр жауған күндері шатырдан аққан су сызат қуалай бесінші қабаттан төртінші қабатқа дейін жетеді. Мұндай күндері тұрғындар төбеден сорғалаған тамшының астына шелек сынды ыдыстар қойып әуре-сарсаңға түсіп жатқаны. Аласа шатырдан төмен құлаған жауын суы батыстан сәл жел соқса қабырғаға тамып, дуал жағалай ағып отырған. Сөйтіп бірінші қабатқа жеткен су қабырғаның сыртын ғана емес, ішін де бүлдіруде. Ауланың көлшікке айналып кететіні өз алдына.

Алматылық жобамен салынған қос көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары алты жылдан бері қала әкіміне шағымданып, әділдік таппай келе жатыр.  

"Біздің арызданбаған жеріміз қалмады. Қала әкіміне де жаздық. Тележурналистерді де шақырып, телеарнаға да шығардық. Бірақ біздің мұңымызға құлақ асқан пенде жоқ", – деді осы үйдің тұрғыны, белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев.

Шағымданушылардың сөзіне қарағанда, қос көпқабатты тұрғын үйді тұрғызған "Қазмұнайқұрылыс" ЖШС өз жұмысын жауапты атқармаған. Пәтер иелеріне кілттерін тапсырғаннан кейін-ақ кемшіліктері шыға бастапты. Кейбір подъездерге бұрын пайдалануда болған, Қаратау қаласында бұзылған көпқабатты үйлердің баспалдақтарын сол күйі әкеп салып жіберген. Шатырын бір рет жел де жұлып, ұшырып әкеткен екен.

Мамандардың пайымынша, үйдің он бес метр ендікті алып бір бағытқа жабылған шатыр жабыны құрылыс талабына сай келмейтін көрінеді. Оның аласа жабылуы мен темір жабындардың бір-біріне киілер тұстары жақсы бекітілмегендіктен, ондағы сызаттардан су ішке кетіп жатса керек.  

Аула тұрғындары мұнда не әкімді, не әкімнің орынбасарларын шақыртып келтіре алмаған. Ешкім келмеген соң елдің аманатын арқалап Бақыт Шағырбаев Тараз қалалық әкімдіктің тұрғын үй инспекциясына барса, "Сіз өнер қайраткерісіз ғой, енді арызқой атанайын дедіңіз бе?" деп райынан қайтаруға тырысыпты.

"Мені арызқой атандырған өздерің. Әр адам, әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндетін жауапкершілікпен атқарса, біз бұлай шуламас едік. Бізде бәрі жақсы болса арызданып неміз бар? 150 отбасы тұратын екі үйдің 36 пәтерінің төбесінен су ағып тұрғанын көріп тұрып, ештеңе істемесем, қайраткерлігім кімге керек?", – деп шырылдаған ол, әлі билікке халықтың мұңының жетпегеніне қапаланады. 

Тұрғындар арнайы маман шақырып шатырға шығартыпты. Олар шатырдың дұрыс жабылмағанын, жауын суының темір жабынының бір-біріне киілген тұстарынан кетіп жатқандығын, шатырды бір басын 2-2,5 метрге көтеріп, қайта жабу керектігін айтқан.

Жергілікті әкімдік осы үйлердің сыртын қайта қаптауға бөлген 50 миллион теңгені игеріп жатқан "СКН строй" ЖШС директоры Нұржан Қабанбаевтың айтуынша, оларға да тиісті қаражат мерзімінен кеш берілген. Сондықтан жұмыс та кеш басталыпты.

"Қазір №37 үйдің қабырғасын қаптап жатырмыз. Қаптап жатырмыз деген жай сөз, зорға қиюластырудамыз. Мен құрылысшымын. Мына қос үйдің қалай тұрғызылғанына қайран қаламын. Мердігер бұл үйді қалай болса солай соға салыпты. Ешқандай құрылыс талабы сақталмаған. Бір тұсында қабырғалар ішке шалқайып кетсе, енді бір жерінде сыртқа шығып кеткен. Терезелерінің айналасын қиюластыру қиын болып жатыр. Екі үй де қисық. Сыртқы қабырғасының өзі жұқа. Осылай да үй салады екен-ау", – деп ол басын шайқады.  

"Тұрғындар шатырды да ашып жөндейді деп ойласа керек. Қаржы тек үйдің сыртқы қабырғасын қаптауға ғана беріліп отыр. Төбені ауыстыруға бұл қаржы жетпейді. Десе де біз тұрғындардың өтінішімен шатырға шығып көрдік. Жұмыс өте көп. Егер тапсырыс берушілер жобалық-сметасын жасап берсе, тұрғындардың қалауымен дұрыстап жауып бере аламыз. Негізі шатырдың суы кіреберіске қарай емес, сыртқа қарай ағуы керек еді. Мұнда бәрі керісінше жасалған", – деді Нұржан Қабанбаев.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу