АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл жолы да шабуыл Дональд Трамптың бұйрығымен жүзеге асырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
CENTCOM мәліметінше, бірнеше сағатта әуе шабуылдары барысында 90-нан астам нысана жойылған. Олардың қатарында әуе қорғанысы жүйелері, жағалаудағы бақылау бекеттері, зымыран және дрон қоймалары, әскери-теңіз күштерінің нысандары мен логистикалық инфрақұрылым бар.
Осыдан соң Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында ірі өрттің суретін жариялап, бұл соққыны Иранның сауда кемелеріне жасаған шабуылдары үшін "кек қайтару" деп атады.
Десе де, Open Source Intel зерттеушілері жарияланған фотосуреттің ескі екенін және қазіргі әскери операцияға ешқандай қатысы жоқ екенін анықтады. Дәл осы суретті Трамптың мәлімдемелерімен бірге Ақ үй де таратқан еді.
Өз кезегінде Иран да жаңа шабуылдармен жауап қатты. Таңертең Кувейт, Бахрейн және Қатарда зымыран қаупі туралы дабыл жарияланды. Кувейт әскері ел аумағына бағытталған дрондар мен зымырандарды әуеде жойып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Трамп Иранмен соғысты тоқтату жөніндегі келісімнің жүзеге аспағанын мәлімдеп, елдің азаматтық инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін екенін ескерткен-ді.