Жаңа қағидалар қант зауыттарының жаппай тоқтауына, ал, егістіктегі астықтың шіріп кетуіне соқтыруы әбден мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елдің жоғарғы басшылығына жолдаған ашық хатында Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы осыны ескертіп, дабыл қақты. Егер реформаның авторы – Сауда және интеграция министрлігіне сенсек, бәрі де әрине, тәртіп, ашықтық және нарықтың төл игілігі үшін жасалып жатыр.
Қауымдастықты тыңдасақ, шенеуніктер тұтас саланы қолдан жасалған апат құрдымына қарай итермелеуде.
"Реформаның" мәні неде?
Сауда және интеграция министрлігі биржалық сауда қағидаларын өзгертуді ұсынды. Бар болғаны бір тармақ – 75-1. Алайда кейде бір түзетудің өзі тұтас саланы күл-талқан етуге жеткілікті болуы мүмкін. Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның Президент пен Премьер-министрге жолдаған ашық хаты Eldala.kz аграрлық порталында жарияланды. Бұл үндеу кәсіби ортаға жаңғырық болып тарап, резонанс туғызып, нарық ойыншыларын төніп келе жатқан өзгерістерге алаңдай қарауға мәжбүр етті.
"Сауда және интеграция министрлігі бастамашы болған биржалық сауданың жаңа қағидалары сөзсіз, өндірістің күйреуіне алып келеді. Жаңа ойын ережелері салдарынан қант зауыттары тоқтайды, қант қызылшасының астығы жиналмай қалып, егістікте шіриді. Бұл кімге тиімді? Мемлекет басшысы импортты алмастыру және азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін қойып отырғанда, салалық ведомство – ҚР СИМ – "Биржалық сауда қағидаларына" (75-1-тармаққа) өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Сала өкілдері мұны экономиканың нақты секторына және ауыл шаруашылығына қарсы қасақана жасалған диверсия деп бағалайды!" – дейді қауымдастық басшысы Айжан Наурызғалиева.
Қауымдастықтың мәлімдеуінше, Сауда министрлігі өндірушілердің барлығының мойнына күштеп "клирингтік қамытты" кигізудің қамын жасауда екен.
Ұсынылған нормаларға сәйкес, қант зауыттарының барлық есеп айырысулары енді тек делдалдар – клирингтік орталықтар арқылы жүргізілуге тиіс. Бұл тауар іс жүзінде жеткізілгенге дейін кәсіпорындардың айналым қаражатын үшінші тұлғалардың шоттарында "қатырып" қоюға әкеледі.
Бұл ретте айналым қаражат – зауыттар тіршілігінің "күретамыры". Ол шикізатты сатып алуға, газ бен электр энергиясына ақы төлеуге, жұмысшыларға жалақы беруге, сондай-ақ фермерлерді қаржыландыруға қажет. Қант зауыттары ұзақ жылдар бойы қант тұтынушыларымен ешқандай делдалсыз, тікелей жұмыс істеп келген. Енді араға министрлік ұсынған "араағайын" киліккелі тұр.
Сарапшының байламынша, бұл жаңашылдық 2026 жылғы егіс науқанына тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінде қант зауыттары отандық қызылша өсірушілер үшін қаржылық донор рөлін атқарып отыр. Мысалы, зауыттар тұқым сатып алып, оны фермерлерге болашақ өнім есебінен несиеге береді.
Сондай-ақ, көбіне олар күзде өндіретін қантын сатып алатын клиенттерімен де алдын ала келісіп, болашақ жеткізу көлемін белгілейді, бағаны қымбаттамастай етіп бекітеді және алдын ала төлем алады. Бұл сатып алушылар үшін де тиімді. Кей жағдайларда олар сатып алынған қантын керек болғанға шейін зауыттардың қоймаларында сақтайды.
"Ақшаның "клирингтік қара құрдымда" "бұғатталып" қалуы осы тізбекті үзіп тастайды. Зауыттардың фермерлерді уақтылы қаржыландыруға ресурсы қалмайды. Салдарынан, 2026 жылғы егіс науқаны жарға жығылуы мүмкін. Күзде қызылша өнімін ала алмаймыз. Шикізатсыз қалған зауыттар жұмыс істемей, қаңтарылып тұрып қалады. Бұл – жылдар бойы әзер қалпына келтірілген шикізат базасының толық күйреуіне соқтырады. Қазақстан қант саласында толықтай, жүз пайыз импортқа тәуелді болып, азық-түліктік тәуелсіздігін біржола жоғалтады", – дейді Наурызғалиева.
Сала тарапынан айтылған қатаң сынға жауап ретінде Сауда министрлігі қағидалардың жаңартылған нұсқасын ұсынды. Алайда қауымдастықтың тұжырымдауынша, оның мәні өзгермегей қалды. Зауыттар бәрібір тікелей есеп айырысу құқығынан айырылады.
Мұны кәсіпкерлер бизнестің ұстанымын елемеудің айқын көрінісі санайды. Сондықтан қауымдастық Сауда министрлігінен 75-1-тармақты бұрынғы күйде дереу кері қайтаруды талап етіп отыр.
Бұған дейін Сауда бірінші вице-министрі Айжан Бижанова қанттың әрі қарай да биржалық тауар болып қала беретінін мәлімдеген еді. Яғни, жібімей, қатаң ұстанымында табандады. Ведомство тек нарықтың барлық қатысушыларының мүддесін ескеру үшін сауда қағидаларын жетілдіруге ашық екенін қосты.
"Биржадағы қант секциясы бойынша біз диалогқа дайынбыз. Қағидаларды пысықтап, түзетулер енгізе аламыз, бірақ биржалық тәсілдерден толықтай бас тартпаймыз. Бұған қоса лот көлемін қайта қарауға болады, өндірушілердің де, сатып алушылардың да мүддесін ескеру маңызды. Себебі, сатып алушылардың бәрі бірдей сатушылар ұсынатын ірі партияларды сатып ала алмайды", – деді Айжан Бижанова.
Оның мәліметінше, қарастырылып жатқан шаралардың бірі – биржадан тыс мәмілелерді міндетті түрде биржа арқылы тіркеуге көшіру. Бижанованың пікірінше, бұл импортты бақылауға, талаптарды айналып өтудің алдын алуға және нарықтағы бәсекені сақтауға көмектеседі.
Әйтсе де, қант индустриясының болашағы барған сайын бұлыңғырлана түсуде. Тұтынушылар біле бермес, бірақ суды көп қажет етеді деп, Үкімет қант қызылшасының егістік алқабын рекордтық мөлшерде азайтып тастады. Сарапшылар мұндай жағдайда қолданыстағы және енді салынып жатқан зауыттарды шикізатпен қамту ісі терең дағдарысқа душар болуы ықтимал екенін ескертеді.
Қазақстанда қант қызылшасының астығы жыл сайын азайып барады:
- 2024 жылы алқаптар елге рекордтық 1,3 млн тонна тәтті түбір сыйлап, гектарына 535,5 центнерден керемет өнім берсе, арада бір жыл өткенде жағдай күрт нашарлаған;
- 2025 жылы жиналған өнім алдын ала дерек бойынша 850 мың тоннаға дейін төмендеп, 2024 жылмен салыстырғанда 34 пайызға азайды.
Бұлайша құлдырауға табиғи апат, қуаңшылық не ауа райы емес, шенеуніктердің қабылдаған шешімі ықпал еткен. 2025 жылы қант қызылшасын өсіруге ұланбайтақ даладан бар-жоғы 19,1 мың (миллион емес!) гектар ғана егіс алқабы бөлінді.
Алдағы жылдары шикізат тапшылығының күшею қаупі төніп тұрғанына қарамастан, Қазақстанда бір парадоксалды көрініс қалыптасуда. Қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады.
АШМ түркиялық Cengiz Holding холдингінің ірі инвестициялық жобасы қолға алынып жатқанын хабарлады. Компания жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіретін 2 зауытты салуға 500 млн доллар қаржы құюды жоспарлап отыр. Құрылыс үшін әлеуетті алаңдар ретінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары аталды. Құрылыс 2026 жылы басталып, қант зауыттары келесі 2 жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс.
Саладағы инвестициялық серпін мұнымен шектелмейді. Экономикалық қауіпсіздік жөніндегі ведомствоаралық комиссияның таяудағы отырысында жарияланғандай, "QazaqArab Sugar" ЖШС Алматы облысында қант зауытын салуға 307 млрд теңге инвестиция салады, ал, "Asyl Sugar" ЖШС Солтүстік Қазақстан облысында осындай кәсіпорын тұрғызуға 110 млрд теңге бағыттайды.
2025 жылдың қыркүйек айының соңында Жамбыл облысында аса ірі қант зауытының құрылысына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзі ақ батасын беріп, іргетасын қалап қайтты. Жоба жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 80-130 мың тонна ақ қант, сондай-ақ 72 мың тоннаға дейін қызылша ұны мен 54 мың тонна патока өндіруді көздейді. Кәсіпорын ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, өнімдері Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ресейге және Қытайға жол тартатыны жарияланды.
Инвестор – қытайлық Zhongkai Guoyuan (Anhui) Industrial Investment компаниясы. Жалпы инвестиция көлемі 200 млн долларды құрайды. АШМ басшысы бұл жобаны "Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі және табысты әріптестіктің жарқын үлгісі" деп бағалады.
Алайда салтанатты сөздердің тасасында бір "күмәнді" сауал қылаң береді, оған әзірге нақты жауап та жоқ. Осы қуаттарды толыққанды жүктейтін шикізат елде табыла ма? Әлде оның бәрін шетелден таси ма? Бірақ қант құрағының импортына Еуразиялық одақ квоталық қатаң шектеу енгізген. Содан шетелдік инвесторлар, алғашқы жылдардың өзінде-ақ шикізат тапшылығына тап болмай ма?
Бүгінде сала бизнесінің болашаққа сеніміне селкеу түскен жайы бар. Ел болса, тәттіге құмартуын жалғастырды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында ел ішіндегі қантқа, шоколадқа және қантты кондитерлік өнімдерге деген сұраныс бірден 21,2%-ға өсіпті.