Жаңа жылда дәрі-дәрмек қымбаттайтын болды

1572

Билік қымбатшылықтың "елеусіз", 10 пайыздай болатынынан үміттенеді.

Жаңа жылда дәрі-дәрмек қымбаттайтын болды Фото: canva.com

Қазақстандағы дәріханаларда бір айдан соң спирттік негізде жасалған барлық дәрі-дәрмек қымбаттағалы тұр. 

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай медикаменттердің санаты өте ауқымды және арасында халық кең тұтынатын, бірінші кезекте қажетті препараттар да жетерлік. Бұларға медициналық спирт, йод пен "зеленкадан" бастап, түрлі тұнба, ішірткілер, бірқатар кардиопрепараттарға дейін жатады.

Бұған не себеп? Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, дәрілік заттардың өндірісінде пайдаланылатын спиртке де акциз салығын салуға шешім қабылдады.  

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты растады. Ведомствоның түсіндіруінше, 2022 жылы Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, енді келесі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын спиртке әрбір литрі үшін 600 теңге мөлшерінде акциз салынатын болады.

Сарапшылар Үкіметті бұған салықтардың аз жиналуы итермелеп отыр деп тұспалдады. Шынында, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың мәліметінше, салықтар бойынша жоспарлар орындалмай тұр.  

"Биылғы 10 айдың қорытындысында республикалық бюджетке 10,5 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 92,8 пайызға ғана орындалды. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы жөнінде жоспардың орындалмауы – 294 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23 пайызға азаюымен байланысты", – деді вице-министр.

Содан Үкімет мүмкін болатын барлық саланы, соның ішінде әлеуметтік маңызды салаларды да салықпен молырақ қамтуға жанталасып жатқанға ұқсайды. Өйткені келесі жылы билік бюджеттік шығындар жөнінен ел тарихында ешқашан болмаған рекорд жасамақ. Жаңа Парламент мақұлдаған 2024 жылғы республикалық бюджеттің шығысы 24 триллион теңгені құрайды. Бұл тіпті 2023 жылғы бюджет шығыстарынан 1,5 триллион теңгеге көп. Осынша ұланғайыр қаражат нысаналы жеріне жұмсалса, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе жөн.

Отандық фармацевтикалық қауымдастық дабыл қағуда. Медициналық спиртке салмақты салық салынуы бірқатар дәрілердің, мысалы, түрлі емдік тұнба-ішірткілердің екі есеге дейін қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Кіріс іздеген Үкіметтің бұл салаға қол сұғуы отандық дәрі өндірушілерге де ұнамай тұр. Өнімдерінің өзіндік құнының көтерілуі олардың ішкі және жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін құлдыратады.

Қазақстандық фармацевттер онсыз да отандық нарықты Еуразиялық одақтың көмегімен Ресей және Беларусь препараттары жаулап алғанына шағымданады. Мысалы, дәріханалардан басқа түгіл, қарапайым парацетамол мен белсендірілген көмірдің қазақстандық баламасын табу мұңға айналды. Дәріханалармен келісетін ресейлік фармалпауыттардың дилерлері олардың жергілікті өнімдерді сатуға қабылдамауына қол жеткізетін көрінеді.

"Атамекен" ұлттық палатасының басқарушы директоры – Медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманованың болжамынша, келесі жылы дәрі-дәрмектердің бағасы 30-дан 100 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Мысалы, долана-боярышник тұнбасының 100 миллилитрінің өндіруші ұсынатын бағасы 191 теңгеден 395 теңгеге дейін шарықтап кетуі ықтимал.

Сарапшы бағаның көтерілуі жүрек дерті бар қазақстандықтар тұтынатын корвалолға, шүйгіншөп-валерьян тұнбасына, календулаға, балаларға арналған йод пен бриллиант жасылына (зеленка), буындардың ревматизм кезіндегі сырқырауларына қарсы қолданылатын меновазинге, ротоканға және басқа да дәрілерге қатысы болатынын ескертті.

"Оның үстіне акциздің енгізілуі кесірінен құрамында спирті бар препараттарды сатып алуға жұмсайтын барлық ауруханалардың шығындары да өседі. Салық кодексіне бұл норманы 2022 жылғы желтоқсанда қабылдады. Оны енгізуді отандық фармацевтикалық сала өкілдерімен талқылаған жоқ", – деп хабарлады журналистерге Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі.

"Атамекен" палатасы қол қусырып қарап отырмаған көрінеді, заңнамаға түзетулер енгізіліп, бұл кесірлі норманың жойылуына қол жеткізуге тырысады. Әзірше "бұл мәселені шешу бойынша консенсус жоқ".

Денсаулық сақтау министрлігі де салықшылардың лоббиімен бұл баптың қабылдануына қарсы болыпты. Бірақ Үкіметте Қаржы министрлігінің ықпалы зор. "Бірінші скрипканы" сол ойнайды.

Денсауминінің ұстанымынша, аталған акциз спирттік ерітінділерден бастап, медициналық спирттік салфеткалардың, дезинфекциялаушы ерітінділердің, басқа да медициналық бұйымдардың бағасының өсуіне түрткі болмақ.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті өз дәйектемелерін ұсынды. Ол мұның бәрін бос байбалам деп санап, проблеманың ауқымын кішірейтуге, маңызын төмендетуге, мәнсіз етуге тырысты.

"Былтыр Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын спиртке 1 литрі үшін 600 теңге акциз салығы салынатын болады. Бұл 1 мл спиртте акциздің сомасы небәрі 60 тиынды құрайтынын білдіреді. Дәрілік заттарды өндіруде спирттің аз ғана мөлшері қолданылады. Дәрі-дәрмектерде спирт неғұрлым аз болса, бағасы да соғұрлым елеусіз өседі", – деп сендіруге тырысты Мемкірістер комитеті.

Ведомство өз есеп-қисабын ұсынды. Мәселен, бекітілген Технологиялық регламентке сәйкес, 25 миллилитр көлемдегі Аналық шөп тұнбасын (настойка пустырника) өндіру үшін 20,4 мл спирт қажет. Мұндай жағдайда бір құтыдағы акциздің сомасы небәрі 12,2 теңгені (60 тиын*20,4 мл) құрайды. Тиісінше, бір құтыдағы тұнбаның бағасы 9,4 пайызға қымбаттайды және 142 теңгені құрайды (қазір дәріханалардағы бағасы 130 теңге).

"Егер "зеленка" жасыл ерітіндісін алсаңыз, 10 мл көлеміндегі бір құты ерітіндісін өндіру үшін 6 мл спирт қажет. Бір құты үшін акциз сомасы 3,6 теңгені құрайды. Тиісінше, бір құтының бағасы тек 2,8 пайызға артып, 134 теңгені құрайды. Бүгінде дәріханалардағы бағасы 130 теңге. Басқа дәрі-дәрмектер бойынша да бағаның шамалы өсуі болады. Мысалы: валериан тұнбасы құтысының құны (30 мл) 16 теңгеге немесе 10,8% өседі. Ротокан құтысының құны (100 мл) 20 теңгеге немесе 4,1% өседі, Меновазин құтысының құны (50 мл) 21,6 теңгеге немесе 7,4%-ға өседі. Осылайша, дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай өсуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Мұның бәрі әрине, ақталу, алдарқату ғана. Акциз салдарынан бірқатар дәрілердің 10,8 пайыз қымбаттайтынын мемлекеттік орган да растап отыр. Ал халықтың табысы соншаға өспейді, керісінше, құлдырауда.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің мәліметінше, биыл ірі салық төлеушілер салықты жөнді төлемеген. Салдарынан, 2023 жылы корпоративтік табыс салығының жоспары орындалмады. Себебі, 294 ірі салық төлеуші мәлімделген аванстық төлемдерінің сомасын бірден 23 пайызға азайтыпты.

Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар да орындалмады, өйткені тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемі төмендеді.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша да жоспар орындалмады. Негізгі себебі экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан ставкасының болжамды көрсеткіштен 9 пайызға төмендетілуімен байланысты болды.

"Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12 пайызға төмендеуі әсер етті", – деп мәлімдеді Қаржы министрінің орынбасары.

Ауқаттан арын да май басқан алпауыттарды сілкілеу орнына Үкіметтің сырқаттар зәру дәрі-дәрмекті қымбаттататын қадамға баруы, сөйтіп онсыз да ыңыршағы айналған бұқараға ауыртпалық түсіруі әділетті ме?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу