Жаңа жылда зейнетақы бірден 35% өседі, бірақ бір гәп бар

752

Еуразиялық одақтың негізін қалаушы елдер 2026 жылы қарияларды қалай жарылқайтындарын жариялады.

Жаңа жылда зейнетақы бірден 35% өседі, бірақ бір гәп бар Фото: informburo.kz

Inbusiness.kz хабарлағандай, келесі жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге дейін ұлғаяды. Қазір ол 62 771 теңгеге жетті. Мұндағы өсім 6 278 теңгені немесе 10%-ды ғана құрайды. Сонымен қатар базалық зейнетақы төлемі де артып, 35 596 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім көлемі – 3 236 теңге. Жиынтығында, Қазақстанда 2026 жылы индексациядан кейін ең төменгі зейнетақы 104 645 теңге, ал, ең жоғары зейнетақы – 238 412 теңге болады.

БР Еңбек министрлігінің мәліметінше, Беларусьтегі зейнетақы 2026 жылы 14,5%-ға өседі. Нәтижесінде, бұл "одақтаста" орташа зейнетақы 1 107 беларусь рубліне (шамамен 197 мың теңгеге) жетеді. Осылайша, зейнетақыны өсіру жөнінен Беларусь Қазақстаннан басып озды.

БР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Наталья Павлюченко биыл зейнетақыға 26 миллиардтан астам беларусь рублі шығындалғанын хабарлады (ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша бұл шамамен 4,6 триллион теңгеге тең). Ал, 2026 жылы Әлеуметтік қорғау қорынан зейнетақы төлеуге жалпы көлемі 31,1 миллиард беларусь рублі (шамамен 5,5 триллион теңге) бөлінеді.

Дегенмен, бейнетінің зейнетін көрер жасқа жеткен азаматтарына "жомарттық" жасау жөнінен Ресей Беларусті де артқа тастайтын түрі бар. Алайда мұнда бір "кілтипан" анықталды. Ең ірі өсімді тек жасы 80-нен асқан қарттар ғана алатын болады. Қалғандарына азын-аулақ тиын-тебенді місе тұтуға тура келеді.  

Ақпарат құралдарының мәліметінше, 2026 жылы РФ-та зейнетақы 7,6% өседі. Бұл көрсеткіш "2025 жылдың қорытындысында Ресейдегі инфляция 6,8%-ды құрайды" деген болжамнан шығарылған. Жылдық инфляция биылғы қараша айының қорытындысында 6,64% болды.

Келер жылғы индексация жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық зейнеткерлерді қамтиды. Солтүстік көршіде ең көп таралған зейнетақы түрі – "қарттығы бойынша сақтандыру зейнетақысы": ол зейнеткерлік жасқа жеткенде, қажетті көлемде еңбек өтілі мен зейнетақы ұпайлары болса, жұмыс істейтін азаматтардың көпшілігіне тағайындалады. Бұдан бөлек, әлеуметтік зейнетақы және мемлекеттік зейнетақы дегендер бар.

Сондықтан "Ресейдегі зейнетақы" дегенде сарапшылар көбіне қарттығы бойынша сақтандыру зейнетақысын назарға алады. Дәл осы зейнетақының ең көп өсуі Чукоткада тіркеледі: 3,2 мың рублге көбейеді.

Қарттық жасқа жетуі бойынша зейнетақы сондай-ақ Ненецк автономды округінде "қомақты", 2,9 мың рублге, Магадан облысында – 2,8 мың рублге артады.

Зейнетақы төлемдері мейлінше ұлғаятын өңірлердің ондығына сондай-ақ Камчатка өлкесі (2,8 мың рубль қосылады), Ханты-Мансы және Ямал-Ненецк автономды округі (2,7 мың рубль), Саха республикасы (Якутия), Мурманск пен Сахалин облыстары (әрқайсысында 2,5 мың рублден), сондай-ақ Коми республикасы (2,4 мың рубль) кірді.

Ресейде зейнеткерлердің қарттығы бойынша сақтандыру зейнетақысының орташа мөлшері 7,6%-ға өсіп, 2025 жылғы 25 826 рублден 2026 жылы 27 788,8 рубльге жетеді. Бұл ҚРҰБ ресми бағамы бойынша 180,6 мың теңгеге барабар.

Зейнетақыны бір-ақ рет индекстеп, көтеретін Қазақстаннан бір айырмашылығы, егер нақты инфляция болжалған деңгейден жоғары болып шықса, РФ-та индекстеу мөлшерлемесі қайта қаралып, зейнетақы көлемі 7,6%-дан көбірек арттырылуы мүмкін. Сондай жағдай көршіде 2025 жылы болды: бастапқыда болжалған көлем бойынша зейнетақы 7,3%-ға өсірілді де, кейін қосымша өсім енгізіліп, жалпы индекстеу мөлшерлемесі ақырында 9,5%-ға жеткізілді.

Бұдан бөлек, көршіде "Ресей қаһармандарына" ("Герой России") – 104 871 рубль (шамамен 681 мың теңге) төлемақы төленеді.

Қазақстанда "Халық қаһарманына", "Қазақстанның Еңбек Еріне", "Кеңес одағының батырына", "Социалистік Еңбек еріне", "Еңбек даңқы" орденінің иегерлеріне және ғарышкерлерге ай сайын бюджеттен 138,63 АЕК төлем аударылады: айлық ақша 2025 жылғы – 545 093 теңгеден 2026 жылы 599 575 теңгеге дейін өседі.

Сонда 35 пайыздық өсім қайда?  

2026 жылдың басында Ресейде 80 жастан асқан зейнеткерлердің зейнетақысы ең көп өскелі тұр.

Экономика ғылымдарының кандидаты, РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің доценті Игорь Балыниннің түсіндіруінше, бұл санаттағылар үшін өсім 2025 жылдың желтоқсанында алынған сомамен салыстырғанда шамамен 35%-ды құрайды.

Сарапшы әлгінде айтылған стандартты индекстеу сыртында 80 жастан кәрі зейнеткерлер қосымша 11 000 рубль алатынын еске салды. Бұл сома екі компоненттен тұрады: 9 580 рубль көлемінде бекітілген төлем және 1 414 рубль көлеміндегі күтім бойынша жәрдемақы.

"Мұндай зейнеткердің сақтандыру зейнетақысы 2025 жылдың желтоқсанында 40 000 рубль болды деп алайық. 2026 жылдың қаңтарында алатыны 54 000 рубльге дейін артады. Сонда біздің зейнеткердің қаңтардағы қарттығы бойынша сақтандыру зейнетақысы желтоқсанмен салыстырғанда 35%-ға жоғары болады", – деді Игорь Балынин Gazeta.Ru-ға сұхбатында.

Мұндай өсім динамикасына сақтандыру зейнетақыларының 7,6%-ға индексациялануы, бекітілген төлемнің (фиксированная выплата) екі еселенуі және күтім бойынша жәрдемақының қосылуы ықпал етеді.

Қорытындысында, 80 жастан асқан ресейлік көптеген зейнеткер айына 351 мың теңгедей (54 мың рубль) зейнетақы алатын болады. Сондықтан зейнетақы төлемдерінің көлемі жөнінен Ресей бәрібір ТМД көлеміндегі лидер болып қала береді.

Солтүстік көршіде тағы бір "қызықты" оқиға орын алуда: осы айда ресейлік зейнеткерлер бір емес, бірден екі зейнетақы алып жатыр. Өйткені РФ 12 күндік "жаңажылдық" ұзақ каникулға кетеді. Ол күндері мемлекеттік мекемелердің ешқайсысы істемейді. 2025 жылдың 31 желтоқсанынан 2026 жылдың 11 қаңтарына дейін созылатын "Жаңа жыл" мерекелік күндеріне байланысты зейнетақы төлеу тәртібі өзгертіліп отыр.  

Осыған орай ресейлік зейнеткерлер қаңтар айындағы индекстелген зейнетақысын да желтоқсан айының соңында алады. Зейнетақыларын "Ресей поштасы" арқылы алатындардың шотына қаңтарлық төлемдер мереке алдындағы соңғы жұмыс күнінде түседі.  

Әйтсе де, сарапшылар Ресейде соғыс пен санкция аясында тоқтаусыз өршіген қымбатшылық аясында егде жастағы ресейліктердің көпшілігі алатын 27 788,8 рубль орташа зейнетақының ештеңеге жетпейтінін қаперге салды. Өзге азық-түлікті, киім-кешекті, коммуналдық қызметтер ақысын және басқасын қоспағанда, бүкіл зейнетақыға 28 келі сиыр етін ғана сатып алуға болады.

"Бір қарағанда, зейнетақылар бойынша 7,6%-ға өсім елеулі көрінгенімен, Ресейде өмірлік маңызды тауарлар бағасының да үлкен қарқынмен өсіп бара жатқанын ескерген жөн. Яғни, осы индексация сол қымбатшылықтың тек бір бөлігін өтеуі мүмкін. Салдарынан, зейнетақы қанша өссе де, зейнеткерлердің сатып алу қабілеті пропорционалды түрде өспейді", – деп жазды Рrufy.ru.

Оның үстіне сақтандыру зейнетақысын алмайтын, тек "әлеуметтік зейнетақыны" қанағат қылатындардың төлемі жаңа жылда тек 6,8%-ға артады. Бұл өсім олардың қаржылық жағдайын түбегейлі өзгертпейді.

Салдарынан, ресейлік портал сарапшыларының пікірінше, Ресейде зейнетақы – қарттардың тұрмысын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру тетігі емес, өлместің күнін кешу, қаражатын күнкөріс минимумына жеткізу құралы ретінде ғана қызмет етеді.

Бұған қоса, Ресей зейнетақы жасын алда 75 жасқа дейін жоғарылату мәселесін талқылап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу