Жаңадан сатып алынған әр екінші көлік Қазақстанда жасалған

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
18170

Автоөндірушілер келер жылы абсолют рекорд орнатпақ.

Жаңадан сатып алынған әр екінші көлік Қазақстанда жасалған

Былтыр Қазақстанда 30 мың көлік құрастырылды. Бұл алдыңғы жылмен 78,8% пайызға артық. Айта кетейік, 2013, 2014 жылдары Қазақстанда шығарылған көліктер саны тиісінше 37,5 және 36,2 мыңға жеткен еді. Дегенмен, 2016 жылы көрсеткіш 5,2 мыңға дейін құлдырап кеткен болатын.

Құрастырылған көліктердің 60,8%-ы, яғни 18,3 мыңы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Өскемендегі "Азия Авто" АҚ өндірісті былтырғыдан 59,9%-ға көбейтіп отыр. Осы зауыттың өзі биыл өндірісті 30 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр екен. Зауыт серіктестерінің қатарында Volkswagen Group, General Motors, Renault-Nissan-АвтоВАЗ мен KIA Motors концерндері бар екені белгілі. Зауыт LADA (Granta, Vesta, Xray, Largus, Kalina, 4×4), ŠKODA (Octavia, Rapid, Superb, Yeti, Kodiaq), Chevrolet (Aveo, Captiva, Cruze, Tracker), KIA (Rio, Cerato, Optima, Cadenza, Quoris, Picanto, Soul, Sportage, Sorento, Mohave) көліктерін шығарады.

Компания басшылығының мәліметінше, былтыр компания конвейерінен 14 жаңа және жаңартылған модельдер шыққан. 2019 жылы олардың қатарына тағы 6 модель мен 4 бренд қосылмақ. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңадан алынған әрбір үшінші көлік осы зауыттан шығады екен.

Қазақстанда шығарылған көліктердің 39,2%-ы Қостанай облысына тиесілі. Қостанайда былтыр шыққан көлік саны алдыңғы жылдағыдан екі есеге өсіп, 11,8 мыңға жеткен. Қостанайдағы "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС JAC, Peugeot, IVECO, ANKAI, Hyundai, Ravon, Chevrolet Niva көліктерін шығарып, Қазақстанның барлық өңірінде дилерлік орталықтар ашқан.

Алдын ала болжам бойынша, 2019 жылы Қазақстанда шығарылған автокөлік саны 40 мыңнан асып, абсолют рекордқа жетпек.

Алдыңғы жылы қазақтардың сатып алған жаңа көліктерінің әрбір үшіншісі отандық өнім болса, былтыр әрбір екінші көлік Қазақстанда құрастырылған екен. Осы орайда импортталатын көліктер саны да былтыр ішкі өндірістің өсуі себепті 3,3% азайған.

"ҚазАвтоӨнеркәсіптің" мәліметінше, өткен жылы ресми дилерлер 57,9 мың көлік сатып, былтырғы көрсеткішті 24,9% көбейткен. Сатылым көлемі көбейгенімен, экспорттың былтырғыдан азайып кеткені байқалады. Мәселен, алдаңғы жылы Қазақстан шығарылған көліктің 4,4 пайызын шетелге сатса, былтыр көрсеткіш 1%-ға түсіп кеткен екен.

Сонымен қатар, былтыр Қазақстан бойынша сатылған барлық көліктің 29,6 мыңы яғни 51,1%-ы импорт болса, 28,3 мыңы 48,9%-ы отандық өнім болған.

Айта кетейік, жақында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" бағдарламасы секілді отандық автокөліктерді несиелендіруге арнайы бағдарлама бекіту керектігін ұсынған. Мемлекет басшысы ұсынысты толығымен қолдайтынын айтып, автокөлік өндірісінің артуы экономикаға жан-жақты пайда әкелетінін мәлімдеген. Осы орайда автоөндірушілердің келер жылға 40 мыңды көздеп отырғаны бекерге емес секілді.  

Қазақстанда ең өтімді көліктердің көш басында Lada (13,4 мың сатылған), одан кейін Toyota (12,3 мың) Hyundai (8,7 мың), KIA (2,9 мың) және GAZ (2,7 мың) көліктері. Сонымен қатар үздік ондықта Nissan (2,4 мың), Renault (2 мың), Ravon (1,7 мың), Volkswagen (1,5 мың) және UAZ (1,5 мың) бар. Отандық өнімдер ішінде ең көп сатылатыны Skoda (835 көлік), Ravon (552), Peugeot (149) және SsangYong (16).

Қазақстандық ең ірі дилер ретінде "Бипек Авто – Азия Авто" сақталуда. Бұл компания былтыр ел бойынша сатылған барлық көліктің 31,5%-ын сатқан екен. Тағы 22,8%-ын "Астана Моторс" компаниясы сатса, үздік ондық ішінде "Вираж" (8%), "Тойота Сити Алматы" (5,3%), Allur Auto (2,5%), Mercur Auto (2,5%), "Тойота Жетісу Орталығы" (2,3%), Aster Auto (2%), "Автомир" (2%) и "Тойота Атырау Орталығы" (1,2%) бар.

Жаңа авто ең көп сатылған өңір ретінде Алматы қаласы аталады. 2018 жылы алматылықтар 15,5 мың авто сатып алса, Астана тұрғындары 10,4 мың, атыраулықтар 4,3 мың жаңа көлік мінген. Одан кейін тиісінше Шымкента (3,8 мың), Қарағанды (3,6 мың), Қостанай (3,5 мың), Орал (2,6 мың), Өскемен (2,4 мың), Ақтау (2,3 мың) және Ақтөбе (2,1 мың) қалалары.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу