Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты іс бойынша WBO ресми шешім шығарды. Боксшының допинг-сынамасынан мельдоний табылғаны расталғаннан кейін ұйым тәртіптік шара қолданды.
2026 жылғы 19 ақпанда WBO жариялаған мәлімдемеге сәйкес, қазақстандық спортшы бір жыл мерзімге дисквалификацияланды. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл осы күні ұйымға талдаудың нәтижесі туралы ресми хабарлама түскен.
Соған қарамастан, WBO Әлімханұлының әлем чемпионы атағын сақтап қалуына мүмкіндік берді. Комитет спортшының бұған дейін допингке қатысты тәртіп бұзбағанын, тергеу барысында ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін жеңілдететін жайттар ретінде ескерді.
Дисквалификация мерзімі аяқталған соң Жәнібек алғашқы жекпе-жегін WBO нұсқасы бойынша уақытша чемпионмен немесе міндетті үміткермен өткізуі тиіс. Оған дейін аралық немесе көрме жекпе-жектерін ұйымдастыруға тыйым салынған. Егер қойылған талаптар бұзылса, ұйым қосымша рәсімдерсіз-ақ боксшыны титулдан айыру құқығын сақтап қалады.