Жәнібек Әлімханұлы IBF чемпиондық белбеуінен айырылды

150

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

Жәнібек Әлімханұлы IBF чемпиондық белбеуінен айырылды Фото: Жеке парақшасынан

Ұйымның ресми хатына сәйкес, бұл шешім 2026 жылғы 5 наурызда IBF директорлар кеңесінің телеконференциясында қабылданған. Оған боксшының чемпиондық титулын белгіленген мерзімде қорғай алмауы себеп болған.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасынан мельдоний анықталған. Алайда Қазақстан кәсіби бокс федерациясы жүргізген тексеріс нәтижесінде бұл препарат спортшы тарапынан медициналық тұрғыда негізделген шұғыл емдеу барысында қабылданғаны анықталған.

Соған қарамастан, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби бокстан 2026 жылдың 31 мамырына дейін уақытша шеттетілді. Ал IBF ережесіне сәйкес, антидопингтік талаптарды бұзғаны үшін шеттетілген боксшы 1 жыл бойы ұйым рейтингінде бола алмайды және IBF аясындағы жекпе-жектерге қатыса алмайды.

Жәнібек Әлімханұлына қатысты шеттету мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін есептеледі. Осыған байланысты қазақстандық боксшы 2026 жылғы 4 шілдеге дейін өтуі тиіс міндетті чемпиондық жекпе-жегіне қатыса алмайды.

Осы жағдайды ескере отырып, IBF басшылығы орта салмақтағы әлем чемпионы титулын дереу босату туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу