Жәнібек Әлімханұлының ағзасына мельдоний препаратының қалай түскені белгілі болды

116

Мельдоний ағзада тоғыз айға дейін сақталуы мүмкін.

Жәнібек Әлімханұлының ағзасына мельдоний препаратының қалай түскені белгілі болды

Жәнібек Әлімханұлының ағзасына мельдоний препаратының қалай түскені белгілі болды. Бұл туралы америкалық журналист Стив Ким мәлімдеді. 

– Есепке сәйкес, 7 мамыр күні Әлімханұлы қатты бас ауруы, жүрек айнуы, құсу және бас айналу сияқты белгілермен Adam Clinic клиникасына жүгінген. Бұл жағдай 25 сәуірде Астанада өткен Анауэль Нгамиссенгеге қарсы жекпе-жектен кейін болған.

Емдеу барысында оған құрамында мельдоний бар Ripronat препараты тағайындалған. Ресми есепте бұл дәрі "жағдайдың өткір сипатына байланысты тамыр ішіне енгізілгені" көрсетілген, – дейді Стив Ким. 

Ал қазақстандық боксшының менеджері Эгис Климас былай дейді:

– Біз анықтағандай, мельдоний ағзада тоғыз айға дейін сақталуы мүмкін. Ол клиникада ем қабылдаған кезде алдағы жекпе-жектері жоспарланбаған еді және WADA тестілеу бағдарламасына қатыспаған. Дәрігерлер оны бұл елде тіпті рецептісіз берілетін толықтай заңды дәрілермен емдеді, – деп мәлімдеді  Эгис Климас.

Ресми шешімде "мельдонийді қабылдау медициналық тұрғыдан негізделген шұғыл көмек аясында ғана жүзеге асқан" деп көрсетілген. Сонымен қатар, Әлімханұлының "мінсіз антидопингтік тарихы" ескерілген. Ол 2016 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен кезеңде бірнеше рет тексеруден өтіп, барлық нәтижелері теріс болған.

IBF бұл іс бойынша қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Ал WBO өткен аптада Әлімханұлын бір жылға дисквалификациялап, сонымен бірге чемпиондық белбеуін сақтап қалуына мүмкіндік берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу